Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігін беретін «Стоп-кредит» қызметінің бар екенін еске салады.

Сурет: gov.kz
«Стоп-кредит» болған кезде қаржы ұйымы қарыз беруден бас тартуға міндетті.
Сонымен бірге, заңнамада «Стоп-Кредит» қолданылмайтын ерекше жағдайлар көзделген.
Егер:
- тұтынушылық қарыз сомасы тікелей тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына аударылып, ал тауардың, жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің алынғанын қарыз алушы растайтын болса (тауар кредиті);
- банктік қарыз қарыз алушының сол банктегі басқа қарыз бойынша берешегін өтеу үшін берілсе (ішкі қайта қаржыландыру);
- банктік қарыз төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын мөлшерде белгіленген кредиттік лимит шеңберінде берілетін болса (тауарларға/көрсетілетін қызметтерге төлем жасау үшін жаңартылатын кредиттік лимит);
- банктік қарыз ақшаны тиісті мақсатына қарай аудару арқылы тек салықтар, айыппұлдар немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті төлеу үшін берілетін болса, банктік қарыздар үшін тыйым салу қолданылмайды.
«Стоп-кредит» болған кезде мыналар:
- тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін тікелей сатушыға (өнім берушіге) төлем жасау;
- сол микроқаржы ұйымындағы берешекті қайта қаржыландыру;
- салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеу үшін микрокредит беруге болады.
Ломбардтар беретін микрокредиттерге «Стоп-кредит» қолданылмайды.
Егер банктік қарыз (микрокредит) «Стоп-кредитті» бұзу арқылы берілсе, қаржы ұйымы несие берешегін есептен шығару, кредиттік тарихты түзету және қарыз алушыдан өндіріп алынған соманы қайтару жөніндегі заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
«Стоп-кредит» тетігі банк немесе микроқаржы ұйымы банктік қарыз (микрокредит) беру кезінде сақтауға міндетті болатын басқа талаптардың күшін жоймайды.
Көптеген пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді.