Орал қаласында Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлім аумағында жастар арасында әскери қызметке деген идеологиялық жұмысты жандандыру мен патриотизмге тәрбиелеу мақсатында Орал қаласындағы жоғарғы оқу орындарының 70-ке жуық студенттері қатысқан «Ашық есік» күні шарасы ұйымдастырылды.
Әскери бөлімге келген жоғарғы оқу орнының студенттерін бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жәнібек Сарсенов қарсы алды. Бөлім командирінің орынбасары келген қонақтарға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқаратын негізгі міндеттері мен жауынгерлік тапсырмаларын жеткізді. Келген қонақтарға әскери бөлімнің жеке құрамы арнайы дайындаған көрме нысандары ұсынылды. Әскери бөлімге келген студенттерді әскери бөлім аумағымен толықтай таныстырды. Студенттер саптық алаңда әскери жауынгерлік техникалармен, сондай-ақ қару-жарақ түрлерімен танысып, сарбаздардың жататын казармалық үй-жайына бағыт алды.
Қонақтар бөлімнің аумағымен танысып болғаннан кейін, әскери бөлімнің клубында әскери жоғары оқу орындарға тарту мақсатында Ұлттық ұланның академиясы туралы бейнероликтер көрсетіліп, бөлім командирінің орынбасары подполковник Жәнібек Сарсенов әскери оқу орны туралы тереңірек түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын өткізді. Шараның соңы 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Шара соңында студенттердің әскери жетекшілері «Ашық есік» күнін ұйымдастыруға ат салысқан бөлім ұжымына алғыстарын білдірді.
Ертуған Әубакир,
капитан