Ел аумағында 20 мыңнан астам білім саласының қызметкері су тасқынына ұшыраған өңірлерде белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мәлім етті.
«Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша 6 сәуірден бастап 11 балаларды сауықтыру орталықтарына зардап шеккен өңірлерден балаларды қабылдау басталды. Мұнда сауықтырумен қатар оқу процесі де ұйымдастырылады. Балаларды қабылдаудың алғашқы күнінде Ақмола облысындағы «Жас дәурен» балаларды сауықтыру орталығы 80-нен астам баланы қабылдады», - деді Мереке Амангелдіқызы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, балаларды сауықтыру орталықтарына ұйымдасқан әрі қауіпсіз тасымалдаудың іс-қимыл алгоритмі әзірленді.
«Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам білім саласының қызметкері волонтерлер қатарында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда. Оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр», - дейді ол.
astanatv.kz