Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында жергілікті тұрғындармен және «гидромелиорация» мамандығының студенттерімен кездесу өткізді.

Жиында су шаруашылығы саласының өзекті мәселелері, өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі және салаға білікті кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.
Министрдің сапары су шаруашылығы саласының алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылауға, өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен танысуға және сала үшін білікті мамандар даярлау ісіне арналды.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Министрдің «гидромелиорация» мамандығының студенттерімен кездесуі ерекше маңызға ие болды. Айта өтейік, бұл мамандық бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті 2025 жылы алғаш рет студенттер қабылдай бастады.
Сонымен қатар кездесуде су шаруашылығы саласының тәжірибелі мамандары да сөз алды. Мамандар студенттерге аймақтағы су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық құрылыстарды бақылау және суармалы жерлерді дамыту мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ су пайдалану лимиттері, экологиялық қауіпсіздік талаптары және су үнемдеу технологияларын енгізу барысы туралы кеңінен айтылды.
Министрлік су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. 2026-2027 оқу жылында «гидромелиорация» мамандығы бойынша жүз білім гранты бөлінген. Бұл – салаға деген мемлекеттік қолдаудың айқын көрінісі.
Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарында су мамандықтары бойынша 2 629 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 2 393 студент бакалавриатта, 126 студент магистратурада және 110 студент докторантурада оқиды.
Министрдің өңірге сапары су шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын көрсетті. Су қауіпсіздігін ұлттық деңгейдегі басты басымдық ретінде жүзеге асыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – сапар барысында айтылған негізгі тезистердің бірі болды.
«Гидромелиорация» сияқты мамандықтардың ашылуы мен дамуы – елдің агроөнеркәсіптік кешені үшін стратегиялық маңызға ие. Студенттер сала мамандарымен тікелей сұхбаттасу арқылы практикалық тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болды, ал министрлік тарапынан көрсетілген қолдау болашақ инженерлердің кәсіби өсуіне сенімді негіз қалайды.
Студенттердің бірі: «Бұл кездесу бізге жақсы әсер қалдырды, алдағы оқуға қажетті мәліметтер алдық. Елдегі су мәселесі жайлы толық ақпарат білдік. Осындай кездесулердің студенттерге берері мол», – деп өз әсерімен бөлісті.
Жадыра Тасанова,
Бибінұр Мұсаева
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ
Индустриалды-технологиялық институтының аға оқытушылары