14.06.2026, 9:00
Оқылды: 7

Су саласының мамандарына сұраныс жоғары: талапкерлерге 751 грант бөлінді

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

_gluster_2026_6_10_1b39fb117e11aa7a3147784da7a86467_1280x720

Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері пысықталды.

Отандық гидрометеорология мен су жүйесін дамыту мақсатында 2026-2027 оқу жылына жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін 751 мемлекеттік білім гранты қарастырылып отыр. Оның ішінде болашақ гидромелиораторлар мен сумен жабдықтау мамандарына 100 гранттан, гидротехникалық құрылыс бағытына 215 грант, ал су ресурстарын басқару және пайдалану мамандығына 336 грант бөлінді. Бұл тізімге жоғары оқу орындары өз бетінше бөлетін нысаналы гранттар кірмеген, олардың нақты саны осы айдың соңында белгілі болады. Бүгінде еліміздің ЖОО-ларында бұл бағытта 2600-ден астам студент, оның ішінде магистратура мен докторантурада жүзге тарта болашақ ғалым білім алып жатыр.

Министр Нұржан Нұржігітов су саласының жас мамандарын даярлауда теориямен қатар практиканың да маңызды екенін атап өтті. Бүгінде ведомство бейінді білім беретін барлық ЖОО және колледжбен арнайы меморандумдарға қол қойған. Бұл студенттердің «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдарында сапалы өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасайды. Елімізде бұл сала бойынша бос жұмыс орындары жеткілікті, сондықтан «Қазсушар», Ұлттық гидрогеологиялық қызмет пен Ғылыми-зерттеу институты сияқты ірі мекемелер түлектерді бірден жұмысқа қабылдауға дайын.

Алдағы уақытта министрлік Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, алдағы бес жылға арналған кадрлық қажеттілікті нақтылап, гранттар санын жыл сайын реттеп отырмақ.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале