Қазіргі уақытта Түркістан облысының бес елді мекенінде, атап айтқанда Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға, Созақ ауданының Шолаққорған ауылдарында және Арыс қаласында су бұру жұмыстары жүргізілуде, деп жазады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.
ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 13 000 бірлік құм салынған қап төсеу жұмыстары жүргізілді.
Жұмыс жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдарынан 430-дан астам адам, 70-ке жуық техника, 43 мотопомпа жұмылдырылды.
ТЖД күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.
Облыстық және республикалық жедел штабтар қызмет көрсетуде.Облыстық және республикалық жедел штабтар базасында «Жедел желі» телефоны ашылды.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ температуралық фонның жоғарылауы, қардың белсенді еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен