2022 жылғы 30 наурызда Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Евгений Сергеевич Глотовтың төрағалығымен су тасқыны кезеңіне дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңесте ТЖД бастығының, жол қызметі басшыларының, гидротехникалық құрылыстардың теңгерім ұстаушыларының және кейбір аудандар әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
«Қазгидромет» РМК мәліметтеріне сәйкес, максималды қардың биіктігі – 40 см, макималды топырақтың қатуы – 55 см, қар қоры - 116 мм.
Облыс аумағының 50%-да қар әлі сақталуда (Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында, сондай-ақ ішінара Жәнібек, Ақжайық және Казталов аудандарында қар жоқ).
Елді мекендерден 1 млн. 156 мың м3 астам қар шығарылды және 34 мың м3 астам еріген су сорылды. 355 км каналдар мен арықтар тазартылды. Облыстың автожолдарында 1576 су өткізу құбыры, теміржол желілерінде 18 құбыр тазаланды.
Су басу қаупін азайту үшін бүгінгі күні жанар-жағармай материалдарының (249 тонна), қаптардың (101 мың дана), инертті материалдардың (26 мың тонна) қоры дайындалды.
Көктемгі кезеңдегі ТЖ жоюға тартылатын күштер мен құралдардың жалпы топтамасы 2381 адамды, 732 бірлік техниканы, 41 жүзу құралын және 277 мотопомпаны құрайды.
ТЖД және аудан әкімдіктерінің базасында жедел штабтар құрылды, онда тәулік бойы коммуналдық қызметтердің жұмысына мониторинг жүргізіледі.
Жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық су тасқыны кезеңінің ТЖ алдын алу жоспарына және ТЖ жөніндегі облыстық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес жүзеге асырылуда, 24 ақпаннан бастап әкімнің шешімімен азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жоғары дайындық режимі енгізілді.
БҚО әкімдігі