27.06.2024, 18:02
Оқылды: 134

Субұрқақтар қаншалықты қауіпті? Маман жауап берді

Жаз маусымы басталысымен қалада, аудан орталықтарында субұрқақтар іске қосылады. Қазір облыста жалпы саны 35 субұрқақ бар, оның 25-і іске қосылды.

EF59A014-5645-4D91-B1C5-AB693031857A

Фото: pixabay.com

Орал қаласында 20 субұрқағы, Ақсай қаласындағы екі су бұрқағы іске қосылды. Ал Қаратөбе, Жаңақала, Жәнібек ауылдарындағы субұрқақтары енді іске қосылып жатыр. Бұл туралы БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Ләйла Утешева айтты.

«Жыл сайын мамыр айынан қыркүйек айына дейін субұрқақтардың суынан вирусологиялық зерттеуге сынамалар алынып, су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша субұрқақтардың суына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу барысында вирусологиялық зерттеудің вирусты «А» гепатиты, ротовирус, энтеровирус көрсеткіштеріне су сынамалары алынды, сынамаларда оң нәтиже анықталмады.

Жазғы кезде субұрқақтар облыс тұрғындарының назарын аударатын орынға айналады. Ал кейбір тұрғындар, балалар субұрқақтың жанында серуендеп қана қоймай, оған шомылады.

Сондықтан субұрқақта шомылу жіті ішек, респираторлық инфекцияға әкелуі мүмкін. Мұндағы ең негізгі адам организміне қауіп төндіретіні энтеровирустық, ротовирустық инфекциялар, вирустық «А» гепатиті аурулары.

Сонымен қатар вирустық, паразиттік және аса қауіпті ауруларды жұқтыру қаупі де жоғары.

Бұрқақтарда шомылу қауіпті, себебі бұрқақтардағы су ағынды емес, тұйық жүйеде айналымда болады және жануарлардан қалған гельминт жұмыртқаларының жұғуына себеп болуы мүмкін.  

Оның үстіне жоғары ауа температурасында судағы микроорганизмдер тез көбейеді. Әрдайым осы жағдайларды есте сақтау керек.

Бұрқақтарға суға түсу тек ауруларды жұқтыруға әкеп соқтырып қана қоймай, сонымен бірге онда орналасқан құбырлар, сорғылар мен шырағдандар есебінен электрлі және механикалық зақымдалуларға алып келуі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сақтық шараларын сақтауды, субұрқақтың балалардың суға түсетін орны емес екенін ескертеді.

Балаларды бақылаусыз қалдырмаңыздар! Шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу қауіпті екенін ескертіп отырыңыздар», дейді маман.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале