Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, 2030 жылдарға қарай елімізде су ресурстарының көлемі жылына 90-нан 76 текше метрге дейін азаяды. Сонда біз 7-8 жылдан кейін су тапшылығын қатты сезетін боламыз. Су құрылымындағы құрылғылардың жартысының дерлік тозығы жеткен. Айта берсек, проблема көп. Мәселе жылдар бойы қордаланған. Одан қалды елімізде металл өндіретін ошақтардың ағын суға кері әсері көп. Ұлыбританиялық мамандар үш жыл бойы осы мәселені зерделеп, Қазақстанда металл өндірісінің салдарынан 2106 км өзен арнасы ластанады деп болжап отыр. Мамандар мәселені шешу үшін бірқатар жол ұсынды. Металл өндірісінің ағын суға зияны қандай? Қазақстанда су ресурстарын үнемдеп, инфрақұрылымды қалай қаржыландыруға болады? Мамандардың жауабын Kazinform сарапшысы зерделеді.
Еуропа жұрты судың қадірін әлдеқашан түсініп, үнемдеу жолдарын заңмен бекітіп, құбырларын реттеген. Жер бәрімізге ортақ үй болған соң, халықаралық зерттеушілер Орталық Азиядағы су проблемасына да алаңдайды. Елордада мамандар Қазақстандағы ағын суды басқарудың тиімді интеграцияланған жүйесі туралы семинарда сөз сөйлеп, зерттеуін бөлісті.
Су – энергия тиімділігі, климаттың өзгеруі салаларында маңызды роль атқарады. Әсіресе, Ұлыбритания су тапшылығымен әлдақашан күресті бастаған ел. Қазір бұл Қазақстан үшін де маңызды. Суды қайта өңдеу, энергияны үнемдеу енді қозғалып келеді. Су – құнды ресурс. Ағын су туралы айтсақ, одан энергия, таза су, биогаз, гидроэнергия өндіруімізге болады. Жер шарындағы жарты миллиард халық бұл суды қайта пайдалана алады, – деп Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич британдық тәжірибе қазақстандық мамандарға септігін тигізетінін атап өтті.
Линкольн орталығының (Ұлыбритания) директорлары, профессорлар Марк Маклин және Крис Томас, орталықтың тағы бір профессоры Пим Мартенс металл өндіру және оның өзен суына әсерін зерттеген. Оның ішінде, Марк Маклин Орталық Азияда тәжірибе алмасып жүргеніне 10 жыл болған екен.
Біз Орталық Азиядағы осы жүйені зерттедік. Оның ішінде Қазақстанда мұндай металдар өндірілетінін бәріміз білеміз. Металл өндіру кезінде жауапкершілік керек... Біз үш адам болып үш жыл зерттеу жүргізіп, құбыр тұндырғыштар картасын жасадық. Онда жұмыс істеп тұрған және жұмыс істемейтін кеніштердің дүние жүзі бойынша таралуы көрсетілген. Мұндай деректер базасы басқа жерде жоқ. Дүние жүзінде мұндай 182 344 металл кеніші бар және оның 22 609-ы жұмыс істейді. Ал, Қазақстанда мұндай 119 металл кенішінің 83-і жұмыс істейді, – деді зерттеушілердің бірі Марк Маклин.
Ғалымның айтуынша, дүние жүзінде мұндай кеніштерден шығатын қалдықтарды сақтайтын арнайы 11 587 қойма болса, Қазақстанда 21 қалдық қоймасы салынған.
Маман Австралия, Солтүстік Америка, Шығыс Еуропада кеніштер болғанымен, көбіне жұмыс істемейтінін айтты. Ал, Африка, Қазақстанда қазір көп металл өндіріліп жатыр және оның өзен суына кері ықпалы зор. Бұдан бөлек, ғалымдар зерттеу барысында көптеген елден қалдық қоймаларының жарылғаны туралы мәлімет алу қиынға соққанын жеткізді.
- Қалдық қоймаларында апат болғаны туралы ақпарат алу қиын. Дәл қай елдер екенін атамай-ақ қояйын. Бірақ мұндай фактілер бар. Мұндай қалдық қоймаларының өзі экологияға зиян, ал ол жарылса, оның зияны еселенеді, – деді Марк Маклин.
Мамандар металл өндірелетін орындардың халыққа қаншалықты қашықтықта зиянын да анықтаған. Олар мысал ретінде қорғасынды келтірді. Сонда тау-кен кеніштерінен 80 шақырым жерде қорғасынмен ластанған шөгінділер анықталған.
Дүние жүзінде 3 млн-нан аса адам бұрын тау өндірісі болған және соның салдарынан ластанған өзенге жақын жерде тұрып жатыр. Ал, мұндай өндірістің салдарынан созылмалы ауруларға шалдыққан 5 млн адам бар.
- Бұл – үлкен проблема. Сондықтан біз мұндай өндіріс жабылатын кезде де оған мұқият қарауымыз керек. Себебі металл өндірісі тоқтаған орынның зардабы жылдарға созылады. Нәтижелер 23 миллион тұрғыны бар өзендердің тау-кен өнеркәсібінің салдарынан ластануының жаһандық ауыр сипатын көрсетеді, – деп атап өтті сарапшы.
Мамандардың мәліметінше, дүние жүзінде 479 200 км өзен арналары мен 164 000 км2 жер, әлемдегі 5,72 миллион бас мал мен 65 600 км2 суармалы алқап металл кеніштерінің зиянды әсеріне ұшырайды. Тау-кен қалдықтарын ұзақ уақыт қалпына келтіру нәтижесінде ластануға ұшырауы мүмкін адамдардың саны қалдық қоймаларының бұзылуынан 50 есе көп. Ал, Қазақстанда металл өндірісінің салдарынан 2106 км өзен арналары мен 2753 км2 дейін ластану болжанып отыр.
Қазақстандағы су ресурстарын басқару қазір де және алдағы уақытта да мәселе болып қала береді. Қазақстанда ағын суды тазарту жағдайына келетін болсақ, бес жыл бұрын салынған нысандардың тозығы жеткенін көруге болады. Ал, кейде бірнеше жыл бұрын салынып, әлі күнге дейін қызмет етіп жатқанын, бірақ тозығы жеткенін көреміз. Бірақ ол тиімді қызмет етті. Яғни, кей нысан ұзақ жылдарға, ал кейбірі тек 5 жылға ғана жарамды болып тұр. Бүгінде 6 млн текше метр шығарынды суды тазартуға болады. Мұндай суды басқарудың негізгі проблемалары: инфрақұрылымдық нысандардың ескіруі. Ол үшін модернизация керек. Бірақ оның артынан қаржылай шешім керегі шығады. Оған инвестиция тарту қажет, – деді сарапшы.
Алайда, маман елімізде кейбір шешім ұзақ қабылданатынын және соның салдарынан кей жобаларға инвестиция құю жылдарға созылатынын атап өтті. Ал, халықаралық қаржы ұйымдар тарапынан инвестиция құюға дайындары да бар. Бұдан бөлек Узи Сезер Ұлыбританияның экспорттық қаржыландыруынан қомақты қаражат бөлінгенін, бірақ елімізде ешқандай жоба бұл қаржыны пайдаланбағанын жеткізді.
Жиынның маңызы мен елдегі су проблемасының өзектілігіне Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі де тоқталды.
- Қазақстанда су тапшылығы күрделі проблема болғандықтан, бүгінде бұл – мәселе өзекті. Оның ішінде, ағын суды пайдалану да бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында су мәселесінің күрделі екенін атап, тариф саясатын қайта қарау, су үнемдеу технологияларын енгізу, айналма, қайталама суды пайдалануды күшейтуді тапсырды. Мұның бәрі кешенді түрде ағын суды қайта пайдалануға ынталандырады... Енді алдағы уақытта жаңа тариф саясаты енгізілсе, суды қайта пайдалану күшейеді, – деді Су министрлігінің өкілі.
Халықаралық және еліміздегі мамандардың су проблемасын көтеріп жүргеніне жылдар өтті. Алайда ел үкіметі бұл мәселенің қордаланған және ушығып кеткенін енді «түсінгендей». Дегенмен, халықаралық мамандардың атап өткеніндей, әлі күнге дейін шешім қабылдау процесі баяу. Ал, су – күттірмейтін проблема, ештеңеге ауыстырылмайтын ресурс.