15.04.2025, 12:45
Оқылды: 455

Сүйіспеншілік пен сезім мерекесі

Махаббат – адамзат баласына ортақ, барша жүрек тілі. Ол – ұлт пен ұлысты бөлмейді, уақыт пен кеңістіктен тыс ғажайып сезім. Ал қазақ даласындағы Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу хикаясы – мәңгілік махаббаттың символына айналған, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен таза сезімнің өнегесі. 2011 жылы елімізде дәл осы аңыздың құрметіне 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні ретінде белгіленді.

Бұл күн – ғашықтарға сезімдерін ашық айтуға, бір-бірін қадірлеуге, адалдық пен жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін ерекше  мейрам. Батыс мәдениетінен енген 14 ақпанмен шатыстырмай, ұлттық болмысты  дәріптейтін өз мерекеміздің болуы – ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе отбасы құндылықтарын насихаттауда маңызды қадам. Осы сырға толы мейрам қарсаңында біз өңіріміздегі түрлі салада қызмет ететін азаматтарға, өнегелі отбасыларға қысқа сауалнама жіберіп, олардың бұл күн туралы ойларын, махаббат хикаяларын, өмірлік серіктерімен қалай танысқандарын сұрап көрдік. Мақсатымыз – жүрекке жылу сыйлау, оқырманға махаббаттың шапағатын сезіндіру.

  1. Қазақстанда 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні екенін білесіз бе? Бұл күн туралы не ойлайсыз?
  2. Ғашықтар күнін сіз қалай өткізесіз немесе өткізгіңіз келеді?
  3. Жарыңызбен қалай таныстыңыз?

WhatsApp Image 2025-04-15 at 13.20.51Еркін Өтегенов:

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

  1. – Елімізде 15 сәуірдің Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні, яғни Ұлттық ғашықтар күні ретінде белгіленуі – өте орынды деп есептеймін. Себебі ұлтымыздың тарихындағы махаббат символдары – шынайы сезімнің, адалдық пен парасаттың көрінісі. Бұл мейрам жастар үшін тәрбиелік мәні зор, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарға бағытталған ерекше күн. Ғашықтар күні болып белгіленгелі бері бұл мейрам жұртшылық арасында кеңінен тарала бастады. Бірақ әлі де кеңірек насихатталып, тереңірек танылып жатса деген ниет бар. Қазір айналамыздағы аға-апаларымыздың өнегелі өміріне, үлгілі отбасыларға қарап сүйсінеміз, жолдасым екеуміз сондай жарасымды жұптар көп болса екен дейміз. Оның бәрі – сана биіктігі мен парасаттылықтың, махаббатқа деген адалдық пен жарға деген сыйластықтың нәтижесі деп ойлаймын.
  2. – Ғашықтар күнін біз жанұялық мереке ретінде атап өтеміз. Бұл күні үйде дәмді дастарқан жайып, бір-бірімізге жылы сөздер айтып, балаларымызды еркелетіп, ерекше көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Жолдасыммен бірге киноға барып, бірге әдемі уақыт өткіземіз. Өзімізше бұл мейрамға мән беріп, сезімімізді жаңғыртып жатамыз. Ең бастысы, бұл күн тек екі адамның арасындағы махаббатты емес, бүкіл жанұяны біріктіретін жылылық пен қамқорлықты білдіреді. Әсіресе, ер-азамат отбасына, жан жарына, балаларына, жалпы айналасындағы жандарға жиі көңіл бөліп, мейірім мен жауапкершілік танытса, отбасының іргесі берік болады деп есептеймін.
  3. – Өнер адамы болған соң түрлі мәдени іс-шараларда, той-томалақтарда көп жүретініміз белгілі. Сол бір сәттердің бірінде болашақ жұбайымды жолықтырдым, – деп еске алады кейіпкеріміз. – Алғашында жай танысбіліс болып жүрдік, уақыт өте келе достығымыз махаббатқа ұласып, көңіл жарастырдық. Биыл отбасылы болғанымызға 13 жыл толып отыр. Бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ел қатарлы жанұямыз. Біз үшін отбасы – береке мен ынтымақтың, мейірім мен жауапкершіліктің ұясы. Балаларымызға барынша дұрыс тәрбие беруге тырысамыз, алдымен өзіміз үлгі болуға, адал өмір сүруге мән береміз. Ата-анаға деген сыйластық, үлкен мен кішіге құрмет, қоршаған ортаға жанашырлық жайлы жиі сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрып отырамыз. Өнерлі отбасымыз, жолдасым екеуміз қос дауыста ән шырқаймыз, ал балаларымыз би билеуге әуес. Бұл да бірлігіміздің, сүйіспеншілігіміздің көрінісі деп білемін. Ғашықтар күнін де өзімізше атап өтеміз: жылы сөз, ортақ естеліктер, бала-шағамен өткізген әдемі сәттер – бәрі де жүрекке жақын.

WhatsApp Image 2025-04-15 at 13.22.11

Гауһар Шайхиниязова,

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» жетекшісі:

  1. – Иә, бұл мереке бар екенін білемін. Оның көктемнің ең көркем мезгілінде тойлануы да тегін емес деп ойлаймын.
  2. – Өмірде ғашық жандар көп болса, тіршілік сонысымен мәнді де сәнді.

Ғашықтар күнін арнайы атап өтемін деп айта алмаймын. Бірақ ғашық болу – ерекше сезім, оны өмірінде кем дегенде бір рет бастан кешіру керек. Ғашық болған жанның әр күні – мереке. Сүйікті болу – әрбір қыз баланың арманы. Жас күнімізде бұл күнді асыға күтіп, сыйлықтар дайындап, ерекше көңіл күй­мен қарсы алатынбыз. Қазір де бұл күн келгенде жастық шақ еске түсіп, бір-бірімізді құттықтап  жатамыз.

  1. – 2007 жылы студенттік құрылыс жасағы қатарында жүргенде жолдасыммен таныстым. Ол кезде Бәйтерек ауданы (қазіргі Байқоныс) мектебінің құрылысына бірге қатыстық. Екеуміз бес жыл дос болып, кейін шаңырақ көтердік. Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-анамыз.

WhatsApp Image 2025-04-15 at 13.21.40

Наталья Ғазезова,

Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты:

  1. – Мен Қазақстанда 15 сәуірде тойланатын Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнін ерекше жақсы көремін. Бұл – қазақ халқының махаббатқа деген көзқарасын, шынайы сезімге деген құрметін білдіретін, ерекше мейрамдардың бірі. Әр елдің өз махаббат символы болса, біздің елде ол – Қозы мен Баян. Олардың мәңгілік махаббаты қазіргі жастарға үлгі болады деп ойлаймын.
  2. – Биыл бұл ерекше күнді отбасымызбен – жолдасым және кішкентай қызымызбен бірге қарсы аламыз. Біз үшін бұл күн – бір-бірімізге деген сезімімізді нығайтар, жанұялық жылулықты сезінудің тамаша мүмкіндігі.
  3. – Жұбайыммен 2019 жылы Орал қаласындағы патрульдік полиция батальонында жұмыс барысында танысқан едік. Екеуміз де сол кезде қызметте жүрдік. Бірге қызмет ете жүріп, бір-бірімізді жақынырақ тани бастадық. Көп ұзамай арамызда сезім пайда болды. Қазір сол үлкен махаббат пен мықты отбасына ұласты. Сол себепті Қозы мен Баянның махаббат күні – біз үшін жай мереке емес, әдемі естеліктерге, ризашылық пен махаббатқа толы күн.

Жанерке Мерекеқызы,

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале