18.08.2025, 16:00
Оқылды: 95

Сұлу болу да қауіпті: Әйелдер неге сапасыз косметологиядан жиі зардап шегеді

Қазақстандық әйелдер сапасыз косметологиялық қызметтерге жиі шағымдана бастады. Тек жарты жылдың ішінде уәкілетті органға 40-тан астам өтініш түскен. Өткен жылы сұлулық салондарына көңілі толмаған клиенттердің саны бір жарым есеге артты. Көп жағдайда косметолог кабинеттеріндегі манипуляциялар ауыр асқынуларға әкеледі. Бұған көбіне мамандардың төмен біліктілігі себеп. Бірақ басты себептердің бірі – лицензиясы жоқ және қолдан жасалған препараттардың қолданылуы. Сарапшылардың айтуынша, елде көлеңкелі косметология нарығы өркендеп тұр. Мемлекет тарапынан тиісті бақылау жоқ. Осы салада кімдер жұмыс істейді, заңсыз препараттар қайдан келуде және тұтынушы өзін қалай қорғау керек деген сауалдарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

12рппппа 
Сурет: baq.kz

Өткен жылы қазақстандықтар сұлулық салондарына шамамен 90 млрд теңге жұмсады. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтіреді.

Маникюр мен педикюр шеберлері 9 млрд теңгеге жуық табыс тапса, шаштараздардың табысы 66 млрд теңгені құрады. Пластикалық хирургтар 3 мыңнан астам ота жасаған. Ең танымал процедуралар – блефаропластика, ринопластика, маммопластика және липофиллинг. Ал косметологиялық қызметтердің ішінде ең көп сұранысқа ие болып отырғаны – инъекциялық процедуралар. Олар – ботокс пен филлерлер. Сонымен қатар SMAS-лифтинг және басқа да әдістер бар.

Сұраныс ұсынысты тудырады. Әлеуметтік желілерде әртүрлі процедуралардың жарнамасы өршіп тұр. Онда әйелдерге жылдам жасару мен өзгеріс уәде етіледі. Бір мәселе – лицензиясы мен сертификаты бар тәжірибелі клиникалар, ал екіншісі – білімсіз және препараттарға рұқсат құжаты жоқ мамандардың пәтерлерде күрделі манипуляциялар жасауы.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, биылғы жарты жылда сапасыз косметологиялық қызмет бойынша 44 шағым түскен. Салыстырсақ, 2024 жылы – 54, ал 2023 жылы – 35 шағым тіркелген. Өсім 54%-дан асқан. Бірақ зардап шеккендердің бәрі ресми органдарға жүгінбейтіндіктен, нақты сандар бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Резонанс тудырған жағдайлардың бірі – 33 жастағы астаналық тұрғын Ольга Каслованың оқиғасы. Әйел жасару мақсатында мезонить қою және полимолекулалық қышқыл (PLLA) енгізу процедурасын жасатқан. Бағасы – 420 мың теңге. Ақшаны ол тікелей аударған, ешқандай келісімшарт та, чек те рәсімделмеген.

- Кейін білгенімдей, косметолог Анель маған сертификатталмаған дәрілерді салған. Оның үстіне, оларды дұрыс енгізбеген. Менде Квинке ісінуі пайда болды. Дұрыс енгізілмегендіктен бетімде көптеген гранулемалар пайда болып, бетім ісіп кетті. Қабыну процесі жүріп жатыр, көруім нашарлады. Үштік жүйке неврологиясы пайда болды. Бетім, басым, қолым жансызданды. Яғни өте ауыр асқынулар болды. Маған ештеңе өтемеді, бір тиын да қайтармады. Ақшаны қайта сұрағанда косметолог бас тартты. Бір ай жұмыс істемей төсек тартып жаттым, қазір қалпына келтіруге көп ақша жұмсауға мәжбүрмін. Жақсару жоқ, үшінші айға кетіп барады, Мәскеуге емделуге баруға тура келді, – дейді зардап шеккен әйел.

Ольганың айтуынша, емге шамамен 5 млн теңге жұмсалған. Мәскеудегі клиникада толық тексерістен өткен. УДЗ нәтижесінде бүкіл бетінде гранулемалар мен фиброз анықталған. Дәрігер қорытындысында: парестезия, полимолекулалық қышқылды енгізу хаттамасының бұзылуы салдарынан пайда болған қабыну деп көрсетілген. Бұл қышқылды маңдайға және болюс түрінде енгізуге болмайды. Әйелді ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр, оған да көп қаржы жұмсау қажет.

Заңгер Лаура Құрманғожинаның айтуынша, мұндай жағдайлар Қазақстанда косметология саласының бақылаусыз қалуынан туындап отыр.

- Көптеген “мамандар” үй жағдайында, лицензиясыз әрі медициналық білімі жоқ бола тұра жұмыс істейді. Бұл үлкен заң бұзушылық. Ал клиникаларда жұмыс істейтіндердің өзі санитарлық нормаларды сақтамайды. Жиі автоклавтар жоқ, стерилизация журналдары жүргізілмейді, шприц пен инелер жойылмайды, препараттар дұрыс температурада сақталмайды, аллергия сынамасы жасалмайды, пациентке ешқандай құжат берілмейді, келісімшарт жасалмайды, – дейді заңгер.

Ол әрбір пациенттің құқы бар екенін еске салады: косметологтан препараттарға сертификат, лицензия, білімі туралы құжат көрсетуін талап ету. Маман нұсқаулықпен таныстыруға, ампуладағы жапсырмаларды көрсетуге, лицензияны ұсынуға міндетті. Ең бастысы – пациенттің барлық ықтимал тәуекелдер көрсетілген ақпараттандырылған келісімге қол қоюы тиіс.

- Егер мұның бәрі болмаса дереу кету керек. Өйткені кейін құжаттарсыз себеп-салдар байланысын дәлелдеу өте қиын болады. Ал егер асқынулар пайда болса, бәрін тіркеу қажет: фото, хат алмасу, чектер, дәрігер қорытындылары. Осы материалдармен фармконтроль комитетіне, тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне, СЭС-ке, салық органдарына және ең соңында сотқа жүгінуге болады. Бұл жай ғана жанжал емес – бұл денсаулыққа зиян келтіру, ол үшін азаматтық та, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған, – дейді Лаура Құрманғожина.

Оның пікірінше, пациенттер үндемей жүргенде, біліксіз "мамандар" өрескел заң бұзушылықтармен жұмысын жалғастыра береді.

Aesthetics Group компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Ляззат Абжапарова Қазақстандағы косметология нарығының көлемін жылына 70 млн доллар деп бағалайды. Бірақ елде нақты деректер жоқ. Сарапшылардың сөзінше, көлеңкелі айналым 35–50 млн долларды құрайды. Яғни заңды нарық көлемінің жартысына жуығы.

- Көлеңкелі нарық көлемі шамамен 35–40 миллион доллар, тіпті 50 миллионға дейін жетуі мүмкін. Бұл – Қазақстан шындығының бір көрінісі. Мемлекет көлеңкелі жеткізілімдерді де, контрафакт өнімдерді де, лицензиясыз препараттарды да тоқтата алмай отыр. Егер орта деңгейлі клиникаға кірсеңіз, көрсетілетін қызметтердің шамамен 50 пайызы заңсыз болады. Мен нарық көшбасшылары туралы айтып тұрған жоқпын. Олар расында заңды алаңда ғана жұмыс істейді, оларға тіркеусіз бірде-бір ине де, канюля да кірмейді, – дейді сарапшы.

Ляззат Абжапарованың айтуынша, республикаға аппараттар да "көлеңкелі жолмен" әкелінеді. Әдетте олар Қытайдан келеді. Қытай АҚШ, Италия және Германия өндірушілерін көшіріп шығарады. Әлемде түпнұсқалардың бағасы 100-ден 300 мың еуроға дейін болса, қытайлық көшірмелер 100 мың еуродан арзан тұрады.

Контрафакт және лицензиясыз препараттар көбіне Ресейден, Кореядан және Италиядан жеткізіледі. Бұл – негізгі жеткізушілер.

- Неге біз бұл препараттарды заңсыз дейміз? Олар өз елдерінде заңды шығарылуы мүмкін. Бірақ егер жеткізуші Қазақстанда тіркеумен айналыспаса, онда сұрақ туады: ол ақша үнемдегісі келе ме, әлде бұл препараттың толық досьесі жоқ па? Әдетте досье 300–400 беттен тұрады. Оның ішінде препаратты жасау хаттамасы, өндіріс желісінің хаттамасы, көптеген клиникалық, токсикологиялық және басқа зерттеулер бар. Ал Қазақстанда тіркеу қымбатқа түседі. Бір ғана SKU-ды тіркеу үшін 4-тен 8 мың еуроға дейін қажет, – дейді сарапшы.

Құжаттары жоқ компаниялар тіркеуден өтуге ақша жұмсамайды. Бұл – қазақстандық заңнаманы да, жеткізушілерді де, клиенттерді де сыйламаудың белгісі.

- Мен адал бәсекелестікті қолдайтын адаммын, бәсекеден қорықпаймын, бірақ тең жағдайда бәсекелескім келеді. Өйткені бір SKU үшін жұмсалған 8 мың еуро өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Ал менің өнімім мен тіркелмеген, бірақ екі есе арзан өнім қатар тұрса – бұл әділ емес. Сәйкесінше, олар тіркелмеген, бірақ екі есе арзан деп иайтады. Әрине, сатып алушы табылады, – дейді сарапшы.

Көп жағдайда тіркелмеген препараттарды елге "челнок" деп аталатын жеке тасымалдаушылар әкеледі. Олар клиникаларға және ақша үнемдегісі келетін жеке косметологтарға сатады. Әдетте мұндай өнімдер жоғары қауіп санатына жатады. Сондықтан олардың тіркеуі қымбатқа түседі. Бірақ мемлекет бұған кедергі келтірмейді. Бақылау тек қайғылы жағдайлардан кейін ғана басталады.

- Оралда он жыл бұрын бір әйел қолдан жасалған препараттан қаза тапқанын еске алайық. Онда анафилактикалық шок болған. Осыдан кейін ұзақ тергеу жүрді. Яғни мұндай трагедиялардан кейін ғана тексерістер басталады. Ал бір жыл өтпей, бәрі қайтадан бұрынғы қалпына оралады. Осындай жағдайларды болдырмауға бағытталған заңды шаралар қажет, – дейді Ляззат Абжапарова.

Эстетикалық медицина нарығында өздігінен үйренгендер мен біліксіз кадрлардың болуы оның дамуына кедергі келтіреді. Сарапшының пікірінше, тұтыну мәдениетін көтеру қажет. Яғни пациенттер маманды және клиниканы мұқият таңдауы тиіс, алдағы процедуралардың қаншалықты маңызды екенін түсінуі керек. Өйткені мұның артында өмір мен денсаулық тұр.

- Әйел пәтерде қабылдайтын косметологқа барса, онда жабдықталған кабинет болса да, ол ақша төлеуге дайын болғаны ғой. Демек, тек тұтыну мәдениетін арттыру арқылы ғана жағдайды өзгертуге болады. Біз әрқашан айтып келеміз: пациент пәтерде, жертөледе санитарлық нормаларды сақтау мүмкін еместігін түсінуі керек, – дейді сарапшы.

Клиенттерге кеңес:

лицензиясы мен тіркеу куәлігі бар клиниканы таңдау;

келісімшарт жасату;

процедура алдында хаттамамен танысып, ақпараттандырылған келісімге қол қою.

Айтпақшы, заң бойынша кез келген инвазивті процедураны (ботокс, мезотерапия сияқты) тек медициналық білімі бар, сертификатталған және лицензиясы бар маман ғана жасай алады. Бұл талап "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте" көрсетілген.

- Инвазивті процедуралар жасайтын маман “дерматовенерология (дерматокосметология)” мамандығы бойынша сертификатқа ие болуы керек. Рұқсат құжаттарынсыз мұндай қызмет түрлерін көрсету – заңсыз медициналық қызмет болып саналады, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Министрліктің айтуынша, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексерулерді тек ресми шағым мен нақты дәлел болған жағдайда ғана жүргізеді.

Жыл басынан бері 44 шағым тіркелгенімен, бар болғаны 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

- 2025 жылдың алғашқы жарты жылында республика бойынша косметологиялық қызметтердің сапасына қатысты 44 шағым тіркелді. Оның ішінде 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 648 780 теңге сомасына 11 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды, анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша 2 нұсқама берілді, – деп хабарлады министрлік.

Көбіне пациенттерде дерматокосметологиялық қызметтерден кейін асқынулар пайда болған. Мәселен, мезотерапия, биоревитализация, ботулинотерапиядан кейін. Лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл көзделген. Жеке тұлғаларға – 5-тен 15 АЕК-ке дейін (шамамен 19 660 теңгеден 60 мың теңгеге дейін), ал заңды тұлғаларға – 20-дан 70 АЕК-ке дейін (78 мың теңгеден 275 мың теңгеге дейін). Бұл айыппұлдар тым аз екені анық.

Ал егер адамға орташа, ауыр немесе аса ауыр зиян келтірілсе, кінәлі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сонымен, Қазақстандағы косметологиялық процедураларға деген сұраныс қауіпті шындықты ашып отыр. Елде мемлекет тарапынан бақылау жоқ, көлеңкелі нарық бар, тұтыну мәдениеті төмен. Қазақстандықтар әлі де күмәнді "мамандарға" сеніп, өздерінің сырт келбеті мен денсаулығын тапсыруда. Ал мемлекет тек қайғылы жағдайлардан кейін ғана әрекет етеді, заңсыз қызмет үшін айыппұлдар символикалық қана.

Мұндай жағдайда жағдайдың өзгеруі екіталай. Сондықтан пациенттердің тек өзіне сенуден басқа амалы жоқ.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале