6.11.2020, 9:31
Оқылды: 21

Сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымына толық аудит жүргізу қажет

Су ресурстарына және сумен қамтамасыз етудің бүкіл инфрақұрылымына толық аудит жүргізу қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров айтты.

шәкіров

«Бүгінгі Үкімет сағатының тақырыбы - әр қазақстандық үшін аса маңызды және ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі саналады. Адамдардың өмір сүру сапасы мен су экологиялық жүйелерінің сақталуы сапалы ауыз судың қолжетімділігіне, гидроқұрылыстардың жай-күйіне, су ресурстарын ұтымды пайдалануға тікелей байланысты.

Осы жылдың ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «су ресурстарын басқару жөніндегі тиісті бағдарламаларды әзірлеу кезінде елдің су қауіпсіздігінің барлық аспектілерін мұқият талдауды» тапсырды. Қазіргі уақытта жаңа экологиялық кодекстің жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.

Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы осы құжатта тиісті көрініс тапты деп үміттенеміз«, - деді Асқар Шәкіров «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбына арналған Үкімет сағатында.

Оның атап өтуінше, Қазақстан су тапшылығы бар мемлекеттердің қатарына кіреді. Су ресурстарына қажеттіліктің өсуіне байланысты сумен қамтамасыз етудің жыл санап төмендеуі байқалады.

«Естеріңізде болса, бұл мәселелерді біз өткен жылы парламенттік тыңдауда жан-жақты талқыладық. Еске сала кетейін, ол кезде су қорларының сарқылуы мен ластануы, трансшекаралық гидрологиялық қауіптер, ауыз сумен қамтамасыз ету, су инфрақұрылымының тозуы, су ресурстарын басқарудың жетілмегендігі, су шаруашылығы үшін кадрлардың жетіспеушілігі туралы айтқан едік», - деді ол.

Сенат төрағасы орынбасарының айтуынша, Тәуелсіздік жылдары су мәселелерін шешуге тек бағдарламалық құжаттар аясында 790 млрд теңгеге жуық мемлекеттік қаражат бөлінген. «Алайда, көріп отырғанымыздай, ауыз су жөніндегі бағдарламалар айтарлықтай нәтижелерді бермеді. Орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші Қазақстан бойынша 77 пайыздыды құрады. Трансшекаралық суды пайдалану мәселелері біздің еліміз үшін аса өзекті болып қалуда.

Бүгінде су ресурстарының тек 56 пайызы Қазақстанда, ал 44 пайызы Қытаймен, Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасатыны белгілі. Бұл саладағы халықаралық-құқықтық негіз қазіргі заман шындығын ескере отырып, одан әрі өзектендіруді талап етеді», - деді Сенат спикерінің орынбасары.

Сонымен қатар ол Қытаймен ортадағы проблемалар Іле және Ертіс өзендері бойынша ағынның айтарлықтай қысқаруы Балқаш көлінің су деңгейіне және ел индустриясының негізін құрайтын ірі өнеркәсіптік объектілердің жұмысына қауіп төндіретіндігін баса айтты. «Жекелеген мәселелер суармалы кезеңде аграрлық сектордың жұмыс істеуі Өзбекстанмен және Қырғызстанмен мемлекетаралық уағдаластықтардың жобаларына қатысты болып отыр. Су шаруашылығы объектілері мен құрылыстарын толық ауқымды паспорттауды жүргізу, олардың техникалық жай-күйін есепке алу ерекше назар аударуды талап етеді. Су ресурстарына, ирригациялық жүйелерге және сумен қамтамасыз етудің барлық инфрақұрылымына толық аудит жүргізу қажет», - деді Асқар Шәкіров.

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале