ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов жанармай нарығындағы ағымдағы жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баяндады.
ҚР Энергетика министрінің ақпараты бойынша үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмысы аяқталғаннан кейін, мұнай өңдеу көлемі 3 млн.тоннаға өскен. Қазір жылына шамамен 17 млн.тонна шикі мұнай өнделеді.
- Соңғы 5 жылда біз бензин шығару көлемін 70%-ға (3 млн. тоннадан 5 млн. тоннаға дейін), дизельдік отынды - 30%-ға өсірдік (4 млн-нан 5,2 млн. тоннаға дейін), - деп хабарлады Болат Ақшолақов.
Энергетика министрі атап өткендей, өткен жылы дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш – 5,2 млн. тоннаға жетсек те, қазіргі жағдайда еліміздің бірқатар өңірде дизель тапшылығы бар. 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болдық.
Осы орайда, экономикаға маңызды өнеркәсіп секторы болып саналатын тау-кен метталлургия кешені және темір жол салаларының тұтыну көлемі сол қалпында қалды, яғни өскен жоқ.
Нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторы транзиттік көлік ағыны, бұдан басқа Қазақстаннан шетелге сұр схема бойынша алып кетіп жатқан экспорт.
Өткен жылы мамандардың есептеуінше шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады. Бұдан басқа сұр экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна («IHS Markit» есебі бойынша).
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мысал үшін, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат - литріне 480 теңге, бағамыздағы айырмашылық - 101 пайыз.
Қазақстандық дизель отынын түрлі жолдарды пайдаланып, шетелге сатудан түсетін пайда 50 %-дан 120 %-ға дейін жетеді, жалпы пайда жылына шамамен 140 млн. АҚШ доллары.
Болат Ақшолақов атап өткендей,
Көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады. Мысалы, өткен жылдың наурызында Ресейдегі бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, арзандаған болатын.
Нәтижесінде біз Ресеймен шекаралас жанармай станцияларында отынды сату көлемі азайғанын байқадық, демек Қазақстаннан жанармай шығару экономикалық тиімсіз болды.