16.01.2024, 12:00
Оқылды: 38

«Сүт белдеуі»: импортты ығыстыра аламыз ба?

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары сұранысқа сай жылына 112,0 мың тонна сүтпен және сүт өнімдерімен қамтылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша өңірде сүтті бағыттағы 7,1 мың бас ірі қарадан жылына 25,0 мың тонна сүт (22,3%) алынып отыр. Қалған 77,6% сүт және сүт өнімдері Ресей, Беларус елдерінен және еліміздің басқа өңірлерінен әкелінеді. 2023 жылы Ресей елінен 46,0 тонна сүт өнімдері импортталса, Беларус елінен 22,4 тонна сүт және сүт өнімдері импортталған. Көршілес мемлекеттерден тек дайын сүт өнімдері тасымалданады. Сондықтан сүт және сүт өнімдеріне деген импортқа тәуелділікті азайту мақсатында облыста 2022-2025 жылдарға арналған «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы іске асуда. Басым бағыт – мемлекеттік қолдау аясын кеңейту арқылы жаңа сүт-тауар фермаларын салу, жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуетін кеңінен пайдалану, сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейту және сүт өңдеу кешендерінің жүктемелігін арттыру.

БҚО-ға – 6 миллиард теңге

2023 жылы республикада Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде Агроөнеркәсіп кешен саласындағы жобаларды қаржыландыру бағдарламасы іске қосылып, біздің облысқа 6,0 млрд теңге қаражат бөлінді. Аталған бағдарлама шеңберінде облыста жылына жалпы 9,6 мың тонна сүт өндіретін 4 заманауи сүт-тауарлы фермаларын құру жоспарланып, бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Бөрлі ауданындағы «Amanat» (400 бас), Теректі ауданындағы «Төлеңгіт» (400 бас), Бәйтерек ауданындағы «Арыстанов» шаруа қожалықтары (400 бас) жаңа кешендерді іске қосуға қамдануда. Қазіргі уақытта төртінші жоба қаржысы кімге бұйыратыны анықталуда. Бұл кешендер іске қосылғаннан кейін облыс тұрғындарын сүтпен қамтамасыз ету үлесі 34,6 мың тоннаға немесе 30,9%-ға жетеді. Аталған бағдарлама 2024-2025 жылдары жалғасады. «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы аясында Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау және Сырым аудандарының аумағындағы жем-шөп қоры жеткілікті елді мекендерде сүтті мал шаруашылығын дамыту көзделген.

Бәсекеге бейімделмеген

Облыстағы сүт өңдейтін кәсіпорындардың жалпы қуаттылығы – 70,2 мың тонна. Олар – «Орал  сүт зауыты» ЖШС (қуаттылығы 34,8 мың тонна, құрғақ сүт өндірісі бойынша негізделген), «Береке» ЖШС (қуаттылығы 17,0 мың тонна), «Жастық» ЖШС (қуаттылығы 1,0 мың тонна), «Сары бел» ЖШС (қуаттылығы 0,7 мың тонна), «Каверина С» ЖК (қуаттылығы 14,1 мың тонна), «Таловое» ЖШС (қуаттылығы 0,7 мың тонна), «Агрофирма Ақас» ЖШС (қуаттылығы 1,9 мың тонна). Осылардың қатарындағы төрт сүт өңдеу кешені ғана («Береке» ЖШС, «Жастық» ЖШС, «Каверина С» ЖК, «Сары бел» ЖШС) сүт қабылдайды. Олардың жалпы қуаттылығы – 32,8 мың тонна. Алайда жаңағы кешендердің тауарлық ассортиментінің аз болуы мен жабдықтарының ескіруінің салдарынан шетелдік өндірушілермен бәсекеге қабілеті төмен болып отыр. Облыс бойынша қазіргі кезде 26 бейімделген және 3 өндірістік сүт-тауарлы фермалары жұмыс істеуде. Сондай-ақ 6 өндірістік кооператив сүт өндіруде. 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша облыста сүтті бағыттағы 7111 ірі қара мал бар. Соның ішінде асыл тұқымдысы – 3901 бас (жалпы мал басының 0,8%-ы). Мамандар тұрғындарды сүтпен қамтамасыз ету үшін мал басы мен сүт-тауарлы фермалардың саны жеткіліксіз деп есептейді.

d6d1c61c-8c51-45a6-977a-495bda0498b2

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сай «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы аясында сүт өндірісінің біртіндеп ұлғаюына байланысты сүт өңдеу кәсіпорындарының санын арттыру жоспарланған. Былтыр Орал қаласында ауысымына 3000 литр сүт өңдейтін («Таловая» ЖШС) кәсіпорын іске қосылды. Теректі ауданында жылына 520 тонна сүт өңдейтін «Нұр» ЖК цех құрылысын аяқтап, жабдықтар мен құрылғыларды іске қосуды жоспарлауда. Облыс әкімдігі заманауи сүт өңдеу кәсіпорнын салу үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Өңірдің шаруа қожалықтары мен кооперативтерінде өндірілген сүтті сақтауға арналған әртүрлі көлемдегі салқындатқыш-танкерлер бар.

Кооперативтер де кірісті

Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде облысымызға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінді. Осы қаржыға 742 шағын несие беріліп, 787 жұмыс орнын құру жоспарланды. Бағдарлама аясында 2023 жылы берілетін шағын несиелерді бірінші кезеңде шикізаттық базаны құру үшін төрт бағыт бойынша беру қарастырылды. Соның ішінде сүтті мал шаруашылығын дамыту көзделген. «Ауыл аманаты» аясында сүтті мал шаруашылығын қолдау мақсатында 565 жеке кәсіпкерге және 38 ауыл шаруашылығы кооперативіне барлығы 4,1 млрд теңге микрокредит берілді. Олар несие қаражатына 1421 бас сүтті асыл тұқымды және 3658 бас тауарлық ұрғашы мал сатып алды. «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Талдыбұлақ ауылдық округінде «Талдыбұлақ сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кооперативке 25 650 000 теңге шағын несие берілді. «Талдыбұлақ сүт» Павлодар облысынан симментал асыл тұқымды 40 бас сиыр алып келді», – деді Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжанат Ханқожина.

«Сүт белдеуі» тұжырымдамасы аясында межелі көрсеткіштерге жетуде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің ықпалы зор. АӨК-тер сүт өндіріп, жинап тапсыру арқылы қайта өңделген сүт өнімдері көлемін арттырады. Облыс бойынша 43 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүтті бағыттағы мал өсіру үшін жұмыс істеуде. Кооперативтер мал басына байланысты тәулігіне әртүрлі көлемде, мәселен, Бәйтерек ауданындағы «Батыс сүт» 5-6 тонна, «Зеленов  сүт» 1-1,5 тонна, Теректі ауданындағы «Достық» 1,7 тонна сүт өндіреді. Кооператив мүшелерінің тапсырған сүтінің әр келісіне мемлекет 20 теңге субсидия төлейді. Облыс көлемінде 394 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелгенімен, соның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 270 кооператив. Олардың дені мал шаруашылығымен шұғылданады. Нақтылап айтсақ, 204-і етті, 43-і сүтті бағыттағы мал шаруашылығы, 11-і өсімдік шаруашылығы, 5-еуі сервистік қызмет көрсету саласы, 3-еуі бау-бақша, 3-еуі бал ара шаруашылығы және 1-еуі су шаруашылығына мамандандырылған. 2023 жылы 49 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды («Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде құрылғаны – 35, 71%). Бұл – облысымызда нақты жұмыс істеп тұрған кооперативтердің 18%-ы. Кооперативтердің 5-еуі етті, 38-і сүтті бағыттағы шаруашылықты дамыту, 1-еуі құс өсіру, 5-еуі кәсіпке, қайта өңдеу саласына қажет құрал-жабдық сатып алу үшін «Ауыл аманаты» демеуімен несие алды.

Сүт  өндіргенге – субсидия

Облыс бойынша жергілікті шаруалардың басым бөлігі сүтті бағыттағы ірі қара малының симментал, голштин, қырдың қызыл сиыры тұқымын сатып алуда. Біздің өңірдің климатына сүтті-етті бағыттағы ірі қара мал тұқымдары бейімделген, соның ішінде симментал тұқымын атап өтуге болады. Облысқа 2022 жылы 895, 2023 жылы 1421 бас асыл тұқымды сүтті ірі қара мал сатып алынды. Асыл тұқымды мал сатып алуға «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген несиелер, сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5% шағын несие беріледі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» сәйкес сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілерге бюджеттен түрлі демеуқаржылар қарастырылған (ақпаркестені қараңыз).

Сүтті мал шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 2023 жылы 418,2 млн теңге қаржы бөлініп, тауар өндірушілерге 417,5 млн теңгеге субсидиялау түрінде көмек көрсетілді. Сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды бұқасының бір жынысты ұрығын сатып алу үшін – 10 мың, қос жынысты ұрығын алуға – 5 мың теңге төленеді.  Ірі қара малдың эмбриондарын сатып алу құнын төмендету үшін (данасына/80 мың теңге) демеуқаржы төленеді. Шаруа (фермер) қожалықтарында және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру мақсатында көрсетілетін қызмет үшін асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтарды субсидиялау (5000 теңге/1 бас) қарастырылған. Құрылыс жұ-
мыстары, түрлі техника мен құрал-жабдықты сатып алғаны үшін (инвестициялық салымдар кезінде) шаруалар шығынының 15-50%-ын, тіпті жергілікті бюджет есебінен 80%-ын өтеуге мүмкіндік бар.

Суармалы  жер  тапшы

Сүт өндірісі бойынша өңірдің шаруашылықтарын келі-сімшарт негізінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдары малды күту, ұстау, азықтандыру, асылдандыру бағыттары бойынша сүйемелдеу жұмыстарын атқарып келеді.

12ca8805-fdc5-4df0-8332-fa6a37a10872

БҚАТУ-дың доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, облыс әкімдігі жанындағы агронөнеркәсіп саласындағы жобаларды іріктеуге арналған комиссияның мүшесі Серімбек Абуғалиевтің (суретте) айтуынша, облыста сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға енді көңіл бөлінуде. «Сүт белдеуі» аясында бағдарлама қолдауына ие болып жатқан фермалар аяғынан тік тұрып, кәсібін дөңгелетіп алып кетуі тиіс. Осы бағытта бес-алты ірі шаруашылық жоспарын тиянақты жүзеге асырса, өңір экономикасын өрлетуге зор септігін тигізеді. Ол үшін жобаға қатысушылар миллиардтаған теңгені тиімді жаратуы керек. Ғалым бағдарламаны толыққанды жүзеге асыру үшін бірнеше мәселенің шешімін табу қажет екенін айтты.

– Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес сүтті бағыттағы 400 бастан астам мал өсіруге бет бұрған шаруашылықтарға 6 миллиард теңге бөлінді. Облыс әкімдігінің жанындағы комиссия шешімімен Бөрлі ауданының Пугачев ауылындағы «Amanat» (1 млрд 64 млн), Теректі ауданының Подстепный ауылындағы «Төлеңгіт» (1 млрд 161 млн), Бәйтерек ауданының Белес ауылындағы «Арыстанов» (1 млрд 351 млн) шаруа қожалықтарына қаржы бөлу мақұлданды. Алдағы уақытта тағы да екі шаруашылық анықталады, – деген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Серімбек Абуғалиев мал азығын дайындау технологиясына қатысты ой бөлісті, – Батыс Қазақстан облысында сүт өндіретін шаруашылықтардың жем-шөп қорын дайындау көрсеткіші өте төмен деңгейде. Себебі облыста суармалы жер учаскесі тапшы. Сүтті бағыттағы ірі қараларға суармалы жерде ғана азық дайындалуы керек. Оларға жүгеріден жасалған сүрлем (силос) берген пайдалы. Оған қоса сауын сиырды баптау үшін пішендеме (сенаж) керек болады. Әлемдік тәжірибе бойынша жоңышқадан дайындалатын пішендеменің құнарлылығы өте жоғары.

Сауын сиырға тұрақты түрде қант берген дұрыс. Микробиологиялық үдерістер нәтижесінде қант катализатор рөлін атқарып, құнарлы жем-шөп құрамындағы дәндердің протеин ретінде ағзаға сіңімді болуына әсер етеді. Кетоз, ацидоз деген сиырдың аяғына түсетін жаман ауру бар. Соның алдын алу үшін азықтың химиялық құрамында қанттың болғаны әлдеқайда тиімді. 1 келі протеинге 0,8-1,5 келі қант болуы керек. Сүтті бағыттағы малға неғұрлым жемді көп берген сайын, соғұрлым көп өнім береді.  Агроөнеркәсіп кешен саласындағы жобаларға өтінім берген қожалықтар бизнес жоспарында суармалы жер алқабын дайындайтынын, сол үшін су сорғысын алатынын міндетті түрде көрсетеді.

Бағана айттым ғой, өңірдегі шаруашылықтар бір маусымда пішендеме мен сүрлеменің 30 пайызын ғана жинайды. Шаруа қожалықтары бір жылда 400 басқа 3000 тонна сүрлеме, 2,5 мың тонна пішендеме, одан бөлек пішен жинауы тиіс. Етті бағыттағы ірі қараларға қысқы және жазғы мал азығы бөлек дайындалады. Жазда балғын шөп берілсе, қыста құнарлы азық ұсынылады. Ал сүтті бағыттағы тұқымды баптауға жыл бойы жем-шөп бірқалыпты мөлшерде беріледі. Сондықтан бақташылар қысы-жазы сүрлеме, пішендеме, пішен мен жемді араластырып, арнайы шұңқырларда уатып беру үшін агрегат қолданады. Бірқалыпты рациондағы азық құрамы жыл бойы бірқалыпты сүт өндіруге мүмкіндік береді, – деді ғалым.

Сараптамасыз  сапа  жоқ

– Облыс бойынша сүтті бағыттағы мал шаруашылықтарының бірде-бірінде ғылыми кеңесші жоқ. Ал ғылыми кеңесші болмаса, агроқұрылымдар белгіленген межеге жете алмайды. Фермалар бір сиырдан жылына 5800 келі сүт сауамыз деп жоспарлап отыр. Яғни 400 бас ірі қара бағатын шаруашылық жылына 2320 тонна сүт өндіруі тиіс. Ал ғылыми кеңесші – сүт өндіру технологиясын ғылыми тұрғыда ұсына алатын маман. Атын айтпай-ақ былтыр облыстағы атышулы бір шаруашылықтағы әрбір сиырды тексеріп шықтым. Германиядан голштин тұқымын құнажын кезінде алған. Осы фермадағы сиыр желіндерінің алдыңғы жағы дамыған екен. Ал шетелдік кәсіпорындарда сүттің 51 пайызы желіннің артқы, 49 пайызы алдыңғы бөлігінен сауылады. Сиырдың аяқтары жүрген кезде желіннің артқы жағын сылап-сипап, өздігінен массаж жасайды. Бұл тұқымның бір артықшылығы да сол. Отандық шаруашылық өсірген сиырлардағы кінәрат – генетикалық ауытқу себебінен. Голштин бірінші сауу маусымында міндетті түрде жеті тонна сүт беруі керек. Ал жергілікті кәсіп-орын өсірген тұқым 3,5 тоннадан артық өндіре алмай тұр. Ол сиырлар екінші не үшінші рет бұзаулағанда сүт көлемін бәрібір 5 мың тоннадан асыра алмайды.

Ғалымдар сүйемелдемегесін, табында сұрыптау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Сүт белдеуін» дамыту үшін мемлекет қаржы бөліп отырған қожалықтарда ғылыми кеңесшіні жұмысқа алу жобада қарастырылмаған дейді. Қожалық иелері өздері шешім қабылдайды екен. Ғылыми сараптамасыз жобаларды тиісті деңгейде жүзеге асыру өте қиын. Облыс бойынша бір сауым маусымында бір бас сиырдан жылына 4 тонна сүт өндірсек жеткілікті деген қарадүрсін пікір бар. Бір сауын сиырынан кем дегенде жылына сегіз тонна сүт өндіретін деңгейге жету керек. Облыста сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараны жайылымда өсіргісі келеді. Сауын сиырларды жайылымға жіберуге болмайды. Мал желініне шөңге қадалып, жарақаттауы мүмкін. Одан емшек қабынса (мастит), тіпті жаман болады.

Шетелден мал алып келгенде, бес талапты ескеруіміз керек. Біріншіден, суармалы жері сайлы болуы, малға бірқалыпты азық беруі қажет. Екіншіден, ірі қараны күтіп бағу, үшіншіден сауу, төртіншіден өсіру (көбею) технологияларын ескеру керек. Бесіншіден, ветеринариялық жағдайына көңіл бөлген дұрыс. Дамыған елдердегі малға антибиотиктің бесінші буыны егіледі. Біздің елде әлі күнге пенициллин, стрептомицин (бірінші буын) қолданады. Оған қоса айтарым, «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы бойынша облысқа бөлінген қаражат мөлшері аз деген ойдамын. Алты миллиард теңгені екі шаруашылыққа бөліп бергенде тиімді болар еді.

Облыс шаруалары симментал тұқымын импорттап жатқандар көп. Мен голштин тұқымын өсіруге кеңес беремін. Себебі симментал сиыр әрі кетсе, жылына бес тонна өнім береді. Ал голштин тұқымы сүтті сегіз тоннадан асырады. Оның нарықтағы бағасы симменталдікімен шамалас, көп болса, 1,2 есе қымбат шығар. Біздің жер сүтті мал өсіруге өте қолайлы. Облыста бес-алты шаруашылық жақсы дамыса, жергілікті халықты қамтып қана қоймай, басқа өңірге сүт өнімдерін ұсынар еді. 2007 жылы АҚШ еліне тәжірибеден өтуге бардым. Олардың фермерлерінен отандық шаруашылықтар бір мысқал кем емес. Шетелде суармалы жер дамытуға көңіл бөледі, тағы бір артықшылығы – роботпен де сауады, қарапайым әдісті де қолданады. Сөйте тұра, бір бастан 12,5 тонна сүт өндіреді. Сондықтан жүйелі түрде дамыған агробизнес түбінде өз жемісін береді, – деп түйіндеді сөзін Серімбек Құрманбайұлы.

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале