13.01.2026, 15:00
Оқылды: 231

Сұхбаттан – іске: нақты міндеттер мен жаңа талаптар

Өздеріңізге мәлім, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінде ауқымды сұхбаты жарияланды.  Президент ішкі және  сыртқы  саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты  сұрақтарға  жауап берген болатын. Осыған орай қаламыздағы Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде Президенттің  сұхбатын талқылауға  арналған  алқалы  жиын  өтті.   Аталмыш басқосуды «ҚазИИТУ» ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері  Әліби Баяхов  жүргізіп отырды.

DSC08140

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Ақсерік Әйтімов Президенттің цифрландыру, жасанды интеллект және білім саласын жаңғырту бағытындағы бастамаларына жоғары баға берді. Оның айтуынша, бұл қадамдар Қазақстанның болашақта бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт ретінде қалыптасуына  негіз  болады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментіне қарасты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Самал Юмабаева Мемлекет басшысының басқару жүйесін жаңғырту, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету бағытындағы ұстанымдарын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, Президент мақаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне басымдық берілуі – мемлекеттік қызмет мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған  нақты  қадам.

Облыстық мәслихаттың депутаты Софья Ізмұханбетова Президенттің әлеуметтік әділеттілік, жастарды қолдау және қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға қатысты ойларына  тоқталды.

Ал ҚР Ұлттық ұланына қарасты №5517 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Айбек Дүйсенбай Мемлекет басшысының патриоттық тәрбие мен әскери қызметтің беделін арттыруға қатысты ойларын қолдайтынын  атап  өтті.

WhatsApp Image 2026-01-13 at 14.24.45

Нұрбол Меңдіханов, БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы  бастығының орынбасары, полиция подполковнигі:

– Мемлекет басшысы өз сұхбатында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі ретінде атап, оларды құқық қорғау саласына кеңінен  енгізу  қажеттігін айтты.

Ағымдағы жылы облыс аудандарында бес жедел басқару орталығын құру жоспарланған. Сонымен қатар 2025 жылы Бөрлі, Бәйтерек және Сырым аудандарында 246 бейнебақылау камерасы мен жылдамдықты аутоматты анықтауға арналған 11 жүйе орнатылды. Ал Орал қаласында бейнебақылау желісі кеңейтіліп, қосымша 300 камера іске қосылды. Нәтижесінде қала бойынша камералардың жалпы саны 700-ге жетті.

Аталған бейнебақылау жүйелері оқиға орындарындағы жағдайды жедел бақылауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және құқық қорғау құрылымдарының әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйелер тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастаған азаматтарды аутоматты түрде анықтап, сондай-ақ іздеуде жүрген көлік құралдары мен іздеудегі кісілерді тану-табу қызметін атқарады. Жүйе қоғамдық тәртіпті бұзатын азаматтарды тіркеп, ұрланған көліктердің қозғалысын қадағалауға жағдай  жасайды. Мәселен, «Тор» ақпараттық бағдарламасы арқылы Орал қаласында ұрланған аутокөліктің республика аумағында қай бағытта қозғалып бара жатқанын нақты уақыт режімінде бақылауға болады. Бұған қоса, жаз мезгілінде алыс сапарға шығатын жүргізушілердің жол ережесін сақтауына да ерекше назар аударылады. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, әрбір жүргізуші сегіз сағат сайын демалуы тиіс. Бұл талаптың орындалуы да цифрлық жүйелер арқылы қадағаланып, жүргізушілерге  дер  кезінде  ескерту жасалады. Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану аясында екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларына енгізілген «Заң және тәртіп» функциясы арқылы азаматтардың полицияға жүгіну мүмкіндігі кеңейтілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып, мобильді жылдамдықты бақылау жүйелерінің саны 20-дан 30-ға дейін ұлғайтылды. Жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарда жылдамдықты бақылауға арналған жасырын патрульдер жұмыс істейді. Бұл – заңнамада  нақты  қарастырылған  шара.

WhatsApp Image 2026-01-13 at 14.26.05

Бауыржан Ғұбайдуллин,  ҚР  Президенті  жанындағы Ұлттық  құрылтайдың   мүшесі, жазушы-журналист:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында еліміздің халық шаруашылығы, ішкі және сыртқы саясат, сондай-ақ халықаралық ахуал кеңінен қамтылды. Осы тұрғыда мен бірнеше маңызды  бағытқа  арнайы  тоқталғым  келеді.

Ең алдымен, Президент сұхбатын кітап оқу мәдениеті мен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі туралы оймен бастауының өзі – үлкен мәнге ие. Өйткені халық пен биліктің арасында дәнекерлік миссия атқарып отырған бұқаралық ақпарат құралдары ел-жұртқа дұрыс бағыт-бағдар беруде айрықша қызмет атқарады. Кітап оқитын ұлт – әрдайым іргелі әрі өркениетті мемлекет қалыптастырудың алғышарттарының бірі. Бұл мәселеге, әсіресе  жастардың  назарын  аудару  аса  маңызды.

Соңғы жылдары жасанды интеллект пен цифрландыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Бұл – бір күнде пайда болған үрдіс емес. Цифрландырудың алғашқы алғышарттары өткен ғасырдың басында елді жаппай электрлендіру арқылы қалыптасты. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде компьютерлендіру үдерісі басталып, бұл іске болашақты дәл болжай алатын Ақсерік Сарыұлы  сынды  азаматтар  елеулі  үлес  қосты.

Цифрландырудың берері көп. Ең бастысы, ол Қазақстанды жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті елге айналдырады. Сондықтан инновациялық технологияларды өндіріс пен өнеркәсіпке жедел енгізу қажет. Алайда озық технологияға тәуелділік адам баласы мен тұтастай адамзат қоғамын рухани эрозияға ұшыратпауы шарт. Осы тұрғыда адамзатты рухани жұтаңдықтан сақтайтын негізгі құрал – көркем әдебиет. Сол себепті цифрлық даму мен кітап  оқу  мәдениеті қатар  жүруі  тиіс.

Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, екінші деңгейлі банктердің қызмет көрсету  сапасын жақсартады. Ең бастысы, барлық қызмет көрсету саласында адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік  береді.

WhatsApp Image 2026-01-13 at 14.25.35

Жанна Досқазиева, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің  цифрландыру бойынша проректоры:

– Президенттің биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанға шетелдік, әлемнің жетекші жоғары оқу орындары тартылуда. Бұл жағдай  жастардың уақыт жоғалтпай, әлемдік деңгейдегі озық технологиялармен өз елінде білім алуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде жаңа буынның ойлау жүйесі мен санасы  түбегейлі  өзгеруде.

Президент көтерген маңызды мәселенің бірі – «прайм-эра», яғни қоғам дамуының кемел кезеңі. Бұл – тұрақтылық, табыс, еркіндік пен шығармашылыққа жол ашылатын дәуір. Жастардың әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасалатын дәуір. Осы бағытта Қазақстанда дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, ерекше қабілетті, кейде қоғамда түсінілмей қалатын балалар – елдің интеллектуалдық қоры. Роботтық техника, цифрлық технологияларды терең меңгерген жастар бүгінде әлемдік профессорлармен еркін пікір алмасуда. Бұл – жүйелі саясаттың  бір жемісі.

Президент алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлы мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл мақсатта жасанды интеллектіні өмірдің барлық саласына енгізу көзделіп отыр. Соның бір дәлелі – CryptoCity пилоттық аймағының құрылуы. Мұнда блокчейн технологиялары, цифрлық төлемдер, криптовалюта қызмет көрсету саласына кеңінен енеді. Сонымен қатар теңгеге байланған стейблкоин енгізу мәселесі де қарастырылуда.

Білім саласында да ауқымды өзгерістер бар. Қазақстанда 650 мыңнан астам студент жасанды интеллект бойынша оқытылып, халықаралық сертификат алды. Бұл – кадр дайындаудағы бұрынсоңды болмаған қадам. Жасанды интеллект бүгінде тек IT саласына емес, медицина, ауыл шаруашылығы, құқық және басқару салаларына да енгізілуде.

Қазақстан жасанды интеллект туралы заң қабылдаған елдердің қатарына қосылды. ЖИ – дербес субъект емес, адамға қызмет ететін құрал ретінде танылды. Оның басты қағидаттары – әділеттілік, қауіпсіздік, ашықтық, деректерді қорғау және адам  әл-ауқатының  басымдығы.

Президент атап өткендей, жасанды интеллекттің дамуы әлем елдерін екіге бөледі: заман талабына уақтылы ілескендер және артта қалғандар. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллект – Қазақстан  дамуының  басым бағыты.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале