Белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Еркем, Жайық» атты шығармашылық кешіне Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Светқали Нұржанов та қатысты.
- Міне, үш айдан бері сонау Есілдің жағасынан басталған Есағаның тойы Жайықтың жағасында жалғасып жатыр. Ол заңды да. Себебі бұл кісінің құстармен екі ортадағы тумаластығын, бір-біріне деген махаббатын сіздер жақсы білесіздер. «Кім біледі түркінің құс көңілін» деп өзі айтпақшы, құс ақынның су жағалап жүргені заңдылық.
«Есенғали қазақ руханиятына не алып келді?» деген сауал туады. XX ғасырдың қанды эксперименттерін, қандай қиянат жасалғанын білесіздер. Біздің жүрегіміздегі мөрімізді көзіміздің жасын ағызып тұрып жойды. Біздің сүйегіміздегі мөрімізді мынау алқымымыздан қызыл қанды ағызып тұрып жойды. Мөр кеткесін, бойымыздан құдайдың иісі кетті. Құдайдың иісі кеткен халықты кім көрінген құдайсынып басынады. Есенғали сол кешегі әулиелердің жұпарын қайтарды. Рухымыз тірілді. Есенғали кәміл жасына келген шақта желтоқсан көтерілісі болды. Желтоқсанның суық күндерінен кейін Есенғали жырларын оқып көңілімізге жебеу, қолтығымызға демеу тұтқанбыз.
Есенғалидің қасиетті жырға әкелген тағы бір дүниесі – сол кешегі ұлы жыраулардың ұлық сарындары еді. Шылбырын сүйретіп, шынжырын үзіп кеткен Қазтуғанның жырын Есенғали осы жұртқа алып келді. Сол киелі сарын өшпесін, - деді ақын.
Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz