16.02.2022, 11:50
Оқылды: 106

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға қатысты мәліметтер құпия болады – заң жобасы

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесі жетілдіріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

15c7b03f-bafc-4be6-af3c-34c50b79f60b-960x500

«Келесі мәселе – коррупция фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесін жетілдіру. Бүгінгі таңда мемлекеттік қорғау тетіктері тек қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ғана көзделген. Ал жемқорлық туралы хабарлайтын адамдар қылмыстық процеспен қамтылмауы мүмкін. Оған қоса, қорғау шарасы тек зорлық-зомбылық немесе күш қолдану қаупі болған кезде ғана қолданылады.

Мысалы, заңнамада мұндай тұлғалардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қаралмаған. Яғни, жұмыс барысында қудалану тәуекелі бар», - деді М.Ахметжанов. Осыған байланысты ол тиісті түзетулер ескерілгенін жеткізді.

«Біріншіден, хабарлаушылардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау. Оларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесін алқа отырысымен қарау мүмкіндігін белгілеу. Бұл ретте, мұндай шешім әділ және ашық болу үшін міндетті түрде отырысқа Агенттіктің өкілі шақырылады. Екіншіден, коррупция туралы хабарлаған адам жөніндегі мәліметті құпия ретінде сақтау, ал оны жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыру. Аталған шаралар әшкерелеуші адамның құқықтарын қорғауға кепілдік береді», - деді агенттік басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, М.Ахметжанов заңсыз баюға жауаптылық қарастыруға қатысты ұсыныстарды айтты.

Суретің дереккөзі: Adyrna.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале