3.10.2022, 11:00
Оқылды: 47

Сын сағатта сабыр сақтау маңызды

Таяуда Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ғимаратында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңіріміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

8

Жаңақала ауданында өтетін Алаштың азаттығы үшін күрескен арыстардың бірі, қайраткер тұлға С.Меңдешовтың 140 жылдығына арналған тойға мемлекет басшысының құттықтауын жеткізуге арнайы келген Мәлік Нұржанұлы осы сапарында зиялы қауыммен жүздескенді жөн көріпті.

– Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай, көрші елдердегі ахуал тек қоғамға ғана емес, тұтас мемлекетке де салмағын салып отыр. Дегенмен бұл бағыттағы барлық процедура заң шеңберінде, көрші елдер арасындағы жасалған келісімдердің аясында жүргізіліп, мемлекетіміздің бүтіндігі сақталып, халықтың талап-тілегі ескерілетін болады, – деді Президент кеңесшісі.

Кездесуде қаламгерлер алмағайып кезеңде ел-жұрттың елеңдеп отырғанын жасырмады. Белгілі ақын, халық-аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева мемлекеттік идеологияны қолға алу қажеттігін айтты.

– Президентке өңірдегі жол мәселесі туралы айту керек деген ойдамын. Қасиетті жерлерімізді қастерлеу қолға алына бастады. Түркістанға бүкіл ел донор болды. Семейге Абайдың атын бердік. Бұны біз қолдаймыз. Біздің Бөкей ордасы ауданы да тарихи, киелі жер. Орданы да қастерлеу керек. Бірақ оған баратын жол сапасы өте нашар. Ханның үйі өз деңгейінде емес. Бұл да осы елдің үлкен мәселесінің бірі. Руханиятымыздың отыз жыл кенжелеп қалғаны рас. Ең үлкен қателік – ғылым академиясын тарату болды. Бүтін біліміміз, жиған-тергеніміз шашылып қалды әр жерде. Ғылым академиясының тарауы қазақ сауатының кеміп, мәдениетінің азуына себеп болды. Осының бәрі бізді мазалайды. Қазір қазақ даласы ауыртпалықты анық сезінуде. Біз бұл сыннан ақылмен, сабырмен өтуіміз керек, – деді Ақұштап апай өз сөзінде.

Өз кезегінде сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның директоры Табылғали Сапаров білім саласына көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтып, ұлттық идеологияны насихаттау бағытында жасалған концепцияны Президент кеңесшісінің назарына ұсынды. Басқосуда қаламызда қаптап кеткен келімсектер, жалға берілетін пәтер бағасының өсуі, далада қалған студенттердің жағдайы зиялы қауым өкілдерінің назарынан тыс қалған жоқ. Олардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған Мәлік Нұржанұлы көтерілген мәселелерді зерделеп Мемлекет басшысына жеткізетіндігін айтты.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале