Бұл жайлы бүгін БҚО Мемлекеттік кіріс департаменті хабарлады. Олардың мәліметінше, 18 қаңтар күнгі сағат 20:00 мен 19 қаңтар күнгі сағат 07:30 аралығында бекеттен 311 жүк көлігі тексеріс арқылы өткен.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін құрылған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық офисінің өкілдері бүгін «Сырым» бекетіне барып, сағат 10:00-де «Сырым» бекетінің Қазақстан бетінде 62 ауыр жүк көлігі кезекте тұрғанын есептеген. Олардың анықтағаны – кейбір БАҚ таратқан «наразы жүргізушілер жолды жауып тастаған» деген мәлімет расталмаған.
Шекарадағы мемлекеттік кіріс органдары қызметкерлері салық түсімін реттеу үшін экспорттық, импорттық қадағалауға жататын тауарларға мониторинг жүргізеді. Ал мониторинг мемлекеттік кіріс органдарына жіберу үшін құжаттарды сканерлеу арқылы іске асады. Мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлері мониторинг кезінде тауардың өзіне тексеріс жасамайтынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ шекарада мемлекет аумағынан шығаруға тыйым салынған тауарлар да бақыланады. Мәселен, қазір Қазақстаннан металл сынықтарын, қара және түрлі-түсті металл қалдықтарын шығаруға тыйым бар.
Ресеймен шекарадағы «Сырым» халықаралық көлік бекетінде бір ауысымда 3 қызметкер жұмыс жасайды. Жүк көліктері көбейіп, кептеліс пайда болғасын 18 қаңтар күнгі сағат 17:00-ден бастап ауысымдағы 3 қызметкерге қосымша тағы бір қызметкер мен сканерлейтін техника қосылған.
«Сырым» бекетінде БҚО Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлері шекарашылармен бірлесе отырып, 18 қаңтар күнгі сағат 20:00 мен 19 қаңтар күнгі сағат 07:30 аралығында тексерістен 311 жүк көлігін өткізген.
Тауар құжаттарын сараптауға 3 минуттан 5 минутқа дейін уақыт жұмсалуда. Шамамен 5 ауыр жүк тасығыш көліктің шекаралық бақылау мен құжат мониторингінен өтуіне 10 минуттан аспайтын уақыт кетеді.
«Қазір бекетте шекарадан өтетін көліктердің кептелісі туындамау үшін барлық жағдай қарастырылуда. Мониторинг кезінде төтенше жағдай бола қалса, шұғыл әрекетке дайын штаб қызметкерлерінің саны да артты. Ауысым уақыты - 12 сағат. Көшірме, сканер техникаларының саны көбейтілді» деп хабарлады БҚО Мемлекеттік кіріс департаментінен.
Нұрлыбек Нұрланұлы,
zhaikpress.kz