1.08.2024, 17:00
Оқылды: 131

Табиғат жанашыры Нариман Өтешев 85 жасқа толды

Облыс әкімдігі, қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы қоғамдық бірлестігі Достық үйінде эколог Нариман Өтешевтің 85 жылдығына арналған «Экологиялық мәдениет арқылы патриотизмге тәрбиелеу» тақырыбында жиын ұйымдастырды.

590BAFBE-E210-42DC-BFDE-DC4DCBCB1C03

Оған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Тарасенко, өлкетанушы, туристік экспедиция ардагері Жайсаң Ақбай, Қазақстанның еңбек сіңірген экологі Нариман Өтешев, БҚО әкімдігінің, ҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, жергілікті экологтар қатысты.

Шара барысында Елена Тарасенко эколог Нариман Өтешевті 85 жасымен құттықтап, туған күн иесіне жүрекжарды лебізін білдіріп, оның өңірдегі экология саласына қосқан үлесі жөнінде айтты.

– Нариман Сүлейменұлымен қозғалысымызды бастаған 1997 жылдан бері етене араласамыз. Оның әр іске деген жауапкершілігі мен табиғатқа деген жанашырлығының арқасында қазіргідей дәрежеге жеттік. Өңір артериясы саналатын Жайық өзенінің экожүйесінің сақталып қалуына Нариман ағамыздың қосқан үлесі зор. 2017 жылы қазақ елі мен Ресей арасында Жайықты сақтау жөніндегі келісімге қол жеткіздік. Жайықты жүдетпеуге Орынбор мен біздің өңірдің бірінші басшыларының назарын аудардық. Соның арқасында Жайығымыз жанданып, қос елдің үкіметі де біз бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын болды, – деді Елена Тарасенко.

Осындай шаралардың басы-қасында Нариман Өтешев те жүргенін ерекше атап өткен Елена Тарасенко оның облыстың қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы болып тұрған кезде жергілікті журналистер мен экологтардың әр бастамасына үлкен қолдау көрсеткеніне тоқталды.

– Нариман Сүлейменұлы ешқашан мен басқарма басшысымын деп шалқайып отырмайтын. Экологтар көтерген әр мәселені терең зерттеп, оны шешудің жолдарын да ұсынатын. Бізбен бірге экспедицияларға шығып, Жайықтың жағдайымен танысатын. Соның арқасында да көп іс атқара алдық, – дей келе, Елена Тарасенко Нариман Өтешевке ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың Құрмет грамотасын табыстады.

Жиынға арнайы келген өлкетанушы Жайсаң Ақбай да туған күн иесіне:

– Нариман – эколог қана емес, педагогтар жанұясынан шыққан жан. Оның ата-анасын, жалпы отбасын жақсы білемін. Азаматтың басты қасиеті – ақты ақ дейтіні. Сол үшін де үлкен абыройға ие. Өңірде қалыптасқан біраз экологиялық проблеманың оң шешілуіне де Нариман Сүлейменұлының табандылығы ықпал етті, – деп лебіз білдірді.

Елдің назарын экологиялық мәселеге аударуды, жастарды табиғатты аялауға, бағыттауға арналған жиын барысында Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру жайы сөз болды. Қатысушылар  Қазақстан мен Ресей шекарасынан өтетін өзен суын тиімді пайдалану жайындағы ойларымен бөлісіп, «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысының бастамасына қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале