Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі салдарынан экологиялық проблемалар орын алуда. Біз мұны экожүйенің тұрақсыздығы тек зиянды шығарындылармен байланысты деп түсінеміз. Ал бұл тұрғыда, табиғат пен адамның қауіпсіз өзара әрекеттесуі үшін экологиялық сананы қалыптастыру керек сияқты.
Экологиялық білім мен тәрбиенің өзектілігін ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Мектептер мен ЖОО-ларда өскелең ұрпақты экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» деп атап өткен болатын. Осы орайда біз облыстық экологиялық-биологиялық орталығына хабарласқан едік.
Аталмыш мекеменің директоры Фатима Кержикованың айтуынша, бұл орталық 1957 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда облыстың білім беру ұйымдарының экологиялық-биологиялық және тәжірибелік-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Орталықта гүл-сәндік, ағаш-бұта өсімдіктерінің 200-ден астам, ал жануарлардың 90 түрі бар екен. Сонымен бірге ЖОО студенттері, колледж, лицей, мектеп оқушылары арасында облыстық экологиялық іс-шаралар, далалық және еңбек сараманы (практикалары), кәсіптік бағдарлау жұмыстары да өткізіліп тұрады. Оның мақсаты – балаларды экологиялық зерттеулердің заманауи әдістеріне үйрету. Ондағы зерттелетін нысандардың экологиялық жағдайын, флористика, гидробиология, энтомология, орнитология негіздерін зерттеу, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін анықтау үшін Орал өңірінің табиғи ландшафтарына жазғы далалық тәжірибелер мен экспедициялар ұйымдастырылады.
Орталықтың негізгі қызметі үздіксіз экологиялық білім беруге бағытталған. Жалпы, қосымша білім беруді дамыту жүйесіндегі негізгі мақсат – жастардың шығармашылық, танымдық деңгейлерін арттыру. Әлемдегі қазіргі экологиялық жағдай адамның денсаулығына, мінез-құлқының өзгеруіне әсер етеді. Сондықтан соңғы кезде бүкіл әлемде экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы білімге көбірек көңіл бөлінуде.
– Экологиялық білім қоршаған ортаны қорғау үшін қажет.
Осы мақсатта білім беру үдерісін экологияландыру міндетін шеше отырып, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында БҚО білім басқармасы бірыңғай экологиялық білім беру кеңістігін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта «Эко мектеп» және «Эко балабақша» атты жобаларымыз іске қосылды. Бұл жобаға 19 аудандағы және қаладағы мектептер, 11 балабақша, барлығы 30 мекеме кіреді, – дейді Фатима Кержикова.
Жалпы айтқанда, экологиялық білім мен мәдениет тіршіліктің тұрақтылығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ал табиғат – адамзат өмір сүріп жатқан қоршаған орта, яғни ортақ мекен. Адам мен табиғат – егіз ұғым. Олар бір-біріне сый-құрмет жасауы тиіс болса, сол сыйластықтың және бір түрі – адамның табиғатқа деген пейілі. Адам – табиғат перзенті. Ол суды, жерді, Айды жаратқан тәңірге табынады. Соған орай халық даналығында «Жері байдың – елі бай», «Ауа – өмір тынысың», «Судың да сұрауы бар», «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» деген мақалдар тегіннен-тегін айтылмаса керек. Бір сөзбен айтқанда, табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңейіп, көңілі көтерілері анық.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz