18.10.2022, 15:30
Оқылды: 91

Табиғатты тамаша бейнелеген

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында суретші-педагог Аманжол Бейсенбаевтың «Туған жерге тағзым» атты сурет көрмесі өтті.

f5c80be8-747d-4361-a90e-f29fd04a6551

Бұл іс-шара басталмас бұрын суретшінің туындыларымен таныстық. Бояуы әсерге бөлейтін картиналардан аутордың табиғатқа, әсіресе, өзінің туған жері – Өлеңтінің табиғатына тәнті екені аңғарылады. Көрменің ашылу салтанатында орталық директоры Бауыржан Халиолла суретшіге ақжарма тілегін білдірді.

– Кейде сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәттер болады. Міне, сондай ғажайып бейнені көз алдыңа әкеліп, керемет көңіл күй сыйлайтын да осы сурет өнері. Бүгінде кәсіби суретші Әбілхан Қастеевті білмейтін қазақ кемде-кем. Сол тұлғалардың ізін жалғап, өнерге өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі – Аманжол Бейсенбаев. Ағамыздың туындыларынан кез келген адамға туған жердің қашан да ыстық болатынын аңғарамыз. Көрмені тамашалауға келген студент жастарға ризамын, – деді Бауыржан Ергенұлы.

Шынында да, сурет көрмесіне келген студенттердің әр картинаға қызыға қарап, таңырқай тамашалағаны үлкендер жағын қуантты. Қылқалам шеберінің «Алып шақы», «Шалқар. Киіз үйлер», «Көктем», «Бесшатыр», «Бозқия», «Көзқарас», «Қызыл іңір», «Жалғыз ағаш» атты еңбектері көрменің көркі болып тұрғандай. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші-мүсінші Бақытқали Оразов өткен күндерден сыр шертті.

– Осы орталық ашылғаннан бері өңіріміздегі түрлі бағыттағы суретшілердің көрмелерін өткізіп келеміз. Бүгін сол дәстүрді үзбей, абстракциялық мәнердегі кескіндемелердің ауторы Аманжол Бейсенбаевтың шығармашылығымен танысып отырмыз. Ағамызды жас кезімнен танимын. Біз осы кісілерге қарап бой түзедік. Салған суреттерін көргенде ауылдағы бала күніміз еске түседі. Себебі табиғатты тамаша бейнелеген. Бұл өнердің құдіреттілігі де осында шығар. Алдағы уақытта мықты денсаулық, шығармашылықта жетістіктер тілеймін, – деді Бақытқали Қараұлы.

Сонымен қатар жерлесі, әрі замандас досы Қанат Исламғали ізгі тілегін жолдап, кітап табыс етті. Қабырғада ілулі тұрған 60-тан аса картинадағы көрініс адамның тынысын ашып, бойына қуат беретіндей. Туындыларды қызықтаған жастар ауторға түр-лі сауалдарын қойды. Жиын соңында өнер иесі көрмені ұйымдастырған жандарға, қала тұрғындарына және ауылдас ағайындарына алғыс айтты.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале