Бүгін Батыс Қазақстан мәслихатының үлкен залында Тәуелсіздік алған жылдары алғашқылардың бірі болып елдің Конституциялық құрылымдардың бірі, сол кездегі бұрынғы Жоғарғы Кеңес, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған, облыстық мәслихаттың хатшысы, одан кейінгі Тәуелсіз Қазақстанның батыс өңірінде қызметін жалғастырған, есімі елге елеулі, қоғам қайраткері ел егемендігінің нығаюына, Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуына өз үлесін қосқан азамат – Табылғали Сатқалиұлының 70 жас мерейтойымен құттықтау шарасы өтті.
Суретке түсірген: Мәди Салық
Оның өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде қазақ халқының игілігіне бөленіп, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын атқарған кездегі абырой-беделін атап өтуге болады.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Сенат пен Мәжіліс, облыстық, қалалық және аудандық мәслихатының депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары, аудандық делегация өкілдері, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, әртүрлі сала ардагерлері, үзеңгілес жолдастары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында сөз алған әрбір тұлға Табылғали Сатқалиұлының әр жылдары өңіріміздің көптеген аудандарында басшылық қызмет атқарғандығын, еңбек жолында жеткен жетістіктері мен мол тәжірибесі жөнінде тың деректерді айта отырып, ағамызға деген жүрекжарды ілтипаттарын алғыс сөздер арқылы жеткізді.
Табылғали Сапаров – Жаңақала, Тасқала аудандарының құрметті азаматы, Қазақстан мәслихаттарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, облыс жұртшылығына танымал тұлғалардың бірі.
Сондықтан бүгінгі мерейтой кешінде айтылған әрбір ақжарма тілектегі даналық, көрегенділік, парасаттылық – осы қасиеттердің бәрі бұл жанның бойында тоғысқан.
Аманжол Исламғали
zhaikpress.kz