31.05.2019, 17:11
Оқылды: 567

Тағдыр жазылатын түн

Хадистерде Қадір түнін Рамазанның соңғы онкүндігіндегі тақ түндерден іздеңдер деп айтылады. Ал ғалымдардың айтуынша, қасиетті түн Рамазанның 26-нан 27-не қараған түнге сәйкес келуінің ықтималдығы жоғары. Сондықтан осы күні біз Қадір түнін күтеміз.

tun

         Дегенмен, «Астана» медресесінің ұстазы, белгілі дінтанушы Абдуссамад Махаттың жуырда жарық көрген «Оразаға қатысты 40 хадис» атты кітабында Бұхаридың жинағындағы мына хадис келтіріліп, онда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қадір түні дәл қай түн екенін білгендігі айтылады.

«Ғұбада ибн Әс-Сомит (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулулла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бізге Қадір түні қашан болатынын айту үшін шыққанда екі мұсылман өзара айтысып жатты. Сонда Расулулла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Мен сендерге Қадір түні қашан болатынын айтайын деп шықтым. Алайда, мына екеуі өзара айтысып жатқаны себебінен оның хабары есімнен шығарылды. Мүмкін бұл сендер үшін жақсы да болар...», – деді».

Яғни бұдан түсінетініміз: пайғамбарымыз Қадір түнінің нақты уақытын білген, дегенмен соны айтуға шыққанда жамағат арасындағы екі мұсылманның өзара дауласып жатуы салдарынан ойы бөлініп, қай күні екенін ұмытқан және Қадір түнінің нақты белгілі болмауы біз үшін қайырлы болуы мүмкін...

«Ғалымдар Қадір түнінің мезгілі беймәлім болуының бірнеше пайдалы жақтарын айтқан, – дейді аталмыш кітапта. – Біріншіден: Қадір түні нақты белгілі болған жағдайда біреулер өздерінің жалқаулығы себебінен басқа түні құлшылығын тастап қояр еді. Ал Қадір түнінің нақты уақыты беймәлім болған жағдайда: «Бүгін Қадір түні болар» деген үмітпен басқа түні де құлшылық ету мүмкіндігі туады.

Екіншіден: күнә істемесе тұра алмайтындар бар. Егер Қадір түні мәлім болса, олар соны біле тұрып күнә істеп қоюы әбден мүмкін.

Үшіншіден: қанша түн Қадір түні талабында өткізілсе, соның әрбірінің сауабы болады.

Төртіншіден: Хақ Тағала Қадір түнін іздеп, бірнеше түнін құлшылықпен өткізген пенделерін періштелеріне мақтаныш етеді.

Хақ Тағала осындай себептер салдарынан Қадір түнін жасыруы біз үшін қайырлы!».

Ескендір Тасболат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале