7.03.2024, 10:45
Оқылды: 52

Тағдыры жарқын болсын арулардың

Әңгімеден әңгіме шығып дегендей, көрші ардагер мұғалімнің қамығып отырып, мына айтқаны ойымды мазалап, сан сұрақты алдыма тосты: «Қыз бала тәрбиесі тіпті қи­ындап кетті-ау. Көшеде өздерінен басқа кісі жоқтай, еліріп, зіркілдеп сөйлейтін, екі сөзінің бірі былапыт бойжеткендер мен келіншектерді ауылдан да, қаладан да кездестіресің. Соған кәдімгідей жаттыққандары байқалады. Адамда инстинкті (түйсікті) бақылап, яғни оны қорғайтын қымсыну, ұят сезімдерінің жоғалғанын дәлелдейтін мысалдың бірі сол. Батыстың тізгінсіз ашық-шашықтықты үгіттеп бағатын сұм психологиясы жастарымыздың санасын улады-ау. Соған келіп интернеттің иттігі қосылды.

ЖП этнофестиваль (1)

Небір ерсілікті үйімізге кіргізіп алдық қой». Иә, намыстан, ар-ұяттан су қараңғылық жастық жарасымдылықтан айыратын қасірет емес пе?! Солай. Ал мұның себебі толып жатыр. Бірақ ең бастысы, тәлім-тәрбиенің осалдығында, тіпті жоқтығында екені даусыз. Әрине, көпке топырақ шашпайсың. Ата-ананы, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор, қоғамшыл, өмір құбылыстарын пайымдап, рухани тазалығымен ерекшеленіп жүрген нәзік жандарға сүйсінесің. Оларға қарап тұрып, «Қыз – жәннаттың есігі», «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген асыл даналық сөздер төңірегіңді нұрға бөлегендей күйге енесің.

Екі ұл, бес қыздың анасы Шырайды (есімін өзгерттім) тұстастарының «Сонша бала өсірсең де, сырың да, сының да кетпеген, баяғыша сұлусың» деп әзілдеп, бір жағынан, шындықты айтатыны бар.

Отағасына ауру жабысып, көз жұмғанда, перзенттерінің алды мектепті жаңа ғана тәмамдап жатқан еді. Өзін мықтап қолға алмасына шарасы жоқ еді. Бухгалтерлік қызметін атқара жүріп, бала тәрбиесіне байланысты мектепке қатысып тұруға уақыт тапты. Қыздарының әрқайсысын үй тірлігіне, сиыр саууға, бау-бақша баптауға тастай қып үйретуге де үлгерді. Біріне алғашында азғантай малмен шаруа қожалығын құруға, екіншісіне электрик мамандығын алуға бағыт бергенін бүгінде ұлдары да алғыспен айтады. Бәрі де өз шаңырақтарын ардақтап өсті, бүгінде үйлі-баранды, тату-тәтті. Бір-біріне сүйеніш. Қолда барға мұқият, қанағатшыл. Бауыр ет балалары өзінің үмітін ақтап жүргені үшін Шырайдың жаны тыныш, көңілі тоқ. Міне, «баяғыша сұлу» болуының сыры осында.

– Әке-шешемнің, ата-енемнің, бұрындағы үлкендердің өзіме берген тәрбиесін жалғастырғаным ғой қолымнан келгенінше, – дейді ол. – Олардың буыны бекіп, қанаты қатаюына, еңбекке үйренуле­ріне ағам, қос қайын інім ерекше бас-көз болды. Мұны ұмытпауды естеріне салып жүремін. Ұлдарға «Ер-азамат ретінде бәрімізге қамқор болуға тиістісіңдер» дегенді құлақтарына құйдым. Бірінің жамандыққа баруы бүкіл әулетке мін, ұят екенін, көргенсіз деген атқа қалмауды әманда ескертемін. Қыздарымның алды Оралда оқып, мамандық алды. «Қыздың жолы – жіңішке» деген. Шүкір, орнымен, жайлап айтқан ақылымнан аттаған кездері жоқ. Жүн түту, жіп иіру, құрақ құрау, көрпе көктеу секілді істерге балғын шақтан икемделу тұрмыста пайдаға асып келеді. Жылтырақ атаулыға қызығуды білген де емес.

Сүйген адамымен қол ұстасып жүрсе, қатықсыз қара көже ішсе де, бақыт екенін қал-қадерімше ұғындырудың жемісі мол деп есептеймін.

Ананың бұл айтқандарында табанды адамға Тәңір берер байлық та, ұрпақ тәрбиесі зор сынақ болып табылатыны да, қиындықтан қаймықпау да, ар-намысты жоғары ұстау да, бәрі бар. Солай, шыбық кезінде ағаштың күтіміне дұрыстап қарасаң, еңбегің зая кетпейді, жемісіне қарық боласың. Біз сол талды түп-түзу өсіретіндерді мақтап, қошеметтеп жатамыз. Алайда қалай, қайтіп, қандай амалмен өсірді, осының төркініне бойламаймыз. Сондай-ақ ұл-қыз әлдебір келеңсіздікке бара қалса, мұның салдарын айтып қоя саламыз, түп себебіне үңілмейміз.

Ата-бабаларымыз әйел затының қимыл-қозғалысына, жүріс-тұрысына, дауыс ырғағына дейін зор мән берген. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» деумен ғана шектелмеген, асыл қасиеттерді іспен, үлгімен көрсеткен. Нәзік жандар пәктік, тектілік, қылықтылықпен айрықша ерекшеленуін естен шығармаған. Ертеңгі өмірге психологиялық жағынан дайындаған. Өкінішке қарай, ертедегілер мығым ұстанған осындай са­уаттылыққа бет бұруға тәуелсіздігімізден бері жеткілікті уақыт өтсе де, бүгіндегі бізде сылбырлық, селқостық басым. Қу дүниенің соңынан алашапқыннан, үйді «современный» жиһазбен толтырумен жүргенде, жас ұрпақ тәрбиесі тасада қалмай ше?! Қазақилықтан, әдептіліктен, инабаттылықтан, төзімділіктен ада бойжеткендер сондайдан шықпағанда, қайтеді?! Түсініксіз киініп (шетелден жұққан), есіл-дерті байлық болғандар ше? «Қызда қылық болмаса, Құр шырайдан не пайда?!» деп Бұқар жырау айтып кетті. Талайлар ескертіп кетті.

Ертеңгі үлкен өмірге дайындықта кем-кетік көптігінен тұрмыстан тыныштықтың кетуі, ажырасу жөнінде ахуал асқынғалы қашан?! Отбасылық жанжалды зерттейтін мамандар әйелдер тарапынан да дауды ушықтыру, жағдайды қиындата түсу кездесетінін айтып жүр. Тектен-тек айтпайды, әрине.

Көрші ағам қапаланып айтқандай, қыз бала тәрбиесі қиындап кеткені сөзсіз. Жақсылықты жамандық, естілікті есіру, амандықты ауру, адамдықты арамдық, қанағатты ындын, тазалықты ыбырсу тапап тастағысы келеді-ақ. Мына заманның ақпараттық зұлымдығы тағы бар. Әлбетте, солай екен деп ай қарағандай аңқиып жүруге қақымыз жоқ. Аруларымыздың, ұлттың бесігін тербететіндердің тағдыры жарқын болуы бізге шарт буынып, небір қиындыққа қасқая қарсы тұруға қайрауы тиісті.

Болат Есқалиев,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале