7.11.2022, 20:33
Оқылды: 118

Тағылымы терең, танымы мол Ташкент сапары

Биылғы Х халықаралық Алтай қауымдастығының симпозиумы тұңғыш рет Өзбекстанда өтті. Ташкент қаласында өткен халықаралық симпозиумға өзіммен бірге магистрант шәкіртім Балнұр Рысқалиева да барып қатысты.

Симпозиум жабылуы (1)

Алтай-түркі халықтарының басын бір арнаға тоғыстыратын бұл симпозиум өзінің мақсатына жетті. Түркі әлемінің әр жерінен келген академиялық орта өкілдері үлкен әулетке айналғандай. Симпозимның кезекті жиынының тақырыбына арқау болған түркі әлемінің тағамы және тағамдану мәдениеті – әлемдік өркениеттің бір бөлшегі.

рита

Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей Федерациясы, Үндістан, Корея, Жапония, Үндістан және Венгриядан 130-ға жуық алтай зерттеуші ғалымдары  қатысып, баяндамаларын ұсынды. 37 секция бойынша өткен симпозиумда өркениет құндылықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарған тағам және тамақтану мәдениетінің  қайнар көздері және тағам мен тамақтануға қатысты терминдер және олардың этимологиясы; тағамды дайындау, пісіру, сақтау әдістері және дамуы; тағам және нәрлі сусындар (қымыз, боза, айран, соро, қимран сияқты); хандар мен  билеушілердің дастарханында орын алған  дәстүрлер; діни, нанымдық және ерекше күндерде (туған күн, құда түсу, неке қию, қайтыс болу және т.б. сияқты), оның ішіндегі тағам мен тамақтану мәдениеті туралы баяндамалар жасалды. Осы симпозиумда ғалымдарымыз өзекті мәселені жан-жақты талқылап, қызу пікірталас ұйымдастырды.

2009 жылдан бастау алған Алтай қауымдастығы симпозиумына 2011 жылдан қатысып келем. Екінші жиын Стамбулда өткен. Сол жылы профессор Наджия Иылдыз ханыммен танысқам. Стамбул асып, қаладан жырақ Түркия таулары етегіндегі қазақтар қоныстанған ауылға барғанда да сапарлас болғанбыз. Содан бері араға жылдар салып, осы жиында көрісіп келеміз, әріптестік байланыстамыз.

WhatsApp Image 2022-11-07 at 20.30.33

Ал түркітанушы, әдебиетші ғалым, профессор Нергиз Бирай еңбектерімен бұрын таныс болғаныммен, алғаш жүздесуім. Нергиз ханым қазақстандық докторант жас ғалымдардың шетелдік жетекшісі боп тағайындалған. Анкаралық университеттен келген профессор Гүлжанат Құрманғали, шәкірті, бүгінде әріптесіміз, жас ғалым Елдос Тоқтарбаймен жақсы кездесулердің куәсі болдық.  Қазақ әдебиетін зерттеп, түркі жұртына қазақ әдебиеті өкілдерін насихаттап жүрген, тіл мен әдебиетті сүюдің озық үлгісін көрсетіп,  оларға қызмет етуде шекара жоқ екенін ісімен дәлелдеп жүрген түркиялық  ғалымдарымызға қашанда құрметіміз бөлек.

Төрт күнге созылған симпозиумның  екінші күнінде баяндамамызды жасадық. «Ұлттың құндылығына айналған ұлттық тағам мен сусындардың тәуелсіздік кезеңі прозасында суреттелуі» тақырыбында сөйледік. Баяндамамызда ұлттың құндылығына айналған ұлттық тағам мен сусындардың тәуелсіздік кезеңі прозасында суреттелуі қарастырылды. Ұлттық тағам мен сусын атауларының қолданыс ерекшеліктерін талдау арқылы халықтың мәдени таным-түсінігінде орныққан түрлі ұғымдар зерделенеді. Тұрмыстық реалияларды көркем мәтіндегі құрылымдық элемент ретінде ғана қарастырмай, мағыналық деңгейде талданады. Баяндамамызда талданған тәуелсіздік кезеңіндегі шығармалардағы ұлттық тағамдар мен сусындардың қазақ халқының төл мәдениеті мен танымының көрінісін,  тарихи дәуір сипаты мен өзіндік болмысын зерделеп, халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейінен хабар беретінін зерделеуге тырыстық. Қазіргі қазақ шығармаларында суреттелетін әрбір тағам мен ұлттық сусын атаулары ұлттық колоритімізді одан сайын арттыра түсетіні анық.  Осы отырыста шетелдік ғылыми жиынның тізгінін ұстаған, бүгінгі тілмен айтқанда, модератор болып, симпозиум қатысушыларына сертификат табыстау сәтінің куәсі болдық.

Симпозиумның қорытынды мәжілісінде 2023 жылы өтетін симпозиумға қатысты мәселелер талқыланып, Алматы қаласы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алтай халықтарындағы жер және су»  тақырыбы бойынша ғылыми жиынды өткізу туралы шешім қабылданды.

Алтай қауымдастығы симпозиумын бір өзі бас болып, халықаралық деңгейде, он үш жыл бойы әр жиында бірнеше елдің өкілінің басын қосып, бірлікте өткізу, түбі бір түркі жұртына ортақ мәселелерді ортаға салып талқылауды дәстүрге айналдырып, түркі жұртына қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан түркиялық профессор Ильхан Шахин бей мен “өз ағамыз” екенін  дәлелдеп, қонақжайлылығын құрметпен көрсеткен Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің өкілдеріне мың алғыс дедік.

Симпозиум ғылыми жиынын аяқтағаннан кейін, мәдени бағдарламалармен жалғасты. Сапар барысы Ташкентте, түрік және ислам тарихында маңызды орынға ие Самарқанд қалаларында жалғасын тапты.

Бұл күндері қазақ жұртының ғана емес, күллі түркі халықтарының тәу ететін киелі орнына айналған Төле би кесенесін көрудің сәті түсті. “Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген” деген әдемі жазу бірден көзге түскен. Құндылыққа айналған осы қасиеттер қазақтың басынан кетпесін деген тілекте болдық.

Әлемге атағы шыққан небір философтар мен ақындар: «Әлемнің Айнасы», «Көңілдің бағы», «Шығыстың жауһары», «Жер Дидары» секілді түрлі теңеулер арнаған шығыстың жаухары – Самарқандтың сұлулығын көзбен көрген әдемі сапар болды. Сәулет ансамблі орналасқан «Регистан» алаңын көзбен көрген, көңіл сүйсінген сәттер сыйлады. «Достық інжу-маржаны» тізіміне енген Гур-Эмирден әдемі тілекпен қайттық. Самарқанның көк тасы туралы көп естігенбіз... Көрудің де сәті түскен күн болды. Ислам әлеміндегі ең үздік обсерваториялардың бірі – Ұлықбек обсерваториясын көрдік. Әр ғылыми сапар үнемі мәдени де тарихи сапармен әдемі жалғассын деген тілекті жүретініміз рас. Орындала бергей!

 

Рита Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған

профессоры (доцент), филология

ғылымдарының кандидаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале