29.05.2025, 17:15
Оқылды: 152

Талапқа сай емес тендер

Жуырда мемлекеттік  қызмет  саласындағы  заңнаманың,  қызметтік  этика  нормаларының  сақталуын  қамтамасыз  ету  және  қоғам  сенімін  нығайту  мақсатындағы  консультативтік-кеңесші  құрылым  –  Әдеп  жөніндегі кеңестің кезекті  отырысы өтті.

18ab3897-8cb0-4163-b66e-6b371f27aa60

Кеңестің отырысында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуы, қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік құрылымдардағы тәртіптік тәжірибені талдау нәтижелері қаралды. Алдымен Тасқала ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және

қызметтік әдеп талаптарының сақталуы мәселесіне қатысты атқарылған жұмыс нәтижелері туралы аудан әкімі Талғат Шакиров онлайн баяндама жасады. Әкімнің баяндауынша, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, әдеп нормаларын сақтау бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.

Кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Ардақ Мұқанованың есебі тыңдалды. Есепте айтылғандай, биылғы жылдың бірінші тоқсанында медициналық-әлеуметтік бөлімдер 2235 (2024 ж. – 2078) қызмет алушыға мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның ішінде проактивті сырттай куәландыруға 894 адам жолданған. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты азаматтардан арыз-шағымдар түспеген.

Кеңес отырысында Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылдық округі әкімі Екпін Тінәлиевке қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Аталған прокуратура өкілі Орал қаласы прокуратурасының аға прокуроры Ахат Әнесовтің баяндауынша, Қаратөбе аудандық прокуратурасы Егіндікөл ауылындағы шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың орындалуына талдау жүргізген. 2024 жылы 4 қазанда аталған округ әкімі Е. Тінәлиев пен жеке кәсіпкерлік басшысы Д. Шәмшиденова арасында шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеу бойынша құрылысқа байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №45 шарт жасалған.

Оның жалпы сомасы – 6 млн 599 мың 900 теңге, құрылысқа байланысты емес сатып алынатын жұмыстардың техникалық ерекшелігіне сәйкес конкурстық құжаттаманың 14-қосымшасындағы жұмыстар орындалған. Сметалық құжаттаманы  «Проект бизнес инвест» ЖШС әзірлеген. Жөндеу жұмыстарының сметалық құны – 8 млн 237 мың теңге шамасында.

Жасалған шартқа бірінші қосымшаға сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстары шарт қазынашылық құрылымдарында тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде орындалуы тиіс. Ондай шарт 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады. Орындалған жұмыстарға тапсырыс беруші ақы төлеген.

– Биылғы 28 наурызда аудан прокуратурасы фото және бейне тіркеуді қолдана отырып, жөндеуден өткен шағын футбол алаңына шолу жасады. Тексеру барысында қоқыс жәшіктері мен орындықтар жайы талапқа сай емес екені анықталды. Тот басқан, сырланбаған.  Шамдар жанбайды. Ағаш көшеттері егілмеген. Сметалық құжаттамадан басқа да көптеген ауытқушылыққа жол берілген. Талдаулар нәтижесінде округ әкімі Екпін Тінәлиев орындалған жұмыстар актісіне қол қойған және аяқталмаған жұмыстар үшін сметалық құжаттамаға сәйкес 6 млн теңгеден астам бюджет қаражатын мердігерге төлеген. Осылайша «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңның 50-бабының 1-тармағына 4, 5-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметке кір келтірген  тәртіптік теріс қылықтар жасады (шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету, кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда кімге болмасын еліміздің заңнамасында көзделмеген кез келген жәрдем көрсету), – деген аудан прокуратурасының өкілі орын алған бұзушылықтарды жоюға байланысты нақты шаралар қабылдау қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар округ әкімін «Мемлекеттік қызметтер туралы» заң талаптарына сай тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Е. Тінәлиевтің айтуынша, күзгі лайсаңға байланысты құрылыс материалдары уақтылы жеткізілмеген. Ол өзінің спорт саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, алаңға төселген бетонның (стяжка) мұз болып қатып қалғанын көріп, жасанды төсемені төсеуге рұқсат бермегенін жеткізді. Өйткені алаң құрылысының сапалы болуын ойлаған. Көктем шыға мердігер кепілхат негізінде қайта бетон төсеп, қалған шаруаны толығымен сапалы аяқтаған. Кеңес мүшелері округ әкімінің жақсы ниетін қолдағанымен, құрылыс жұмыстарының уақтылы әрі сапалы аяқталуы керек екендігін  еске  салды.

– «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңға көптеген өзгерістер енгізілгелі жатыр. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілерді жауапкершілікке тартуға байланысты мәселе қайта қаралмақ. Мысалға, нақты себепке байланысты бұзушылыққа жол берілсе, осындай жағдайларға байланысты, онда қызметшінің жауапкершілігін қарауды тоқтату мәселесі енгізілмек. Әзірге заң жобасы қаралу үстінде, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Мұрат  Байсалов.

Отырыс қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, оларды іске асыру бойынша тапсырмалар берілді. Соған қоса, мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерді жасау фактісі бойынша Қаратөбе ауданының аталған округ әкіміне  тиісті тәртіптік жазаны қолдану туралы  шешім  қабылданды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале