30.01.2024, 10:15
Оқылды: 81

«Талапты жастарды қолдаймыз»

 Оралдағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің Студенттер сарайында шаһар басшысы Миржан Сатқанов түрлі саладағы белсенді жастармен кездесті.

кездесу (1)

Аталған іс-шарада Миржан Мұнайдарұлы алдымен жастардың жоба-кәсіптерімен танысты. Көрмеге жас кәсіпкерлердің дайындаған өнімдері қойылған. Айта кетсек, шаһар тұрғыны Әйгерім Есекенова қайтарымсыз грант алып, бөдене құс шаруашылығымен айналысуда екен. Ал Айымгүл Көшкінова «Jas Project» гранты негізінде «Компьютерлік кестелеу және тігін саласы» бойынша оқыту орталығын ашқан. Қайтарымсыз грант ұтып алған Гүлзана Ақжекенова кондитерлік өнімдер жасап жүрсе, Мақсот Ерешев 2,5 пайыздық шағын несие алып, пластикалық терезе өндіруді дамытуда. «Jas Project» грантын иеленген Жұлдыз Талапқали матаға немесе басқа да бұйымдарға «QAZAQ STYLE» стиліндегі суреттерді басып шығаруда. Миржан Мұнайдарұлы іскер жастардың кәсіптеріне береке тілеп, осындай игі бастамаларға қашанда қолдау болатынын атап өтті.

Кездесу барысында Орал қаласындағы жастар саясатының дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер де қозғалды. Сонымен қатар жастар тарапынан түрлі ұсыныс-тілектер де айтылды. Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастарға кеңес беру бөлімінің басшысы Алма Төлепқалиева мемлекеттік бағдарламалар туралы мәлімдеді.

– Бүгінде Орал қаласында 14 пен 35 жас аралығындағы жалпы саны 100 271 жас бар. Соның ішінде қаламыздағы 50 мектепте 61 214 оқушы, 4 жоғары оқу орны және 23 арнаулы орта оқу орнында барлығы 39 057 студент білім алады. NEET санатындағы жастардың үлесі – 2023 жылғы ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша 2,1 пайызды құрап отыр. Бүгінде бұл – республика бойынша төменгі көрсеткіш. Биыл жыл басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан Орал қаласы бойынша NEET санатындағы 4 638 жастың тізімі ұсынылды. Жастарды жұмыспен қамту, оларға мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, кәсіпкерлікке тарту мақсатында, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін қала тұрғындары жиі барады. Сондай-ақ «Болашағың өз қолыңда» жобасы аясында жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне, мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шаһар жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесін азайту мақсатындағы мемлекеттік жобалар өз нәтижесін беруде. Мәселен, бүгінге дейін «Жастар тәжірибесі» бойынша 445 жас, «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 27 жас, қоғамдық жұмыстарға – 83 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына – 25 жас және «Бастау бизнес» бойынша 1 232 жас арнайы оқуға қатысып, 24-і грантқа ие болды. Сондай-ақ 1 032 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Осындай жоба-жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы жоспар бойынша оқу орындарының түлектерін мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту үшін олардың нақты тізімі жасалуы тиіс. Бұл ретте сіздің қолдауыңызбен оқу орындары басшыларын жинап, толық ақпаратпен  таныстыру мақсатында бірлесе жұмыстар жүргізсек деген ұсыныс бар. Сонымен қатар қоғамдағы жұмыссыз жастарды мемлекеттік бағдарламалармен және қосымша ақпараттармен таныстыру мақсатында «Oral jastaryna jumys» телеграм-бот платформасын ашуды қолдауыңызды сұраймын, – деді Алма Шапбазкерейқызы.

кездесу (1)

Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәурен Шамұратов жастардың бастамаларын қолдау бөлімінің атқарған жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, қаладағы ерікті жастар өңір тұрғындарына пайдасын тигізіп, қолғабыс етуде аянып қалмайды. Олар зейнеткерлердің үйлерін қардан тазалау жұмыстарына да жыл сайын белсене атсалысып келеді. Сондай-ақ «Білімділер додасы» – Орал қаласынан бастау алған бірегей жоба. Бұл сайыстың көлемі кеңейіп, деңгейінің жоғарылауында жастардың үлесі зор. Осы жобаны қолдаушылар қатары толығып, білімділер сайысына деген ынта-ықылас артып келеді.

– Жастарға қазіргі кезде білім бағытындағы ірі жобалар қажет. Қыз-жігіттердің білімін тереңдетуіне жол ашып, өздерін жан-жақты дамытуда осындай жобалардың ықпалы бар. Мәселен, «Қазақша Quiz» жобасы республикалық көлемде жүзеге асып жатыр. Осы сайысты Орал қаласында ұйымдастырдық. Нәтижесінде біздің қалада өткен сайыста қатысушы мұғалімдердің саны көп болды. Олар білімдерін ортаға салып қана қоймай, бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Жалпы өзіміздің қаладан бастау алған жобаларды мақтанышпен көрсете аламыз. Өйткені оған өңір жастары белсене қатысса, басқа өңірдің жастары қызығып, өз аймақтарында ұйымдастыруда. Солардың бірі – «Жұлдызды футбол» екені сөзсіз. Еліміздің батыс аймағындағы облыстардың жайдарманшылары футбол ойынына қатысып, жанкүйерлерге тамаша көңіл күй сыйлаған болатын. Тағы да бір мақтанып айта алатын жоба – «Орал жастары» фестивалі. Мұнда қаламыздағы жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындарының студенттері өздерінің бойларындағы таланттары мен бәсекеге қабілетті екендерін көрсетті. Дәл осындай бастамалардың деңгейін көтеру қажет деп есептеймін, – деді Дәурен Ибатұлы.

Жиынға қатысқан кәсіпкер жастар да кезек-кезек ой-пікірлерін айтып, үнемі демеу болып жүрген қала әкіміне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар олар алдағы уақытта түрлі жобаларды қолға алатындарын айтты. Шаһар басшысы Миржан Сатқанов жастардың ұсыныстарын қабылдайтынын және қолдайтынын жеткізді.

– Түрлі салада жас буынның саны артқан сайын елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі күшейе береді. Сондықтан да өздеріңдей талпынысы бар, талапты жастардың өсуіне, бастаған істерінің өркендеуіне жағдай жасаған дұрыс. Оқу бітірген немесе басқа да жастардың өмір сүруіне, өздерін жан-жақты қамтамасыз етуіне мүмкіндіктер қарастыру керектігі белгілі. Осыған байланысты нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарыла береді. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету де өзекті мәселеге айналып отыр. Әрине, бұл ретте жастар жұмыс істеуге деген құлшыныстарын танытып, талаптанғаны жөн. Бүгінде жастар барлық жетістікке жедел жетіп, бірден нәтижесін көруге асығады. Мұндайда бәрінің бір күнде бола кетпейтінін, еңбек ету арқылы ғана жеңістерге жетуге болатынын ескерсе дұрыс болмақ. Талапты жастарды қашанда қолдаймыз, – деп қорытындылады Миржан Мұнайдарұлы.

Аманжол Исламғали,

Фото: Мәди Салық

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале