Биыл белгілі бағбан Қайрат Кәрімов жетекшілік ететін Сергей Исаев атындағы эксперименталдық коллекциялық тәлімбақты су басты. Бәйтерек ауданының Мичурин ауылдық округі аумағында Шаған өзенінің жағасында орналасқан тәлімбақтың аумағы – 7,6 гектар. Онда алманың 200 сорты мен 80 түрлі алманың тамырсабағы (подвой), жүзімнің 200 сорты, одан басқа декоративтік ағаштар мен бұталар өсірілді.
Алайда су тасқынының салдарынан олардың 80 пайызы өліп қалды. Бақтың 25 пайызы әлі суда тұр. Бұл жайтқа ғалымдар мен кәсіп иесін танитын қарапайым адамдар да алаңдап отыр. БҚО кәсіпкерлер палатасында өткен жиында бірегей алма бағын сақтап қалу мәселесі айтылды.
Жиынды жүргізген БҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаев: «Бұл кәсіпкер бір бақты баптаумен шектеліп отырған жоқ. Он жылдан бері ғылыми жұмыспен айналысып келеді. Бағбан еңбегінің маңызы зор», - деп атап өтті.
– Біздің бақшамызда жеміс ағаштарының тектік қоры бар. Жылдар бойы алма ағашы сорттарының және тамырсабағының (подвой) қалай өркен жаятынын зерттедік. Бұл жұмыс біздің облыс үшін ғана емес, климаты қатал басқа өңірлердегі бау-бақшаларды қалпына келтіру және дамыту үшін де қажет. Мұндай тектік қорды жинау оңай емес. Сондықтан оның мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор деп санаймын. Егер мұндағы кейбір сорттар жоғалып кетсе, әлемде де толығымен құрып кетеді. Су тасқынының салдарынан бақшаның 80 пайызы жойылды. Әлі де жарамсыз болып қалғандары анықталуы мүмкін. Себебі көптеген ағаштың тамыры зақымданды. Оларды қалпына келтіру үшін бүршіктеу (окулировать) қажет. Бір көшеттің тамыр жайып кетуіне үш жыл керек. Ал оған осы уақыт аралығында тиісті күтім көрсету қажет. Сондықтан мен бұл бақты қарапайым бақ емес, генетикалық (тектік) бақ ретінде бағалауды сұраймын. Өтемақының келтірілген шығынға сай болғанын қалаймын. Бұл менің ғана емес, бізді танитын ғалымдардың ойы. Қазір Владивостоктан Еуропа аралығындағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен байланыстамыз. Олар да бізбен бірге алаңдап отыр, - деді Қайрат Кәрімов.
Оның айтуынша, тәлімбақты қалпына келтіруге болады. Алайда көп уақыт, күш пен қаражатты қажет. Тектік қорды су баспайтын аумаққа көшіруді көздеп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рүстем Зұлқашев «Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларымен» таныстырды. Бұл құжат биыл мамырдың 17-інде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген. Оның сөзіне сүйенсек, өтемақы мал және өсімдік шаруашылығы бойынша беріледі. Облыста су тасқынынан 29 өсімдік шаруашылығының нысаны зиян шеккен. Оның ішінде күздік дақылдар алқаптары, бір-екі жылыжай, бір гектар құлпынай, 25 тонна минералдық тыңайтқыш бар.
«Біз қағидаға сәйкес күздік егістер мен құлпынайдың технологиялық картасын жасақтадық. Қазір бақтардың техкартасын жасауды қолға алдық. Бұл есептеулерімізді ғылымизерттеу институттарына жібереміз. Ғалымдардың қорытындысы келген соң, аудандық комиссиялар келтірілген зиянды есептеп шығарады. Қайрат Кәрімов жетекшілік ететін тәлімбақтың мәртебесі ерекше екенін білеміз. Біз қолдағы ереже бойынша тек теректердің шығынын есептейміз. Ережеде ғылыми зерттеулер мен бақтың бірегейлігіне қатысты ештеңе жазылмаған. Біз Қайрат Боранбайұлының бағына барып, жағдайды көзімізбен көрдік. Жарамсыз болып қалған ағаштарды есептеп, алдын ала есебін шығардық», - деген Рүстем Мүлкайұлы ереженің шеңберінде төлемдердің қанша мөлшерде төленуі мүмкін екенін жуық арада айтатындарын жеткізді.
Бірегей сорттардың технологиялық картасын жасақтау үшін ғалымдардың көмегі қажет екенін де айтып өтті.
Жиынға қашықтан қатысқан ғалымдар да Қайрат Кәрімовтың бағы жөніндегі ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, «Интенсивті бақ» Қазақстан-Нидерланд орталығының жетекшісі Гүлфаридат Кәмпитова кәсіпкердің маңдай терімен құрған бақтың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл бақты құруға шетелдік ғалымдар, әсіресе, ресейлік ғалымдар атсалысты. Қайраттың бағында қазір дүние жүзінде тұқымы қалмаған сорттар бар. Егер мұндағы тектік қорды сақтап қала алмасақ, онда ақырындап басқа мемлекеттерге тәуелді боламыз. Қазақстан – алманың отаны. Ендеше алманың ең көп сорты осы жерде шығарылуы керек. Қайрат пен оның жары Розаның еңбегі ерен. Халықтың игілігі үшін ауқымды жұмыс атқарып жүр. Бәріміз оларды қолдауымыз керек», - деді Гүлфаридат Аманқызы.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғалым-селекционер Евгений Сальников бірлескен күш-жігердің арқасында қаражат тауып, құнды тектік қордың қалпына келтірілетініне сенім білдірді.
Ал биология ғылымдарының докторы, Ботаника институтының және Қазақстан ботаникалық бағының бас директоры Гүлнара Ситпаева тәлімбақтың құны өлшеусіз екенін, сондықтан жан-жақты қолдау қажет екенін айтты.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz