18.01.2021, 19:51
Оқылды: 127

Тәлімгер спортшы

Өңірімізге танымал спортшы Тельман Ғұсманов қазір зейнетте. Жасы жетпіске келсе де, волейбол ойнайды, жеңіл атлетикамен айналысады. Тельман аға Жәнібек ауылында дүниеге келді. Әкесі Ғұсман аудандық прокуратурада атшы болып жұмыс істеп, оның бір жасында бақиға аттанған. Әке-шешеден тараған үш ұл мен бір қызды аналары бағып-қағып өсірді, оқытты, адам қылып жетілдірді. Отбасындағы баланың үлкені Сембай артындағы інілері мен қарындасына қамқоршы, ақылшы-кеңесші болып, әкелерінің орнын жоқтатпады. Жәнібек жұртына жарасымды әзілімен, кең пейілімен есте қалған Сембай аға да бүгінде өмірден өткен.

Тәлімгер спортшы2

– Аудан орталығындағы Т.Жароков атындағы мектепте оқығанда волейбол ойынын жақсы көрдім. Аудандық спорт мектебінің алғашқы директоры Ғұмар Ізбасов та волейболшы болатын. Осы ойынға икемі бар балаларды спорт мектебіне шақырып, волейболдың қыр-сырын жалықпай үйрететін. Соның нәтижесінде аудандық жарыстарда жақсы жетістіктерге ие болып, ылғи жүлделі орындардан көрінетінбіз. Ғұмар ағамыз 1968 жылғы маусымда волейболды жақсы ойнайтын жасөспірімдер мен жастарды облыстық спартакиадаға алып барды, ішінде мен де бармын. Бұл облыстық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысуым еді. Сол жылы мектеп бітіргесін бір жылдай аудандық кинотеатрда көмекші киномеханик болып жұмыс істеп, 1969 жылы әскерге аттандым. Түркменстанның Мары қаласында әскери міндетімді атқара жүріп, волейбол ойынынан қол үзбедім. Әскери бөлімдердің арасында волейболдан өткізілген жарыста біз ойнаған команда үнемі бірінші орынды ешкімге бермейтін, - дейді Тельман аға бізбен әңгімесінде.

Әскерден кейін ол елге келіп, аудандық кинотеатрға қайтадан киномеханиктің көмекшісі жұмысына орналасты. Жұмыстан бос уақытында спорт мектебіне барып, волейбол ойнап, жастарды спортқа баулыды. Оның баулыған шәкірттері өзімен бірге волейболдан, жеңіл атлетикадан оздырылған облыстық жарыстарға бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Осындай спорттық жарыстарда шебер ойынымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен оны 1973 жылы жергілікті басшылық аудандық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы лауазымына тағайындайды. Сол кезде жас жігіттің болашағына аудан басшылығы зор үміт артты. Тельман да сенім үрдісінен шығуға тырысып, аудан көлемінде спортты дамытуға бар күш-жігерін салды. Аудандық комсомол комитеті, ДОСААФ, «Қайрат» ауылдық спорт қоғамымен бірлесіп, ауданда қазақша күрес, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат сияқты спорт түрлерін қалыптастырып, жетілдірді. Тельман ағаның айтуынша, сол кезде, әсіресе, волейболдан Қамысты ауылының ұлдары мен қыздары аудан бойынша алдына жан салмаған. Сексенінші жылдары әр ауылда спартакиада оздырылған. Мұның өзі жұртшылықты спортқа жұмылдырумен қатар ауылдарда спорт алаңдарының салынуына септестіруші болған. Сондай-ақ 1985 жылы ол басқаратын дене шынықтыру және спорт бөлімі аудандық оқу бөлімімен тізе қосып, мектептерде алғашқы әскери дайындықты жетілдіру үшін ашық мылтық ату тирі, кедергілермен жүгіру алаңдарын салып, болашақ әскерге баратын жастардың жаттығуына жағдай жасады. Жыл сайын көктемгі және күзгі әскерге шақырылатын жастар ГТО нормативтерін тапсыру сынақтарынан өткен. Сол 70-80-жылдары аудандық комсомол комитетімен бірлескен түрде жастар арасында «Зарница», «Орленок», «Былғары доп», «Алтын шайба» атты жарыстар ұйымдастырылып, көшелер мен аулааралық сайыстар жиі өткізілді. 1975-1990 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің басшылығымен қыс кезінде әр ауылда өздерінің кубогі үшін мекемелер арасында бірнеше спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырды. Тізе берсек, аудан, облыс, республика көлемінде мұндай айтулы жарыстар көп болды. Жәнібек ауданының спорт жөніндегі рейтингісі облыс бойынша алдыңғы қатарды бермеді. 1977 жылы республикалық спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев Оралға келіп, автокөлікпен Волгоград облысына қарасты Басқұншақ ауданындағы қайтыс болған туысқанына бара жатып, Жәнібек ауылының үстімен өтіпті. Сонда ол бұрынғы аудандық спорт мектебінің ауласында футбол, волейбол ойнап жүрген жастарды көріп, қатты разы болыпты. Алматыға барғасын Орал облыстық спорт комитетінің төрағасына телефон соғып: «Сіздердің Жәнібек дейтін аудандарыңызда бұқаралық спорт кең қанат жайған, өз көзіммен көрдім» деп жәнібектіктердің спорт деңгейіне жоғары баға берген.

Бұдан 35 жылдай бұрын Тельманды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шыныбай Шарафеддинов кабинетіне шақырып алып, көршілес Волгоград облысының Палласовка қаласында ауыл шаруашылығы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізілетінін, соған Волгоград және Орал облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары қатысатынын айтты. «Сонда көкпар тартудан алғаш рет сайыс болады. Бұндай жарысты Палласовка мен Жәнібек аудандарының жұртшылығы бұрын-соңды көрген жоқ. Соған біздің ауданның әр совхозы көкпар тартушы жігіттерімен бірге аттарын да береді. Олардың бәрі де Қайрат совхозының «Большевик» фермасында болады. Аттардың жемі, суы сонда. Атбегілер жылқыны күтіп баптайды. Мал дәрігері де қастарыңызда болады. Өзің де сонда барып, екі апта бойы жігіттерді көкпар тартуға баулисың», - деп аудан басшысы Тельманға тапсырма беріпті. Бір айта кетерлігі, орыс жерінен бұл сайысқа команда қатыспайды, себебі бұл ойын олардың өңі түгіл, түсіне де енбеген. Оны айтасыз, тіпті біздің облыста да көкпар тарту ойындарының өте сирек өткізілетін кезі еді бұл. Сондықтан көкпар тартушы 14 жігіттен құралған екі команда да Жәнібектен болып, Палласовкада тұңғыш рет ұлттық ойынның осы түрін көрсетті. Тельман аға бастаған көкпаршылар тобы алаңның екі шетіндегі көкпар салатын қақпаны ақ бормен дөңгелектеп сызып, ортасына қызыл жалау тікті. Бір жақсысы осылай еткенде көкпар сайысында аттардың бір-біріне соғылысуы, жазатайым мертігуі болмайды екен. Ресейде өткен сайыстағы көкпаршы жігіттердің өнеріне Шыныбай Шарафеддинұлы қатты разы болып, олардың барлығына да сыйлық тарту етіпті. Сол жылы, дәлірек айтқанда 1986 жылдың күзінде Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мерекесіне байланысты көкпар сайысы Оралда өткізіліп, оған Жәнібек, Жаңақала, Фурманов (қазіргі Жалпақтал) аудандарының көкпаршылары қатысқан. Сөйтіп, Тельман Ғұсмановтың айтуынша, облыста көкпар сайысының алғаш ұйымдастырылып, өткізілуі қашанда жаңалыққа, тың істерге құштар басшы Шыныбай Шарафеддиновтың ынталылығы мен қажырлығының арқасында Жәнібек ауданында бастау алған.

Алайда сол жылдарда аудан көлемінде спорт залдарының аздығы, алаңдардың өз дәрежесінде болмауы ауыл спортының айтарлықтай өсіп, өркендеуіне кедергісін тигізді.

– 1988-1990 жылдары аудан орталығында бұрынғы спорт мектебінің орнына жаңадан ғимарат салу мәселесі көтеріліп, қажетті құрылыс материалдарына тапсырыс берілді. Спорт мектебі – құрылысының материалдарын бір жыл күттік, келмеді. Сосын 1989 жылы сол материалды сұрауға Алматыға бардым. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков біздің ауданнан сайланған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын. Оның көмекшісіне жолығып, келген шаруамды айтқанымда, құрылыс материалдарының ауданымызға жеткізілетінін білдірді. Құрылыс материалы Солтүстік Қазақстаннан алынатын болды. Сөйтіп, 2-3 айдан соң материал Жәнібекке жеткізілді. Сол екі арада елдегі жағдай қиындап, Кеңес Үкіметі ыдырап, ақырында тарап тынды. «Байтал түгілі бас қайғы» болып жүргенде спортзал ескерілмей, салынбай қалды, - дейді Тельман Ғұсманов өз сөзінде.

Спортты серік еткен Тельман аға 1991 жылы аудандық спорт комитеті төрағасы қызметінен аудандық ДОСААФ-тың төрағалығына ауысты. 1992-1997 жылдар аралығында аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы болды. Бұдан кейінгі кезеңде Т.Жароков атындағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді. Ал 2001 жылдан бастап табаны күректей он жыл бойы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет етті. Оның спорт саласындағы сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, көптеген марапат алды. Соның бәрін санамағанның өзінде «Республиканың құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталуының өзі бір төбе. Республикалық дәрежедегі төреші атағы да бар. Ол – отбасында төрт перзент тәрбиелеп өсірген абзал әке. Үш қызының бірі Әсел әке жолын қуып, дене тәрбиесі институтын бітірген. Оралдағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болды. Қазір Орал қаласындағы мұз айдыны спорт кешенінде әдіскер болып қызмет  істейді.

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале