Биыл Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да халықаралық сараптамалық конференция өткен еді. Осынау алқалы жиында түрлі мемлекеттен келген ғалымдар баяндама оқыды. Халықаралық басқосуда шетел зерттеушілері орыс, ағылшын тілдерінде өз жұмыстары туралы әңгімеледі. Әрине, ғылымды дамытып, білімді жетілдіру жолында тіл түсінбеушілік тосқауыл бола алмайды. Ағылшын мен орыс тілдерінде берілген ақпараттар да «ауадай» құнды. Бірақ Қытай халық республикасының Тарим университетінен келген Ғұнымгүл Мұхатай мінбер басында дайындаған баяндамасын қазақ тілінде судыратқанда, «селт» еткенімді жасырмаймын. Қандасымыздың ана тілін ұмытпауы, әсіресе «Ата жұртымның ауыл шаруашылығы дамысын» деген ниетімен әкелген ғылыми пайымдары бізді қатты қуантты.

Іс-шара бітісімен келген қонақтар түскі асқа қамданып, қонақүйге қарай бет түзеді. Біз де өз жөнімізбен редакциядағы жұмысымызға жол тарттық. Зашаған кентінен қала орталығына жеткенге дейін санамды алқымдаған ой орамдарына батып келдім. Осы күндерге дейін қытайдағы қандастар маған мүлде кезікпеген. Алайда Моңғолия мен Қытайда тұратын қазақ диаспораларын тауып, олармен сұхбаттасуды іштей армандап жүруші едім. Сондықтан ол кісіге жолықпағаным дұрыс болмас деп, ғылымның қарашаңырағына айналған оқу ордасына қайта бардым. Қонақүйде тынығып жатқан жерінен кездестік, сыр-сұхбатымыз сағаттарға созылды. Кейіпкер сол күні кешке ұшатынын айтып, әңгімеміз біткен соң сәт-сапар тіледім. «Соңымнан іздеп келер қазағым бар екен» деп ол да қуанып, Тәңіртаудың арғы бетіндегі қандастарға Ақ Жайық жұртының сәлемін жеткізетінін айтты.
Профессор Ғұнымгүл Мұхатай Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң өлкесінде туып-өскен. Бала кезінде ата-анасынан ерте айырылып, жетім қалған. Туыс ағайындары мен көрші-қолаңдарының арасында өрімдей қыз «жетімдіктің» азабын аса қатты тартпай, бойжеткен. Қазақшасы күміс сыңғырындай жағымды. Мақал-мәтелдерді орынды қолдануы сүйсіндіреді. Ал сөзді сөзге жанып, ана тілімізде мүдірмей, әдемі сөйлегені өз алдына бөлек әңгіме. Толқынды шашы иығына түскен, талдырмаш денесіне қазақтың ою-өрнегімен әдіптелген кеудеше-жәкеті қонымды-ақ. Қандасымыз ғылымның шымылдығын тоқсаныншы жылдары түрген. Қазақстанға алғаш 2004 жылы келіпті. Дегенмен сол кездегі тәуелсіз елде өмір сүретін халықтың сөз қолданысы оның көңілін онша көншіте қоймаған. «Бұл жыл бодандық бұғауынан босаған, тәуелсіздік жолында тәй басқан таңсәрі тұс қой. Қазіргі кезде елде қазақ тілі бұрынғымен салыстырғанда жақсы қалыптасқан» дейді кейіпкеріміз. «Елім-ай» деп шекараның арғы бетінде қалса да, ана тіліне деген мұнша құрметі насихаттауға тұрарлық дүние емес пе?!
Бүгінде Қытайда 1,5 миллионға жуық этникалық қазақ тұрады екен. Әрине, миллиардтардың арасындағы миллион жүздің біріндей ғой. Олар қазақ тілімен қатар қытай тілін де қоса алып жүруге мәжбүр. Жергілікті тұрғындар қазақша сөйлегенімен, ол жердегі білім мен ғылым – қытай тілінде. Бөгде тіл мен бөтен сөзді ортада өз тіліңді сақтау – «қайраткерлік» десең жарасар!
– Қытай мемлекетіне қарасты өлкеде өсіп-жетілсек те, біздің бар болмысымыз – қазақ. Ондағы жұрт өз ана тілінде сөйлейді. Салт-дәстүр, жөн-жоралғыны үнемі орындап, соңынан ерген жастарға насихаттайды. Буыны бекіген балаларымыз жадына сіңірген тәлім-тәрбиесін келер ұрпаққа жеткізеді. Бұл – жылдар бойы жалғасып келе жатқан ұстанымымыз. Осының нәтижесінде біз «қазақтығымызды» жоғалтпай келеміз, – деді Ғұнымгүл ханым.
Ғұнымгүл Мұхатай 1990 жылы Қытайдағы Тарим университетінің ауыл шаруашылығы мамандығына оқуға түскен. Аталмыш университетті аяқтаған соң өзі білім алған оқу ордасына қызметке орналасады. Талабы таудай бойжеткен Ғұнымгүлдің студент кезінен ғылыми-зерттеу жобаларында маңдайы жарқыраған көрінеді. Бүгінде Тарим университетінде еңбек етіп келе жатқанына отыз жыл болған. Алғашында ірі қара мен қой шаруашылығына ден қойған ол уақыт өте келе елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Қазір Тарим университетінің профессоры, Phd докторы. Зерттеу бағыты – мал тұқымдарын асылдандандыру, генетикасы мен селекциясы және оны өндіріске енгізу. Соның ішінде құс шаруашылығымен шұғылданып келе жатқанына 30 жыл болған. Шыңжаңның оңтүстігінде орналасқан Тянь-Шань өңіріндегі жергілікті тауық тұқымдарын қорғауда зор іс тындырған. 2004 жылдан бері жылқы түлігін зерттеумен айналысады. Ет және сүт өнімдерін молынан алу үшін бірнеше ғылыми жоба дайындап, оны таныстыру мақсатында шет мемлекеттерге шығып үлгерген. Дәл сол жылы, яғни 2004-те жазған ғылыми еңбегі оны Орал қаласына жетелеп әкеледі. Нақтырақ айтсақ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ басшылығы іс-тәжірибе алмасуға қандасымызды арнайы шақырады.
- Менің ғылыми еңбегімді елеп-ескеріп, біраз оқу орны тәжірибе бөлісуді ұсынды. Бірақ Орал қаласынан түскен шақыртуға бүйрегім бұрды да тұрды. Себебі Орал, Ақтөбе қалаларындағы қазақы жылқылар аса көп өзгеріске ұшырамай, байырғы тұқым-тегін сақтаған. Егер менен біреу «Жылқы шаруашылығымен айналысқым келеді. Қай жақтан сатып алуға кеңес бересіз?» десе, оған ойланбай Мұғалжар мен Көшім жылқысын ұсынар едім. Жері шұрайлы, ауа райы да түлік өнімінің мол, күйлі болуына сеп. 1980 жылдан кейін жылқының орнын техника басты. Сөйтіп, біздегі жылқы шаруашылығы жиырма жылға тұралап қалды. Кейін елдегі ауқатты байлар ағылшын, араб жылқыларын сатып әкеліп, бәйгеге қосуды сәнге айналдырды. Қазір халықтың көп бөлігі жергілікті жылқыны «жабайы» көреді. Осы нашар көзқарастың нәтижесінде бір жылдары шетелден көптеп жылқы алып келгендер де болды. Мен мұны мүлде құптамаймын. Керісінше, жергілікті жерде өсіп-өніп, табиғат құбылысына бейімделген жылқылардың санын арттыру қажет. Мәселен, біз тұратын мекенге іргелес Алтай тауы бар. Таулы аймақта мінуге шыдамды жылқыларды сақтап қалу – өзекті мәселе.
Шыңжаңда төрт жергілікті, арнайы зерттеу жұмыстарының оң нәтижесі есебінде будандастырылған екі мақсатты тұқым бар. Жұрт мені Шыңжаңдағы жергілікті жылқы тұқымдарының мемлекеттік маманы ретінде жақсы таниды. Ет және сүт өнімдері бағытындағы жылқы жөнінде дайындаған зерттеу жұмыстарымды шаруа қожалықтары іске асырып, пайдасын көруде. Қазақша айтқанда, қорамда қотыр тайым болмаса да, менің жобам арқылы көл-көсір өнім берген жылқыларды өзімдікіндей көремін, – дейді кейіпкер.
Оның айтуынша, қыл құйрықты жануарды өз бетінше будандастыру түптің түбінде тұқымды тұқыртады екен. Ғылыммен зерделенбеген гендік алмасу пайда әкелмейді дейді. Сондай-ақ топыраққа құнарлы қоспалар дарытып, жақсы жем-шөп өндіргенді жөн санайды.
Кейіпкер қазақ, қытай, ұйғыр, моңғол, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Әлем елдеріндегі жылқы өнімдері хақында да өзіндік пікірі бар.
– Әлем бойынша жылқының сүтін ішіп, етін жейтін екі ғана ұлт бар. Ол – қазақ пен қырғыз. Мәселен, моңғолдар жылқының сүтін ішкенмен, құрбандыққа тым сирек шалады. Ағылшындар мінумен ғана шектеледі. Жылқы етін француздар азық қылса, аргентиндіктер тек экспорттайды. Бұрын түркі тілдес тайпалар жылқы малын союға тыйым салған. Себебі ол замандағы бірден-бір көлік құралы – жылқы жануары. Ұрыс даласында қай тараптың жылқысы көп, солар жеңіске жетеді деген ұғым қалыптасқан. Қымызды өндіру әдістері бойынша Германия патент (ресми құқықтық құжат) алды. Дәл солай қазыны да өзгелер қолды қылып кетуі мүмкін. Қымызды әкетті деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Себебі қымызды ашытудың үш мың түрлі әдісі бар. Қымыздың қышқылдығын шамадан тыс асырып, ішімдік ретінде пайдаланатындар да жоқ емес. Соңғы кезде бұл кең етек жайып барады. Жастарымыз қымызға онша ден қоймай келеді. Егер біз бие сүтінен құрт, балмұздақ, тас кәмпит секілді өзге өнімдер жасасақ, отандық тауар жастар арасында кеңінен таралып, сұранысқа ие болушы еді. Саумалдың да емдік қасиеті мол. Бірақ оны пластик құтыларда емес, шыны ыдыстарда сақтаған дұрыс, – дейді.
Байқасаңыз, Ғұнымгүл ханымның есімі де ерекше. Әңгіме аясы отбасы тақырыбына ойысқан сәтте «Есіміңіз ел ішінде сирек кездесетін сыңайлы. Сіз – менің ерекше есімді тұңғыш кейіпкерімсіз. Оқырмандарымызға есіміңіз жайлы айтып бересіз бе?..» дедім.
– Түркі және моңғол халықтарының арғы аталары саналатын Ғұн тайпасын білесіз ғой, иә? Олар Қытайдың солтүстік аймағында пайда болып, кейін бүтін Еуразияға үстемдік еткен. Қазақтар бір-бірін «Қазағым» демей ме, сол сияқты біз де бір-бірімізді «Ғұным» деп еркелетеміз. Осы арқылы ұрпағымызға өзінің түп-тамыры қайдан шыққанын ұғындырамыз. «Ғұнымға» гүл сөзін қосарлап, қыз баласына қатысты ерекше есім шығарған ғой аталарымыз. Отбасымда күйеуім мен екі балам бар. Үлкені тіс дәрігері мамандығында оқып жатыр, кенжем мектеп қабырғасында. Күйеуім де ғылымнан алыс емес. Мен жылқы жануарын, ол ірі қараларды зерттеумен айналысады, – деді Ғұнымгүл ханым.
Былтыр Ғұнымгүл ханым «Қызың Қазақстанда оқысын» деп, Қытайдағы көршісін үгіттепті. Әкесі бие сауып, қымыз жасаумен айналысқасын қызы Сәния да осы арнадан ауытқымауды жөн санапты. Қазір ол Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да білім алып жатыр. Ғұнымгүл ханымға амандасуға келген Сәния көзі жәутеңдеп, біздің сұхбатымыздың бітуін тағатсыздана күтіп отырды. Әңгімеміз аяқталған соң екеуі құшақтасып, мәз-мейрам болысты. «Бұл – менің қызым. Осында оқы деп өткен жылы мен айтқан едім. Соны орындады. Бір-бірімізді қатты сағынып қалыппыз...», – деді Ғұнымгүл Мұхатай.
Студент қыздан қай мамандықта оқитынын сұрадым. Ол «ветеринария» деген сөзді буынға бөліп, қинала айтты. Жасырып қайтейік, қарындастың, сірә, тұтықпасы бар-ау деп қалғанымыз рас. Алайда қазақшасы ағып тұр. Сөйтсек, мүлдем қате ойлаппыз. Кейін Ғұнымгүл ханым: «Алтай қазақтары бірде-бір орыс тілін қолданбайды. Баланың тілі таза қазақ тілінде шыққасын, басқа тілдегі сөздерге бастығу қиынға соғады», – деді бізге. Сосын Сәнияға қарата «қызым, «ветеринария» деген сөзді айта алмай тұрғаныңа еш қымсынба. Қайта өз жерінде ана тілінде бірауыз сөйлем құрай алмайтындар сенен ұялсын» дегенде өзімнің ұялып кеткенім-ай!.. Өйткені арамызда өзі қазақ бола тұра, қазақша сөйлей алмайтын талай «жарылған жұмыртқа» жүргені рас емес пе?!
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»