Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған құбылыстары, өршіген милитаризацияға куә болып отыр. Осындай жағдайда біздің мемлекетіміз айқын бағдар ұстануда, ықтимал қиыншылықтарға қарсы шаралар қабылдап келеді. Өміріміздің сапасы үшін халық үніне құлақ асу барған сайын қанаттануда.

Сурет: gov.kz
Міне, мына жыл Қазақстанның келешегіне тікелей ерек ықпал ететін белес болмақ. Қоғам қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес реформалар үдерісі үздіксіз жалғасуда. Өткен аптада жаңа Конституциямыздың жобасы жарияланды. Демек, халқымыз ертең референдумда қолдаса, мәтіннің 80 пайыздан астамына өзгеріс енгізілетін Ата Заңға ие боламыз. Бұл жайында қастерлі Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтай отырысында Президентіміз кеңінен баяндап өтті. Енді алдағы кезде біраздан бері талқыланып келе жатқандай, халық қаласа, саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтетін бір палаталы Парламент болады. Жалпы, жаңа негізгі заңымыздың жобасы – ел тағдырына риясыз жанашыр азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың ашық та егжей-тегжейлі талқылауларының айғағы. Мүлдем жаңарған Конституция дүниеге келеді. Айталық, мысалы, жобада адам құқығы мен бостандығына қатысты қағидалар әлдеқайда дәлденді, тиісті кепілдік күшейтілген. Неке туралы түсінік енгізілді. Зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету көзделді. Адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет бекітілмек. Вице-президент лауазымы енгізілмек.
Жобаны дайындауға білікті тіл мамандарының да қатыстырылуы, преамбулада ұлттық құндылықтарымыздың айшықтау, жерімізде өркениет пен мемлекеттік тарихының тереңділігі нақты көрініс табуы да мәселенің көкейкестілігін әбден танытады. Сондай-ақ цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі ескерілмек. Алдағы уақытта Парламент атауын тарихи аясы халқымызға жақын Құрылтай деп өзгерту, тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа бола алатын Халық кеңесін құрып, оған қазіргі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың міндеттерін жүктеу де тарихымыздағы айрықша бетбұрыс, түпкі құндылықтарымызға бекем дендеуге құтты қадам болары кәміл. Соның бәрі Конституцияда арнайы бөліммен және конституциялық заңмен реттелмек.
Иә, Қазақстанның мемлекеттік құрылысында соны кезең шеру тартуда. Біздің ақжайықтықтар да бүкіл өзгерістерге ешқашан бейжай қарамайды деп білемін. Өйткені қазіргі бір ақиқат сол – немқұрайлылық, селқостық танытуға болмайтын дәуірдеміз. Сергектік, прагматизм, ұғыныстық керек-ақ тағдырлы кезеңдеміз.
Болат Қосжанұлы,
еңбек ардагері