Бұл қазақ жерінде бой көтерген алғашқы халықаралық жәрмеңкелердің бірі. Жәрмеңке Қарқаралы - Қызылжар жолы бойындағы Қоянды бекеті маңында өткізіліп отырғандықтан, оны «Қоянды» жәрмеңкесі деп атаған. Кейбір дерек көздері жәрмеңке 1848-1930 жылдары тұрақты жұмыс жасағанын айтады.

Жәрмеңке алғашында жылына бір рет 25 мамыр - 25 маусым аралығында өткізілсе, кейінен күзге дейін созылған. Жәрмеңкенің жылдық тауар айналымы 1,5 миллионнан 3 миллион сомға дейін артып отырған.
Жәрмеңкеге Қытай, Ресей және Орталық Азиядан мата, қант, айна-тарақ, ине-жіп тағы басқа тұрмыстық заттар әкелінеді. Басында Қытайдан, Ресейден және Орталық Азиядан келген саудагерлер мен көпестер саны көп болса, ХІХ ғасырдың соңына қарай мал мен мал өнімдерін сататын қазақтардың саны артқан.
Егер бұрындары сырттан әкелінген тауарлардан түскен қаражат көп еселенсе, кейіннен мал мен мал өнімдерінен түскен қаражат есебінен тауар айналымы артады.
Айталық 1902 жылғы жәрмеңкенің тауар айналымы 277 3000 сомға жетсе, оның жартысынан жуығын (120 5705 сом) мал мен мал өнімдері құраған.
Жәрмеңке кезінде қазақтың белсенді азаматтары қазақ тұрмысы, қазақтың болашағы, қазақтың әлеуметтік-саяси мәселелері төңірегінде өзара пікір алмасып отырған.
Осы Қоянды жәрмеңкесінде 1905 жылдың 26 шілдесінде болашақ Алаш қозғалысының басы «Қарқаралы құзырхаты» жазылғаны белгілі.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz