Орал қаласындағы бірінші Президент алаңында облыстық полиция департаментінің қызметкерлеріне жаңа қызметтік автокөліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс басшылығы, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері және полиция департаментінің жеке құрамы қатысты.

Іс-шара барысында ішкі істер құрылымдарының жедел-тергеу бөлімшелеріне арналған 81 аутокөліктің кілті тапсырылды.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбектеріне ризашылығын білдірді. Өңір басшысы құқық қорғау саласының қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін сақтаудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразәлиев жеке құрамды айтулы мерекелермен құттықтап, тәртіп сақшыларына жүктелген жауапкершіліктің қашанда жоғары екенін айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі. Бұл күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан бірқатар қызметкерге кәсіби біліктілігі, қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғысхаттар табысталды.
Республикалық бюджет есебінен алынған жаңа аутокөліктер полиция жасақтарының материалдық-техникалық әлеуетін күшейтіп, қызметкерлердің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырмақ.
Айта кетейік, аутопаркті жаңарту – ішкі істер құрылымдарының жұмысын жетілдіруге бағытталған жүйелі шаралардың бірі. Салтанатты рәсім полиция қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген құрмет болды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»