15.03.2022, 9:15
Оқылды: 3

Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мұғалімдер бар

Өткен жылы облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті педагогикалық әдеп және педагогтердің құқығын қорғау мәселелері бойынша 13 отырыс өткізген. Онда «Педагог мәртебесі туралы» заңы ауқымында бірқатар мәселелер қаралған. Соның нәтижесінде екі  басшы, бір орынбасар, алты мұғалім тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

гульнар сарсенгалиева

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте департамент басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиева айтты.

2021 жылы аталмыш департамент 83 тексеріс жүргізген. Оның ішінде 33 білім беру ұйымына арнайы барып, профилактикалық тұрғыдан бақыласа, алты мекемеге лицензияалды тексеріс, 18 білім беру ұйымына арыз бойынша, 1 мекемеге мемлекеттік органның тапсырмасымен барса, 25 білім беру мекемесін нұсқаманың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексерген.

Гүлнәр Ақмырзақызының айтуынша, арнайы барып тексерген 30 мектепте, 3 колледжде  бұзушылықтар анықталып, нұсқама берілген. Тексерілген 33 білім беру ұйымында 203 заңбұзушылық анықталған. Ауырлық дәрежесіне қарай топтастыратын болсақ, 72 өрескел, 52 елеулі, 79 болмашы заңбұзушылық.

– Негізгі кемшіліктерге тоқталсақ, «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес 40 бұзушылық анықталды. Соның ішінде педагогтің уақтылы біліктілік арттыру курсынан өтпеуі, мектептерде және мектеп жанындағы шағын орталық пен балабақша-бөбекжайларда тиісті дипломы бар маманмен қамтылмауы, педагогтердің біліктілік санатының деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттырудан (растаудан) өтуге қатысты кемшіліктер жетерлік. Сонымен қатар «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» бұйрығының  бұзылуына жол берілген. Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары бойынша да кемшілік көп. Мәселен, негізгі жұмыс орны лицензиат болып табылатын мұғалімдердің сапалық құрамы белгіленген талаптан төмендігі, білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ететін оқу үй-жайларының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды актілерінің болмауы, интернет желісіне қосылған компьютерлермен жарақтандырылмауы, бейнебақылау жүйесінің талапқа келмеуі, бастауыш білім беру үшін жеке пайдалануға арналған жабдықталған шкафтардың, негізгі орта және жалпы орта білім беру үшін жабдықталған зертханалардың болмауы. Кейбір мектептерде ағымдағы, аралық, қорытынды аттестаттау білім саласындағы заңнамалардың талаптарына сай өткізілмеген, – дейді білім беру ұйымдарының кемшілігін жіпке тізген  департамент басшысы. Сондай-ақ брифингте колледждер бойынша да заңбұзушылықтар анықталғаны белгілі болды. Жалпы, профилактикалық бақылаумен қамтылған үш колледжде  19 (9 өрескел, 3 елеулі, 7 болмашы) заңбұзушылыққа жол берілген.

Профилактикалық бақылау нәтижесінде нұсқама беріліп,  нұсқамаларды  орындау мақсатында 25 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.  Нұсқаманы орындамай, кемшіліктерді уақытында түземеген екі мектеп бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалы сотқа  жолданған. Соттың қорытындысы бойынша екі білім беру ұйымы 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке  тартылған.

– Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 18 арыз бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 7 әкімшілік іс қозғалып, 6 лауазымды,  1 заңды тұлғаға айыппұл салынды. Екі білім беру ұйымының лицензиясы уақытша тоқтатылды. 13 білім беру ұйымына  кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді. 10 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, 9-ы аттестатталмады. 2021 жылдың қыркүйек айынан бері барлық білім беру деңгейіндегі білім беру ұйымдарына мемлекеттік аттестаттау басталды. Білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттау мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (МЖМБС) талаптарының сақталуын бақылау және білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында бес жылда бір рет бармай  профилактикалық бақылау арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік аттестаттау аясында оқушылардың білімдерін бақылау, ата-аналарға са-уалнама жүргізу, білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалауы көзделеді. Өткізілген тестілеудің талдауы жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасының төмендігін көрсетіп отыр. Соның  ішінде математика, физика, химия, биология пәндері бойынша білім сапасы төмен.  Президент Қ. Тоқаев «Бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет» деген. Сондықтан жоғарыда аталған пәндерге ерекше назар аудару керек, – деп атап өтті Гүлнәр Ақмырзақызы.

photo_319723

Білім беру қызметін лицензиялау мәселелері мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан лицензия және оларға қосымша  алуға, қайта рәсімдеуге 474 өтініш келіп түскен. Лицензиясыз қызмет атқарған екі білім беру ұйымы бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа жолданып, тағы бір материал дайындалу үстінде екен. «Көптеген жеке меншік балабақшалар мекемені ашу туралы хабарлама жіберу қажеттілігі туралы ҚР заңнамасының талаптарын білмейді немесе елемейді» дейді мамандар. Үш балабақша «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңына сәйкес хабарлама жібермей қызмет атқарғаны үшін материалдары сотқа жолданып, білім беру ұйымының  басшылары ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале