30.11.2021, 17:58
Оқылды: 208

«Тәуелсіздік – ел тілегі, ал Елбасы – ел тірегі»

1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні – бүкіл елден қолдау таба білген мереке. Бұл мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мейрамның маңызы да ерекше. Тарихы да тереңде жатыр. 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы», «Қазақстан Республикасы Заңына толықтыру енгізу туралы» Заңы қабылданған болатын.

Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгіледі. Өйткені 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ елі өзінің Тұңғыш Президентін - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. 

День Президента

Қазақстанның тағдырын өз қолына алған Елбасы дәл сол жылы 16 желтоқсанда бабаларымыздың арманына айналған Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін бүкіл елге жариялау бақытына ие болды. Ол елге тәуелсіздік сыйлаған тұлға ретінде де үлкен құрметке ие.

Мемлекетті басқару тізгінін қолға алғаш алған сәтте Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын, алайда, жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын ескертіп, туған халқын тұғырлы биіктерге бастауға уәде еткен болатын. Ұлағатты ұстанымын тереңдете түскен Ұлт Көшбасшысы елдегі тыныштық пен бірлікті мызғымас берік қалыпқа түсірді, әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін жоғары деңгейге жеткізді. Тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқаты артып, тәуелсіз мемлекеттің сыртқы елдермен қарым-қатынасы қанатын кеңге жая түсті. Нәтижесінде Қазақ елі әлемде өзіне тән жасампаз үні бар ықпалды мемлекеттердің қатарына қосылды.

Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен келеді.

Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі.

Қазақ тарихында Жәнібек пен Керей, Қасым мен Абылай, Кенесары сияқты көптеген тұлғалар сынды халқын ақылмен, парасатпен басқарған. Солардың сара жолымен, сындарлы саясатымен егеменді елімізді басқарған Тұнғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орны ерекше.

Тұңғыш Президент есімі Егемендік, Тәуелсіздік, Қазақстан, Отан, Бірлік сияқты ұғымдармен қатар айтылады. Ұлт Көшбасшысы – татулығымыздың, береке бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың кепілі.

Тарихи өлшем тұрғысынан алғанда аз ғана мерзім аралығында Қазақстан талайды таң қалдырып, еріксіз тамсандырған, өзгелерге өнеге боларлық сипаттағы бәтуалы істерге батыл түрде бара білді. Ондаған жылдар бойы барша қазақ халқының қасіретіне айналған Семей полигонының Тұңғыш Президент Жарлығымен жабылуы – соның айғағы. Сол арқылы Қазақ елі жер-жаһанға өшпес өнеге көрсетті, әлем жұртшылығының алдында абыройы асқақтады.

Елбасымыз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Салмақты құжатта тәуелсіздік тәжірибесі бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді.

Осы жылдар ішінде Қазақстан өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында әлемдік бағытта келе жатыр. Қоғамдық саяси өмірдегі біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз мемлекетімізді әлемдік қауымдастықтың мойындауына мүмкіндік туғызып, өзінің лайықты орнын алды.

Біздің еліміздің және Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделін Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, осы ұйымға қатысушылардың Астанада қазіргі кездегі  (Нұр-Сұлтан қаласы) өткен Саммитін айтуға болады. Еліміздің және оның Тұңғыш Президентінің жетістігі ретінде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі кеңесіне сайлануын да мысал ретінде келтіруге болады. Ал 2017 жылы біздің елорда қаласы әлемдегі ең ірі ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізетін орынға айналды.

Шындығында, Тұнғыш Президентіміз елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Осы егемендігіміз арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Міне, халық сайлаған Елбасы әрқашан осындай жарқын істердің шыңынан табылып отырды.

Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялап, егемендік алғаннан бері де, міне, 30  жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында Қазақстанды барша әлем таныды. Әлемдегі жоғары дамыған өркениетті мемлекеттермен тәуелсіз Қазақстан терезесі тең, беделі жоғары, болашағы зор мемлекет болып қалыптасты. Мәдениетіміз, өнеріміз, экономикамыз, білім мен ғылымымызбен өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылдық деп барша қазақстандықтар мақтанышпен айта алады.

Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуметті елге айналдық. Еліміздің шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік.

Еліміздің осындай ерен табыстарына қуана отырып, біздер тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қол жеткізген жеңістері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен атқарылғанын сезінеміз.

Өз Отанымен бірге осы жылдар арасында еліміз егемендік алған күннен бастап алғаш құрылған ішкі әскер де дами бастады. 1992 жылдың 10 қаңтарында  Тұңғыш Президент Ішкі әскердің құрылуы туралы заңға қол қойды. 1992 жылдың 23 маусымында «Қазақстан Республиксының Ішкі әскер туралы» Заңына қол қойды. Бұл ішкі әскердің міндеттері мен қызметін анықтайтын бірінші құқықтық акт болды. Содан бері әскерлердің тарихы мен дамуы Тұңғыш Президенттің атымен тығыз байланысты.

2014 жылғы 21 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның Ішкі әскерлерін Ұлттық ұланына айналдыру туралы Жарлыққа қол қойды және 2015 жылғы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл ұрпақтардың сабақтастығын бейнелейді және Ұлттық ұлан  азаматтар мен қоғамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және басқа да заңсыз шабуылдардан қорғауға арналған Ішкі әскердің тікелей мұрагері екенін көрсетеді.

Бүгінде әскерлер өз қызметін заңды негізде ұйымдастырады. Әскерлер әскери қызметшілері қарауыл, әскери жасақ құрамында тәулік бойы еліміздің ірі қалаларында қоғамдық тәртіпті сақтау,  түзету мекемелерінің және маңызды қоғамдық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күрделі жауынгерлік қызмет атқарады.

Осы мейрам күндері  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қызметтік - жауынгерлік тапсырмаларды толығымен орындайды, Қазақстанның біртұтастық және тәуелсіздік идеяларын мұраға қалдырған ұлы батырларымыз бен аға буын қазақстандық – жауынгерлердің әскери дәстүрлерін жалғастырады және арттырады, алыс және жақын тарихымызға мәңгілік тағзым етеді.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан эволюциялық жолмен, бейбіт дамудың нәтижесінде саясатта, экономикада, халықаралық қатынастарда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен биік белестерге көтерілді. «Тәуелсіздік – ел тілегі, ал Елбасы – ел тірегі» екенін өмірдің өзі растап отыр. Қазақстанның бір тұтастығын, демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет екендігін, адам құқықтарымен бостандықтарының үстемдігін паш еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін тойлау өте орынды, қуанышты оқиға. Өйткені тәуелсіз Қазақстанда Президент біреу, ал ел халқы оған әр уақытта тіреу. Қазақстанның өркендеуіне, дамуына өркениетті озық елге айналуына үлес қосу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Олай болса мереке құтты болсын, еліміз өркендеп, дами берсін.

 Ерден Балғымбаев,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы

полковник  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале