Ұлтымыздың бүгінгі орта және аға буын өкілдерінің бәрі – кеңестік оқыту жүйесінен тәлім алғандар. Өткеннің бәрі жасырын емес, бүгінгінің бәрі асыл емес дегендей социализм дәуіріндегі білім беру тәсілдерінің қазіргі күні пайдаға асатын тұстары жоқ емес. Ал тиімсіз тұстары дегенде оқушылардың қарым-қабілетіне қарай белгілі бір мамандықтардың бағытына бағдарлай алмағаны. Мазмұн да, мақсат та бірдей жалпы білім берудің бірыңғай қасаң қағидалары жағдайында жүзеге асырылды. Аталған кезеңде қосымша факультативтік сабақтар, үйірмелер мен секциялар секілді тәсілдер қолданылғаны рас. Әйтсе де, мұның бәрі жас жеткіншектердің бойында бұғып жатқан ерекше қабілетін ашуға және таңдаған мамандығына ертерек бейімделуіне көмегін тигізе алмады.
Тәуелсіздік талаптарына орай, ең алдымен, елордада Тәуелсіздік бесігі атанған – Алматыда, бұдан соң облыс және аудан орталықтарында жаңа форматтағы инновациялық білім беру орындары – гимназия мен лицейлер және мамандандырылған мектептер кеңестік оқыту жүйесінде орын алған осындай олқылықтың орнын толтыра бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары іспеттес мұндай мектептерде оқыту сапасының жоғары болуына баса назар аударылды. Әрі мұндағы білім беру деңгейі әлемдік стандарттарға сәйкестендірілді. Облысымыздағы білім беру саласының майталманы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Н.Дәулетовпен әңгімеміз осындай бағытта өрістеді.
– Нәсіпқали Дәулетұлы, тәуелсіздіктің алғашқы тұсында облыс аумағында ашылған жаңа типтік мектептердің ең алғашқыларын атап бере аласыз ба?
– Жаңа оқыту жүйесінің өкілі болғандықтан, бұл бағыттағы өзгерістерді назарымнан барымша шығармауға тырысамын. Осы орайда қойған сауалыңа орай жауап қайтарып көрейін. Еліміз егемендік алғаннан кейін негізгі және жалпы білім беретін мектептермен қатар, бұдан бөлек лицейлер мен гимназиялар, сондай-ақ мектеп-лицей, мектеп-гимназия, бұлардың сыныптары жаппай ұйымдастырыла бастады. Облыс аудан орталықтарын былай қойғанда, жаңа мазмұндағы мектептер сәл кейін ауылдық жерлерде де ашыла бастады.
Атап айтқанда, кеңестік кезеңде ел-жұрт арасында пансион деп атап кеткен Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицейге айналды. Орал қаласындағы №35 орта мектеп те осындай мәртебеге ие болды. 1993 жылы сол кездегі Орал педагогика институты жанынан педлицей құрылды. Арада 4-5 жыл өткен соң осындай айрықша оқыту құрылымы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп болып қайта жасақталды. Сондай-ақ көп кешікпей, облысымыздың Казталов, Тасқала, Ақжайық және Қаратөбе аудандарында лицей, гимназиялар ашылып, жұмыс жасай бастады.
– Жарайсыз, Нәке! Расында да, жадыңыз мықты екен, ешқайсысын ұмытпапсыз. Жаңа бір сөзіңізде, пединститут жанынан педлицей құрылды деп қалдыңыз, сонда мұнда оқушылар оқыды ма? Жалпы, бұл мектептің ерекшелігі неде?
– Әрине, мұның ең басты өзгешелігі – кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті аталған ЖОО-ның базасында құрылғаны. Мұнда облысымыздың аудандарынан келген жоғары сыныптың балалары оқыды. Олар университеттің ғылыми-әдістемелік базасын пайдаланды. Әрі әрқайсысына аталған жоғары оқу орнының жатақханасынан орын берілді. Мұндағы ғылыми әмбебап кітапхананың қорындағы оқулықтарды да оқушылар емін-еркін пайдаланды. Оларға физика, математика, химия секілді негізгі әрі бейімді пәндер бойынша университет оқытушылары мен ғалымдары сабақ берді. Қосалқы пәндер бойынша да білікті мұғалімдер арнайы шақырылды. Ең бастысы, егемендіктің елең-алаң шағында Оралда ашылған педлицейдің республика өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ. Бұл тәжірибеден үйрену үшін еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келген әріптестеріміз де жеткілікті.
- Кейін университет жанындағы педлицей өз алдына енші алып, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат мәртебесінде қайта құрылды. Осы кезде университетпен қарым-қатынастарыңыз қандай болды?
- Бұған дейінгі байланыстар мен ғылыми-әдістемелік база толықтай сақталды. Бәз баяғыша бейінді пәндер бойынша ЖОО оқушылары сабақ беруді жалғастыра берді. Сонымен бірге ғасырлар тоғысында Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті арасында екі жақты келісімшарт жасалды. Осы құжатқа сәйкес Мәскеу университетінің А. Колмогоров атындағы физика-математика мектебінің Қазақстан қаласындағы мамандандырылған мектепте білім орталығы ашылды.
Тәуелсіздігімізді одан әрі тұғырландыру секілді аса жауапты мемлекеттік мәселеде интеллектуалдық ұлтты қалыптастырудың орны айрықша. Мұндай ұлы міндетке кейінгі ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беріп, ғылым кеңістігіне емін-еркін ену арқылы ғана жете аламыз.
Бұл ақиқатты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев пен мемлекет басшысы Тоқаев отандастарымыздың назарына ұдайы беріп келеді. Аталған істе жаңа форматтағы мектептердің атқаратын рөлі жоғары. Бұл – қабілетті оқушыларды өз алдына бөлектеп, саралап оқыту деген сөз. Гимназиялар мен мамандандырылған мектепте оқытылатын бейінді пәндер жас жеткіншектер өздері таңдаған мамандығын жан-жақты әрі ертерек игеруге негіз қалайды.
– Нәке, өз облысымызда да әлемдік талаптарға сай сапалы білім беретін мектептер тәуелсіздіктің алғашқы кезінен бастап ашылғанын жоғарыда айтып өттіңіз. Ұстаз, маман, осы саланың бұған дейінгі білікті ұйымдастырушысы ретінде мектеп-лицейлер мен мамандандырылған мектептердің бүгінгі жай-күйіне көңіліңіз тола ма?
– Бұл сауалыңа бір жақты жауап қайтару қиын. Рас, бұлардың арасында жүз пайыздық сапалық көрсеткішке қол жеткізе білген инновациялық мектептер бар. Оның бәрі біздің мақтанышымыз әрі биік мәртебеміз болып қала береді. Дегенмен тәуелсіздіктің үшінші онжылдығы, яғни шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп мерейлі мемлекетке айналған кезімізде әлемдік стандарттарға сәйкес білім беру мәселесінде әлі де болса, түбегейлі түрде ойластыратын мәселелер де жоқ емес.
– Бұл қандай мәселелер?
– Тәуелсіздіктің басты талаптарының бірі бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналған нәтижелі де сапалы білім беру емес пе? Осы орайда өңір аумағындағы мамандандырылған мектептер және гимназиялар мен лицейлер сан жағынан өскенімен, сапалық тұрғыдан жай орта мектептердің деңгейінен көп алға ұзай алмай жүргендей әсерде қаламын.
– Бұған қандай нақты дәлеліңіз бар?
– Бұлай деуімнің мәнісі, инновациялық мектептердегі бұған дейінгі екі жұптан тұратын сексен минуттық сабақ беру уақыты жәй мектептегі секілді 45 минутқа көшірілді. Әрі мұндағы мониторингтік бақылау жүйесі жойылып кетті. Сондай-ақ соңғы кезде мамандандырылған мектеп екі тілде білім беретін аралас білім ұясына айналып барады. Барлық сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп оқыту жүйесі енгізілуде. Бұл үрдіс ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектептік тілде сапалы білім беру жөніндегі талаптарына қайшы келеді. Мұның әсері негізгі және бейімді пәндер бойынша оқытылатын сабақтардың сапасына әсер етуде. Өйткені бұларға бөлінетін уақыт қысқара түсуде. Сондықтан да лицей-гимназия мен мамандандырылған мектептердің оқушылары және олардың ата-аналарының көңілі қосымша ақылы білім беру орталықтарына ауа бастады. Бір сөзбен айтқанда, олар бейімді пәндер бойынша тереңірек білім алуды өзге жақтан іздеуге мәжбүр болуда. Соның басты көрінісі репетиторлық болып отыр. Айталық, Еуропаның бірқатар елдерінде репетиторлықпен айналысуға заңмен тыйым салынған. Өйткені олар өздері берген білімнің сапасына да, нәтижесіне де жауап бермейді.
Демек, ақылы қосымша және кешкілік білім беру орталықтарындағы бүгінгі жұмыс оқушыға да, мемлекетке де тиімсіз әрі сапасыз. Мұны ашық айтатын кез келді деп санаймын. Қалай дегенде де, бұған дейін тәжірибеде өзін-өзі толығымен ақтай білген жүйені сақтай білу қажет. Тұтастай әлемде әрі өз елімізде білім беру тәжірибесінде мамандандырылған мектептер, гимназиялар мен лицейлер, ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыдан кәсіби әрі бағдарлы білім беретін оқу орындары ретінде қалыптасты. Бұл орташа есеппен алғанда, 4-5 жылдың төңірегін қамтиды. Мұндай оқыту түрінде қандай да бір болмасын балама болуы мүлдем мүмкін емес. Қосымша ақылы білім беру орталықтары да, репетиторлар да оның орнын алмастыра алмайды. Инновациялық мектептердің сапалы білім беру жөніндегі тәжірибесін қалпына келтіру болашақта интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың басты факторының бірі бола беретіні ұдайы назарда болуы тиіс.
– Нәсіпқали Дәулетұлы, Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы қарсаңында «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атты республикалық байқауға қатысқан екенсіз. Аталған мәртебелі байқаудың екі кезеңінен де ойдағыдай өтіп, қазылар алқасының шешімімен сіздің құжаттарыңыз талапқа сай деп табылыпты. Әрі өмірбаяныңыз бен ғылыми-ұстаздық жолыңыз «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атты энциклопедияға қабылданыпты. Құтты болсын, енді осы конкурстың басты мақсаты туралы айта кетсеңіз екен?
– Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіруге кең ауқымды сипат беру. Жастардың арасында тәуелсіздіктің құндылығы мен қадір-қасиетін айтып жеткізу. Қай кезде де ұлттық бірегейліктің қажеттілігне мән беру керектігін көрсету. Тұрақты әрі түбегейлі тәуелсіздікті орнықтырудың басты жолы – тек бірлік екендігіне екпін түсіру. Сонымен бірге тәуелсіздіктің іргетасын қалау мен оны нығайту кезеңдерінде барша отандастарымыз еліміздің дамуына өз үлестерін қосқанын әңгіме өзегіне айналдыру.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Темір Құсайын