Жаңа нысандардың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов жергілікті тұрғындарды құттықтады.
Бұл күні 515461,0 мың теңгеге қайта жаңартылған Бөрлі ауылының су құбыры іске қосылды. Су құбыры торабының ұзындығы 62,3 шақырым. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары биылғы жылдың сәуірінде басталған. Мердігер компания - «KazConstructionGroup» ЖШС.
- Ауылға орталықтандырылған таза ауыз су жетіп отыр. Бұл жұмысқа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаражат бөлінді. Құрылыс жазда басталған болатын. Бұл жерде екі су қоймасы бар. Жоба аясында осы елді мекеннің азаматтары жұмыспен қамтылды. Айта кетейін, биыл Бөрлі ауданында 57 нысанға 12 млрд.500 млн теңге бөлінді. Бұл үлкен қолдау. Облыс аудандарындағы 55 елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін 11 млрд.теңге бөлінді. Қуаныш ұзағынан болсын!-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, бұл күні Бөрлі ауылында жөндеуден өткен Мәдениет үйі ашылды. Жоба үшін аудандық бюджеттен 30 млн.теңге бөлінді. Биылғы жылдың тамызында басталған құрылыс жұмыстары желтоқсанда аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 21 жұмысшы тартылған. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жөндеуден өткен Мәдениет үйін аралап шықты.
Бұдан соң облыс әкімі Кеңтүбек ауылдық округіне аттанды. Бұнда 50 балаға арналып салынған балабақшаның ашылу салтанаты өтті. Нысанды салуға 10 683 7976 теңге жұмсалған.
Жаңа балабақшаның лентасын ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бисенғали Өтегенов және облыс әкімі Алтай Көлгінов қиды.
- Кеңтүбек ауылына екінші рет келіп отырмыз. Жазда келгенімізде, кірпішін қалауға қатысып едік. Енді, міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында қуанышта бас қосып отырмыз. Ауылдың балабақша жасындағы балалары осыған дейін мектептің жанындағы шағын орталыққа баратын еді. Өңірде 24 білім беру нысаны салынуда. Оның ішінде 10 жеке балабақша, 10-нан астам мектеп бар, - деді А.Сейдірұлы.
Облыс әкімінің сапары Ақсай қаласында жалғасты. Алтай Сейдірұлы аудан орталығындағы Қарашығанақ шағын ауданында 75 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін пәтер иелеріне табыстады. 614 741,0 мың.теңгеге салынған үй бес қабатты.
zhaikpress.kz
Суреттер Айбатыр НҰРАШТІКІ