20.11.2021, 0:09
Оқылды: 77

Тәуелсіздік түлеткен кәсіпорын

Әйнекті өндірістік негізде өңдеумен айналысатын «Стекло-Сервис» ЖШС-ның еңбек нарығындағы «ғұмырына» 20 толды. Осы уақыт ішінде шағын шеберханадан ірі әйнек өңдіретін зауытқа айналды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тұспа-тұс келген мерейтойлық кеш «Атамекен» өнер ордасында өтті. Шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, серіктестік ұжымы, қызметкерлер отбасылары, компания серіктестері қатысты.

C6A69A8C-93C8-497B-91B2-8E795667ADDB

Ағайынды Рубцовтар кәсіпкерлік әлеміне бірден түрен салмады.  Бастамада  ағалы-інілі жігіттер әкелерінің басшылығымен шағын шеберханада тұрғындарға әйнек кесу қызметін көрсетті. Әйнекті арнайы құрал арқылы кесіп, сапалы дайындайтын. Осылайша олар тұтынушылардың сеніміне ие болды. Содан кейін ғана шағын кәсіпкерлік құрып, дүкен ашады.

1A2CAF6D-EE29-4AB9-A062-007A65D2F278

– Шеберхана жұмысы жанданғаннан кейін 2001 жылы заңды түрде серіктестік болып тіркелдік. Біртіндеп әйнек өңдеу жұмыстарын жетілдіріп, шаһардағы ғимараттардың қас бетін әйнектеуге тапсырыстар ала бастадық. Алюминиймен әрленген, металлмен  үйлесім   тапқан әйнек терезелер қала  келбетіне көрік қосты. 2011 жылдан бері  компания  «Бизнестің жол картасы  – 2020» бағдарламасымен субсидиялау несиесін алып, терезелер мен үй жиһазы шынысын, ыстық пен суықты өткізбейтін әйнек пакеттерін дайындап келеді. Ресейден әкелінген шикізатты  өңдейтін станоктар мен құрылғылардың көмегімен әйнекті түрлі пішінде қиып, озық технологиямен өңдеуге қол жеткіздік. Негізінен өнеркәсіптің кең қанат жайған кезі 2007 жылдан басталады. Елбасының өнеркәсіпті дамыту мақсатында енгізген тиімді бағдарламасы арқасында кәсіпорынның өрісі кеңейе түсті, – деп еске алады аталмыш компанияның  басшысы Аркадий  Рубцов.

AAED45B2-AA48-4264-837D-4365EEEA897F

Оралдық зауытта өндірілген көп қырлы әйнек қауіпсіз ғимараттар құрылысында қолданылады. Ал 2010 жылдан бастап өндіріс орнында термоөтімділігі нығайтылған, көп қабатты  әйнек өндірісі жолға қойылды. Әлемдік брендке айналған австриялық «Lisec» компаниясының жабдығымен, әйнектің мықтылығын нығайтуға финдік «TamGlass» компаниясының желісімен жұмыс істейді. Қазіргі кезде компания қуат үнемдегіш және қауіпсіз әйнек шығаруда.

6548204A-AC8D-493A-BA78-63DC79ECDEA9

–«Стекло-сервис» компаниясы ұжымын 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Үнемі даму, өсу үстіндегі компания үшін бұл аз уақыт емес. Шағын әйнек сататын дүкеннен басталған отбасылық кәсіп  ірі кәсіпорынға айналды. Бұл жетістіктің артында қаншама адамның маңдай тері мен еңбегі, тынымсыз ізденіс жатыр. Бүгінде компания өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресейде де сұранысқа ие. Қадыр Мырза Әли атындағы өнер орталығында, бүгін пайдалануға берілген жылыжай кешенінде зауыт өнімдері пайдалынылды, халықаралық әуежай терминалы құрылысында да жергілікті әйнек өнімдері қолданылуда. Ағайынды Рубцовтар кәсіптерін бастағанда бірі  – он жетіде, екіншісі жиырма үш жаста болатын. Олар осы кәсіпті бастағанда еліміздің болашағына сенді, еңбек етіп табыс табуға болатынына, қоғамға пайдасын тигізуге боларына сенімді болды.  Ағайынды Рубцовтар мен компанияның барлық тобы, «Элита», «Элита сервис» компаниялары, шаруа қожалығы 250-ден астам адамды жұмыспен қамтып, жергілікті бюджетке жылына 200 миллион теңгеден астам салық төлеп отыр. Белгілі тауар түрін өндіретін, сапалы қызмет көрсететін осындай компаниялар ел Тәуелсіздігінің негізі болып табылады. Сіздерге табыс, батысқазақстандықтар атынан қалаға көрік қосатын сапалы өнімдеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Ғали Есқалиев.

Салтанатты жиында кәсіпорын қызметкерлерінің бір тобы  облыс, қала әкімдерінің және компания басшылығының алғысхаттарымен марапатталды.

Бұдан сегіз жыл бұрын өңірімізге Елбасы келген-ді. Сонда «Стекло-сервис» кәсіпорнының қызметімен танысып, елімізде іске асып жатқан жасампаз жобаның бірі деп оң бағасын бергені есімізде қалды. Кәсіпорында  өндірілетін әйнек сапалы, төзімді әрі мықты, қатты затпен ұрғанда да  сынып кетпейтінін байқап көрген: «Бұл шағын болғанымен жаңашылдыққа жаны үйір, жаңа технологияға негізделген кәсіпорын екен»,  – деген-ді  Елбасы. Лайықты бағасын алған компания бүгінде сенімді ақтады. Елімізде бірінші болып қалдық әйнекті аутоматты түрде  қайта өңдейтін кешенді іске қосты. Цехтардағы жұмыстың барлығы аутоматтандырылды. Еуропалық өнім өндірушілерден әйнек кесетін аутоматты үстел, әйнек шыңдайтын конвенциялық пеш  және өзге де жабдықтар өндірістік үрдістерге қосылды. Компания Атырау, Ақтөбе, Шымкент қалаларынан өз бөлімшелерін ашты. «Стекло-сервис» ЖШС-ның бас директоры Аркадий Рубцов қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, алға қарай дами беретіндеріне сендіреді. «Серіктестіктің ұраны – «Мүмкін емес ештеңе жоқ!».  Біз тек алға ұмтыламыз. Іскеасырылған жобалардың барлығы да  бізге ыстық. Елордадағы «Бәйтерек» монументінің, Алматыдағы хоккей аренасының құрылыстарында қолтаңбамыздың қалғаны көңілге шаттық ұялатады. Шымкент қаласындағы және Оралдағы әуежайдың құрылыстары компанияның маңызды жобалары  болып табылады», –деді Аркадий Рубцов.

Серіктестіктің сапалы өнімдері тек елімізде емес, шетелдерде сұранысқа ие. Танымал еуропалық компаниялармен әріптестік байланыс орнатқан әйнек өндірісі саласының көшбасшысы «Стекло-сервис» ЖШС-ның әлі шығар биігі алда.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале