Жыл санап емес, ай санап, тіпті күн санап өсіп, көркейіп келе жатқан Ақтау қаласында тағы бір әдемі ғимарат бой көтеріпті. Оған Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қоныстаған екен. Өте орынды шешім! Аумағы хан ордасындай жерді алып жатқан екі қабатты ғимараттың алды – абаттандырылған кең алаң. Төрінде биік тұғырға орнатылған креслода ақын Темірхан Медетбекше айтсақ,«Бір өзі бір үйді толтырған» Әбіш Кекілбаев нығыз отыр. Ол ой қамаған үлкен басын сәл-пәл иіп, әудем жерде қаңтардағы бурадай күркілдеп жатқан кәрі Каспийге шүйіле қарағандай.
Музейдің фойесіне аяқ басқаныңда төбедегі ақ мәрмәр шаңырақ өз аясына алып, бір жылы леп беріп тұрғандай әсер қалдырады. 2019 жылдың 10 қазанында ашылған музейдің бірінші қабаты Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме залына берілген. Жазушылығымен қоса, өңірді терең зерттеп-зерделеген тұлғаға берілген баға, рухына көрсетілген құрмет деп түсінген жөн мұны. Екі бөлмеден тұратын бұл залды аралап көргенде, бала Әбіштің дана Әбішке дейінгі өсу эволюциясы көз алдыңнан өткендей болады. Қойылған жәдігерлер құндылығы жағынан да, орналастыру ретімен де көңіл аударады. Маңғыстаулықтар өңірдің атын шығарған азаматын ардақтай білген!
Әбіш Кекілбаев қаламгер ретінде ерте танылды. Оңды ауылындағы мектепте оқып жүргенінде, қазақ жазушыларының кітаптарын іздеп жүріп оқып, оқып қана қоймай, сыни пікірлер білдіріп, Алматыға, Қазақстан Жазушылар одағына хат жолдап тұрыпты. Сол хаттардың бірін оқыған Сәбит Мұқанов Әбішті назарда ұстапты. ҚазМУ-ға түскенін білгенде, шақырып алып әңгімелесіпті. Осылайша, студент Әбіш Қазақстан Жазушылар одағын да өз адамындай болып кетсе керек. Оқи жүріп, мерзімді баспасөзде қызмет істейді. 1962 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетін тәмамдап шығады. Сол жылы «Алтын шуақ» деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Иә, қазақ қаламгерлерінің басым көпшілігі шығармашылық жолын өлеңмен бастағаны белгілі. Әбіш те сол үрдісті айналып өтпеді.
Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен аңызды өңірде туып-өскен Әбіш Кекілбаевтің бүкіл шығармашылығы аңызбен астасқан тарихқа келіп тіреледі. Ол аңызды шындыққа жанастырып, халық жадына сәуле түсіреді. Жас жазушы Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарында жарық көрген «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары» проза кітаптарында кеше мен бүгінді бір-бірі не қарсы қоймай, жазушылық шеберліктің арқасында тұтас ғажап көріністерді оқырманның көз алдынан өткізеді.
Қазір біз тәуелсіздік тақырыбын жиі қозғайтын болдық. Иә, тәуелсіздік – халық арманы. Бұған дау болмаса керек. Бұл жолда қан аз төгілген жоқ. Ақылды хандардың, дуалы ауыз билердің, ел қорғаған батырлардың рухына басымызды иеміз! Тәуелсіздік үшін күрескен тек солар ғана ма? «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» (Олжас Сүлейменов) дегендей, тәуелсіздік жолындағы күрестің алғы шебінде қаламгерлер де жүрді. Олар өз шығармаларындағы сөз, сөйлем арасында осы киелі идеяны білдіріп отырды. Осы орайдағы Әбіш Кекілбаевтің еңбегі ұшан-теңіз. Тоталитарлық жүйе тұсында шыққан «Үркер», «Елең-алаң» романдарына тереңірек назар аударайықшы. Бұл туындылар неге, кім үшін жазылды? Бір қарағанда, қазақ халқының белгілі бір кезеңдердегі тыныс-тіршілігі суреттеледі. Ел, жерді жат жұрттан қорғау, тұтастықты сақтау мәселелері қозғалатын романдардан ойлы оқырман нені ұқты? Тәуелсіз ел болу идеясын аңғарды. Сана бостандығын аңсады. Көркем әдебиеттің мақсаты – ойланту, сезімді сергіту, ізгілікке талпындыру ғой. Қарапайым пенде, яғни оқырман озық әдеби шығармаларды оқу арқылы ойы кемелденіп, санасы жаңғырып, төңірегіне басқаша көзбен – сын көзімен қарай бастайды. Ғұмыр кешіп жатқан қоғамының кемшіліктерін танып-біліп, оны өзгертуге болатынына көз жеткізеді. Бұл жазушы шығармаларының нысанаға дөп тигені, ұсынған идеясының құнарлы топыраққа түскені болса керек. Тәуелсіздік идеясы – Әбіш Кекілбаев шығармаларының негізгі алтын қазығы.
Кешегі тоталитарлық жүйеге қарсылық Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» кітабына енген туындыларынан-ақ анық байқалған еді. «Мангуртизм» ұғымы осы кітаптан бастау алды. Бозбаланың шашын тықырлап алып, жаңа сойылған түйенің жас терісінен кепеш кигізу арқылы автор тоталитарлық жүйені меңзейді. Өскен шаш кепкен теріні тесіп шыға алмай, кері бағытталып, бастың құйқасынан өтіп, миға жетеді. Осылайша, қайран оғлан малмен өріп, малмен оралатын мәңгүртке айналады. Автор қасаң қағидалармен уланған халық мәңгүртке тең деген ойды алға тартады. Мұның арғы жағында тәуелсіз ел болайық, қатардан қалмайық, жарыққа ұмтылайық деген өрісті идея жатыр ғой.
Әбіш Кекілбаев – көрнекті мемлекет қайраткері. Ол өзі атсалысқан тәуелсіздікке қол жеткізгенде, Парламент төрағасы қызметін атқарып, жас мемлекеттің тәй-тәй тұрып, қаз-қаз басуының бастауында тұрды. Әбіш Кекілбаев өзіне биік абырой әкелетін жазушылық қызметін тежеп, саналы түрде мемлекеттік істерге «жегілді». Отыз жыл толып отырған Қазақстан тәуелсіздігін нығайта түсуде Әбіш Кекілбаев қатепті қара нардай ауыр жүк көтеріп, үнемі алғы шепте жүрді.
Жоспарлаған көркем шығармаларын жазуға уақыт таба алмады. Нәтижесінде «Заманмен сұхбат» (1994 ж.), «Азаттықтың ақ таңы» (1998 ж.) кітаптары жарық көрді. Көсемсөз және Қазақстан мен шетелдердің биік мінберінен сөйлеген сөздерінен құрал ған бұл екі көлемді кітап түгелдей тәуелсіздік тақырыбын қамтиды.
700 беттен асатын «Азаттықтың ақ таңы» кітабы «Таң атар», «Күн көтерілер» деп аталатын көлемді-көлемді екі бөлімнен тұрады. «...Тоталитаризмнің жұртты әбден мезі қылғанын көрдім. Бір жаңалық болса деп елеурегендердің ішінде жүрдік. Кеңес Одағы ондай тарихи маневрге икемсіз боп шығып, өз-өзінен құлап қалғанына да куә болдық. Жас егемендіктің қалай дүниеге келіп, қалай қаз тұрғанының басы-қасынан табылдық...» деп жазды автор кітаптың алғы сөзінде.
Ел болып қалу, иә қалмау таразыға түскен алмағайып кезеңде бірден-бір дұрыс жол табуда Әбіш Кекілбаев ортақ ойға өзінің сүбелі үлесін қоса алды. «Әрі тартқанды, бері тартуда» сұңғылалық таныта білді. Иә, көрнекті жазушы көрнекті мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Сөз жоқ, қалың қазақ қалаған дүниелер жазылмай, Әбішпен бірге кетті. Аса күрделі кезеңде өмірінің мұратына айналған киелі ісін екінші кезекке қалдырған осынау заңғар тұлғаға қазақ халқы дән риза болар деп ойлаймын.
Әбіш Кекілбаевтың жиырма томдық көркем туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Сол арқылы алыс-жақын шетел оқырмандарына жол тартты.
Сөзімен де, ісімен де тәуелсіздік таңын атыруға өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға Әбіш Кекілбаевтың есімі қазақ халқымен бірге жасай береді. Оның өмірі өткен күнде, өзі бізбен бірге!
Айтқали Нәріков,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Орал–Ақтау–Орал