Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында Хадиша театры сахнасы төрінде белгілі жазушы Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» (режиссері С.Абуов) қойылымы сахналанды.
Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру, ел, намыс, жігер сынды асыл қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруді көздеген қойылымды көрермен қауым үлкен тебіреніспен қабылдады.
Әсіресе, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің рөлін сомдаған театр әртісіне көрсетілген құрмет жоғары болды.
Қойылым соңында театр басшысы Нұржан Тасболатов көрермендерді Тәуелсіздік мерекесі күнімен құттықтап, театр әртісі, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибигүл Мақсотқызына гүл шоқтарын табыс етті.
Қойылым режиссері Самал Абуовтың осы бір туындыны сахнаға алып шығуда ерекше еңбек сіңіргені қойылымдағы әр деталь мен элементтерден байқалып-ақ тұрды.
Тәуелсіздік, еркіндік, азаттық сынды қастерлі ұғымдардың қасиетін ұғындырған қойылым көзі қарақты көрерменге ой салғаны анық.
Х.Бөкеева атындағы облыстық
қазақ драма театрының ақпарат бөлімі