Орал қаласының Коминтерн шағын ауданы аумағында «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері мен Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің еріктілері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, шағын аудан аумағынан 80-ге жуық қап қоқыс жинады. Шағын аудан аумағында жиналған қоқыстың көптігі себебінен ұйымдастырылған акция жұмысына аталған жердің тұрғындары да қатысты.

Белсенді жастардың басын біріктірген акцияға келушілер арнайы «Таза Қазақстан» атауымен белгіленген автобуспен жеткізіліп, тазалық жұмыстарын тиімді әрі уақытылы аяқтау мақсатында командалық бағытта жұмыстанды.

- Бүгін 60-қа жуық жастың басын біріктіріп, қаламыздың тазалығын қалыпқа келтіру мақсатында Коминтерн аумағында тазалық жұмыстарын жүргіздік. Жастарға осындай елеулі еңбектеріне алғыс білдіру мақсатында командаларға бөлініп, жылдамдық пен сапалы жұмысты бағалап, шағын сыйлықтар табыс еттік. Сонымен қатар бізбен бірге акцияға өз үлестерін қосып жүрген жергілікті тұрғындарға да естелік сыйлықтар бердік. Бұл жұмысымыз көктем мезгілінің бастауымен жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта да өз жалғасын табады, - деді «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Архат Исламғали.

Шағын ауданда атқарылған тазалық жұмыстарының қорытындысы әрі осы жерде мекен ететін тұрғындарға тазалықа үгіттеу мақсатында аталған аумақта «Таза Қазақстан» тақтайшасы орнатылды.
Зарина Каирова,
«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының
баспасөз хатшысы
