Кенжебай Қындыбай қырық жылға жуық ғұмырын ветеринария саласына арнаған. Ол 1987 жылы Оралдағы ауыл шаруашылығы совхоз-техникумын бітірген. Әлі күнге осы салада, Қаратөбе ауданындағы Сарыалжын ауылдық округіндегі ветеринариялық пунктте меңгеруші болып қызмет етеді.

– Жалпы, біздің саланың жұмысы сырт көзге оңай болып көрінгенмен, іс жүзінде ауыр әрі жанкешті еңбекті талап етеді. Өйткені қоғамдық денсаулықты, эпизоотиялық жағдайды сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің, ветеринария мамандарының жауапкершілігінде. Аға мал дәрігері ретінде айтсам, біздің жұмыста кәсіби білім-біліктілікпен қатар физикалық күш те керек. Құрық тимеген асауды ауыздықтап немесе бой бермейтін ірі қараны ұстап, ауруларға қарсы егу жеңіл деп айту қиындау. Қазіргі кезде округте 3 мыңдай ірі қара, 5,5 мыңдай ұсақ жандық, 1,5 мыңдай жылқы өсіріледі. Осынша мал індетке ұшырамас үшін тер төгудеміз. Жылдың төрт мезгілінде қандай ма ауруға шалдыққан түлік болсын, қора-қопсыға қи кешіп барып, тексеріп, емдейміз. Ауруды анықтау үшін өлген малдан материал алып, зерттеуге жібереміз. Түрлі мал ауруларымен бетпе-бет келіп, күрес шараларын жүргіземіз, – деді Кенжебай Қындыбайұлы.
Тәжірибелі маман соңғы жылдары салаға көңіл бөлініп, жабдықтаудың жақсарғанын айтады. Ветеринариялық пунктке 2013 жылы «Нива» қызметтік көлігі берілген. Соны жаңартып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Аталған пункт ғимаратына газ, су кіріп тұр, дәрідәрмек сақтайтын тоңазытқыштармен, қажет жабдықтармен қамтылған. Алдағы күзде Кенжебай Қындыбайұлы зейнеткерлік демалысқа шығады. Ол өзінен кейінгі жастарға білгенін айтып, мамандықтың қыр-сырына үңілтуге әсте ерінбейді. Өйткені малдың саулығы адамдардың қалыпты әрі саламатты тірлік кешуіне мүмкіндік береді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»