Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Батыс Қазақстан облысын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Аталмыш брифингке спикер ретінде өңірімізге арнайы іссапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова, «СК-Фармация» басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Шария Исмұханова, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев қатысты.
Брифинг барысында Фармация комитетінің төрайымы Людмила Витальевна елімізде өткен жылдан бастап күшіне енген дәрі-дәрмекпен қамтуға байланысты реформаның ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
- Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтуды орталықтандыру реформасына сай 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап амбулаторлық емделушілерге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС арқылы сатып алына бастады. Бұрын мұндай дәрі-дәрмектерді әр өңірдің денсаулық сақтау басқармасы әр түрлі бағамен тікелей сатып ала беретін. Енді дәрі-дәрмек бағасын бірыңғайландырып, бір орталық арқылы тұтастай, яғни мол көлемде сатып алынған кезде өндірушілер де, жеткізушілер де айтарлықтай жеңілдік жасайтыны түсінікті.
Үнемделген қаражат тағы да қосымша қажет болған дәрі-дәрмек түрлеріне жұмсалатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап барлық дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу туралы Заң жобасы әзірленіп, өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаттарының қарауына жіберілді. Біз бүгінгі таңда кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрі-дәрмек бағасын ғана реттейтін болсақ, аталмыш Заң бойынша келесі жылдың басынан бастап мемлекет қаржысына сатып алынатын дәрі-дәрмектен бөлек коммерциялық сектордағы жекелеген дәріханаларда сатылатын дәрілердің бағасын да реттейтін боламыз. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі әр өңірде сатып алынған дәрі-дәрмектің емделушілерге қажетті деңгейде жеткізіліп тұруын қадағалайтын мониторингтік топ құрғанын айта кетейік.
Әр өңірде 500-ден кем емес емделуші болса, аталмыш мониторингтік топ қызметкерлері екі аптадай уақыт ішінде емделушілерге тікелей телефон соғып, тіпті кей жағдайларда аяқтай аралап, науқастарға таратылатын дәрі-
дәрмектің жеткізілуіне тексеріс жүргізді. Нәтижесі қуанарлықтай болмады. Емделушілердің 86 пайызы ғана тиісті дәрі-дәрмекке толықтай қол жеткізген. Дерекқорда емделушінің қажетті дәрі-дәрмекті алғаны туралы мәлімет келтірілгенімен, шын мәнінде алмағаны анықталған жағдайлар да кездесті. Сол себепті толыққанды тексеріс ұйымдастырып, өңірлерді кезекпен аралап шығуды ұйғардық. Бүгінгі таңда осындай мақсатпен Батыс Қазақстан облысына келіп отырмыз. Келесі аптада тексеру тобы Шығыс Қазақстанда болады. Осылайша бір ай көлемінде еліміздің барлық өңірлері тексеріліп шығады. Нәтижесінде жан жақты қорытынды жасалып, тиісті дәрі-дәрмекті алмаған тұрғындардың әрқайсының мәселесін бүге-шігесіне дейін анықтап тексереміз, - деді ол.
«СК-Фармация» басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Шария Исмұханова бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрі-дәрмек сатып алудың еліміз бойынша, соның ішінде Батыс Қазақстан облысына қатысты ахуалына тоқталып өтті.
- Бүгінгі таңда «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы еліміз бойынша тегін таратылуы тиіс дәрі-дәрмектің 95 пайызы сатып алынды. Батыс Қазақстан облысындағы жағдайға келетін болсақ, 727 миллион теңге қаражатқа амбулаторлық және стационарлық дәрі-дәрмек қоры бірыңғай дистрибьютор арқылы қажетті деңгейде жасақталған. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқарамасының мәліметі бойынша, жыл басында дәрі-дәрмекпен қамтуда үзіліс болмауы үшін өткен жылдың соңында қажетті дәрі-дәрмек қорының 40 пайызы сатып алынған.
Нәтижесінде дәрі-дәрмек жеткізуде үзіліс болмаған. Қант диабетімен ауыратын науқастарға керекті дәрі-дәрмектер туралы айтар болсақ, бірыңғай дистрибьютор арқылы қажетті инсулин қоры толықтай сатып алынды. Инсулинді жеткізу қаңтар айынан бастап жүргізілді. Инсулиннің өткен жылдан артылған қоры да болған. Яғни инсулинді жеткізуде үзіліс болмаған, - дейді Шария Нұғыманқызы.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»