Төл мерекеміз қарсаңында Жайық жұртына есімі жақсы таныс тележурналист Еркін Каринмен сұхбаттастық. Әңгіме ауаны журналистердің қызметінде кездесіп тұратын тосын оқиғаларға бұрылғаны. Сол кезде көзәйнегіне дейін «күлімдеп» кеткен Еркін Саматұлы басынан кешкен мына бір жәйтті баяндап, оған ішек-сілеміз қатып, екеуміз де күліп алдық.

– Бірде Орал қаласындағы мейрамханада ардагерлерге арналған іс-шара өтетіндігі туралы пресс-релиз келді. Жартылай ресми, жартылай бейресми шара ғой. Мейрамханаға барсақ, үлкен кісілер
көп екен. Бәрінің көзі бұлаудай, кейбіреуі жылап жүр. Оператор екеуміз түсінбейміз. Салтанатты шараның алдында бір жағдай болып қалды ма екен деп ойлап қоямыз. Оператор камерасымен ішке кіріп кетті. 5-10 минут өткеннен кейін залға кірсем, операторым отырғышқа отырып алған, қол жайып отыр. Мен де қастарына отырып, сауаптан жазсын деп бет сипадым. Жаназаға, садақаға ешкім камерамен бармайды ғой. Молдадан бастап сол жерде отырған адамдардың бәрі бізге қарайды. Біз жан-жағымызға қараймыз. Содан сұрастырып білсек, біз бір марқұмның қаралы дастарқанына кіріп кетіппіз. Әлгі мейрамхананың үш жақтан кіретін есігі бар екен, біз есікті шатастырып, жаназаға барып тұрмыз ғой. Содан оператор екеуміз не күлерімізді, не жыларымызды білмей, шығып кетіп, ардагерлердің шарасына әрең үлгердік, – дейді Ерекең.
Тележурналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ақпарат майданының ақмылтық сарбазы Еркін Саматұлының әлеуметтік желідегі посттарын оқысаңыз, ішек-сілеңіз қатып күлесіз, ал кей
жазбалары сай-сүйегіңізді сырқыратады. Бір көргеннен кез келген жанмен тез тіл табысып кететін, ақкөңіл, әзілқойлығы да біртөбе. Бүгінде «ASTANA TV» телеарнасының біздің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқаратын кейіпкерімізбен Журналистер күні қарсаңында аз-кем тілдесіп, журналистика саласына қалай келгенін, жұмыс барысында кездескен қиындықтары мен ұмытылмас сәттерін еске түсірдік.
Еркін Саматұлы Сырым ауданының Қосарал ауылында өмірге келген. Кариндер әулетіндегі тұңғыш немере болған соң Еркінді ата-әжесі бауырына басып, барынша еркелетіп өсіреді. Бала кезінде атасы Қойшыбай әр кеш сайын ертегі оқып беріп, кейін кітапханадан әр түрлі жанрдағы кітаптарды әкеліп, көркем әдебиетке баулиды.
1995 жылы аудан орталығында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын жерлесіміз Қадыр Мырза Әлидің 60 жасын атап өтетін болады. Содан жүгіріп ойнап жүрген немерелеріне марқұм атасы «Бүгін қораның қиын ойып бітірсеңіздер, ертең Қадыр Мырза Әлидің кешіне апарамын» дейді. Он екі жастағы Еркін елең ете қалып, кітабын оқып, өлеңін жаттап жүрген ақынды көзбен көруге асығады. Тапсырма орындалып, ертесіне отбасымен сол кештен табылады. Ақынды сахнадан көріп, сыр-сұхбатын тыңдайды. «Сол кезде бір топ баладан журналист ағай сұхбат алып жатты. Шашын артқа қайырған, күңгірт көзілдірігі бар, зиялы ер адам-тұғын. Ол бүгінде өңірімізге танымал ардагер журналист, ақын Айтқали Нәріков ағай екен. Қазір Айтқали ағаны көрсем, әлі күнге дейін сол сәт, балғын шағым көз алдыма келеді. Қадыр ағаның өлеңдерін жатқа білетін едім, сол мезетте ұялып қалдым ба, әйтеуір, оқып бере алмадым. Сол сәттен бастап көптің алдында шыққанда ұялмаймын деп мақсат қойдым. Қадыр ағаны көргеннен кейін әдебиетке, журналистикаға қызығушылығым оянды», – дейді кейіпкеріміз.
«Әлі күнге дейін «Мама Роза» дейміз»
Мектеп бітірген соң Саматтың Еркіні Орал гуманитарлық колледжінде, кейін Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алады. Студент кезінде газеттерге мақалалар жазып, сканвордтар құрастырып жолдап тұрған.
Бірде университетте оқып жүргенде Манас деген группалас досы кейіпкерімізді шақырып алады. Ол Орал қаласындағы дүкенде күзетші болып, жұмыс істеп жүрген. Манастан дүкеннің иесі мақала жаза алатын ұлдар бар ма деп сұрапты. Содан Еркін мен Манас сол ұсыныс бойынша көрсетілген мекенжайға барады. Қолдарына мәтін беріп, дауыстарын жазып алады. Ол мекенжай қазіргі «ТДК-42» телеарнасының кеңсесі екен.
– Үйдің өртенгендігі туралы шағын мәтінді орысшадан қазақша аударып, оқып бердік. Сол эфирге шықты. Үйге келіп, менің сюжетімді қазір телеарнадан көрсетеді десем, үйдегілерден ешкім сенбейді. Көргеннен кейін ғана сенді. Бізге бағыт берген, әсіресе журналистика саласы бойынша ұстазым десем болады ол жаңағы айтқан дүкеннің иесі деп жүрген Роза Ғұбайдоллақызы Қабашева болатын. Ол – облыстық «Aqjaiyq» телеарнасының алғашқы дикторы, «ТДК-42» телеарнасының негізін қалаушы, ардагер журналист. Телеарнаға алғаш келген күннен бастап киім киісіміз, жүріс-тұрысымыздан бастап қадағалап, эфирде сөйлеу мәдениетін үйретті. Қазір басқа телеарнада қызмет атқарып жүрсем де, кейде материалдарымды көріп қалса, телефон соғып, ұнаса мақтайды, ұнамаса кемшілігімді көрсетіп, кәсіби маман ретінде де, аналық пікірін айтып жатады. Асығыс жазылған сюжеттер болса, жанашырлықпен кейде ұрсып алатыны да бар. Ол кісіні журналистика саласындағы басты ұстазым деп білемін. Ұялы телефонымда әлі күнге дейін «Мама Роза» деп сақтаулы тұр. Сондай-ақ облыс журналистерінің ішіндегі аға буын өкілдерінен Ғайсағали Сейтақ және Бауыржан Ғұбайдуллин ағаларымызды ерекше құрметтеймін. Сонымен қатар облыстық «Aqjaiyq» телеарнасындағы Лұқпан Елеу ағаның еңбекқорлығын үлгі тұтамын. Жасы 60-қа келсе де, жастармен бірге қызметін жүгіріп жүріп атқарып жүр. Не деген төзім, еңбекқорлық. Ол кісінің жасындағылар зейнетке шығуға қамдануда, – дейді Еркін ағамыз.
«Түсірілімге камерасыз барыппыз»
Журналистің бір күні бір күніне ұқсамайды. Бірінші күні материал жазу, сюжет дайындау үшін әр түрлі мекеме-кәсіпорындарға барып, жаңа адамдармен танысады. Ертесіне түске дейін егінжайларға, түстен кейін жиналыстарға қатысады. Одан кейін аудан-ауылдарды аралап кетеді. Концерт тамашалап, спорттық шаралардың ортасында да жүреді. Кезекші болса, түн ортасында үйіне оралады. «Осылай қарбалас тірлік барысында есіңізде қалған оқиға кездесті ме?» деп кейіпкерімізден сұрап едік, айтқан оқиғасын көз алдымызға елестетіп, өзіміз де бір күліп алдық.
– Ол кезде күлу түгілі, жыларман күйге түсіп едік. Оралдан 100 шақырым жердегі кеніш туралы сюжет жазуға баратын болдық. «ASTANA TV» телеарнасында қызмет істеймін. Руслан Мырзағалиев есімді оператормен бірге шығатын болдық. Бейнежазба түсіруге барғанда жарығы, микрафоны бар, 4-5 сөмке тасып жүреміз. Жұмыстың көлігімен шығып, кейін кенішке әрі қарай алып кететін машинаға сөмкелерімізді тиеп, көлік алмастырдық. Кенішке 4-5 шақырым қалған кезде жанып тұрған алауды алыстан түсіріп алайық деп тоқтадық. Бір кезде оператор бірдеңе іздеп, күйгелектеніп кетті. «Не болды?» деп сұрасам, камераны таба алмай жатыр екен. Біз сол күні түсіріп, ертесіне эфирге беруіміз керек болатын. Әрі іздеп, бері іздеп таба алмадық. Содан камераның алдыңғы көлікте, яғни қалада қалып қойғанын білдік. Хабарласып, кенішке алдырдық. Ұрыс естіп те жатырмыз. Бір күн жүріп түсіретін материалды екі сағатта түсіріп, монтаждап, эфирге үлгерттік. Сол кезде күлетін жағдай болған жоқ, қазір күліп еске аламыз, – деп езу тартты Еркін әріптес. Сондай-ақ ол жұмыс барысында қайғылы жағдайларды да таспалағанын, яғни әскерден оралуына екі апта уақыт қалғанда мырыш табытпен жеткізілген сарбазды, отқа оранған бүлдіршіндерге барғандағы ахуалды айтып, бұл жағдайлар перзент өсіріп отырған әке ретінде жан дүниесіне өте ауыр тигенін жеткізді.
Ойы жүйрік болмай, журналистің қаламы жүрдек болмайды. Біз білетін Еркін Карин әр кез ұшқыр ойын біліммен негіздеп, ізденістен іргесін ажыратқан емес. Өңір журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар көпке сыйлы әріптес. Ал үйде ұл-қыз тәрбиелеп отырған көп балалы әке. Зайыбы Альбина екеуі перзенттерін саналы, тәрбиелі ұрпақ етіп өсіруді өмірлік мұрат тұтады.
Ақ Жайықтың ақпарат айдынында көптің көңілінен шығатын сенімді дерек-дәйек, сапалы ақпарат, салмақты сараптамамен ерекшелене беріңіз, Еркін аға!
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»