Орал ақпараттық технологиялар колледжінде «Жұмыс беруші күні» атты іс-шара өтті. Соның барысында колледж студенттері Біржан Қожақов басқаратын «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехына және «Орал» трансформатор зауытына барып, кәсіп-орындардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар әлеуетті жұмыс берушілер мен студенттер кездесіп, колледж бен өңір кәсіпорындарының әріптестігі жөнінде келіссөздер жүргізілді. Одан бөлек, іскерлік ойындар, пікірталас, тәлімгерлермен тренингтер ұйымдастырылды.
Сондай-ақ ақпараттық технологиялар колледжінде өткен жиында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кадр даярлау, сапасын арттыру жайы талқыланды. Оған облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, «Арба» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлмира Батпақұлова, «Bosh auto service» компаниясының инженері Антон Яблонский, «Alarm auto» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Вячеслав Давыдов, «Fit service» компаниясының басшысы Марина Иньшина және «Renault Mitsubishi» көліктеріне қызмет көрсететін Оралдағы орталықтың бөлім басшысы Ильяс Қойшыбаев қатысты.
Басқосуда аталған колледждің директоры Елдос Сафуллин қонақтарға оқу орнының жаңадан іске қосылған сайтын таныстырды. Сонымен қатар оқу орнына келген жаңа заманғы техникалармен жабдықталған кабинеттерге онлайн экскурсия жасады.
– Кейінгі кезде Білім министрлігі оқу орындарын қажетті құрал-жабдықпен қамтып жатыр. Облысымыздағы он колледж «Жас маман» бағдарламасы бойынша жұмыстануда. Студенттерге алаңсыз білім алып, теория мен тәжірибені ұштастыруға жағдай жасалды. Ол үшін ел бюджетінен 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осы қаражатқа соңғы үлгідегі компьютерлер және басқа да құралдар алынды. Енді колледж студенттері заман талабына сай білім алады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Одан соң сөз алған «Fit service» компаниясының басшысы Марина Иньшина өзі басқаратын компанияға Орал қаласындағы колледж студенттері келетінін, жұмысқа ынталы қыз-жігіттерді қашанда үйретуге дайын екенін айтты. Басқосуға қатысқан өзге де компания өкілдері жастарды жұмысқа қабылдап, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беруге мүдделі екендерін жеткізді.
Жиында Гүлмира Батпақұлова тағдырлы жандардың білім алуына мүмкіндік сыйлаған білім басқармасы мен колледждің басшылығына ризашылығын білдіріп, мүгедектігі бар азаматтарға жеке кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорын жетекшілері есігін ашып, жұмыс жасайтындай жағдай туғызса деген ұсынысын айтты.
Кездесуден соң колледж студенттерімен кездескен жұмыс берушілер өздерінің компаниялары туралы мағлұмат берді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz