Өткен аптада облыстық мәслихатта әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыста бірқатар мемлекеттік құрылымның мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама бұзушылықтарының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы айтылды.
Ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында Теректі және Тасқала аудандарына жүргізілген мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша аудан әкімдері есеп берді. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізілген.
Мемлекеттiк қызметшiлерге еңбек демалысын ұсыну кезінде талаптардың сақталуын қамтамасыз етпеу бойынша биыл 10 тамызда аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында жиын өтті. Оған аудан әкімі аппаратының басшысы, қызметкерлері, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Тексеру кезеңінде мемлекеттік әкімшілік лауазымды тұлғаның 11 бос орнына ішкі конкурс жарияланып, оған 9 үміткер қатысты. Нәтижесінде 6 қызметші бос лауазымдарға тағайындалды. Қалған үш бос орынға үміткерлерден құжаттар түспеуіне байланысты конкурс өткізілмеген болып танылды.
Сондай-ақ Теректі ауданындағы Шағатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы (есепші) бос әкімшілік мемлекеттік лауазымына жалпы конкурс өткізу барысында белгіленген қағидалардың талаптары сақталмағандығы белгілі болды. Сол үшін персоналды басқару бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 875 теңге айыппұл төледі. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтау бағытында жүргізілген профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижесінде берілген ұсыныстар назарға алынып, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасады, – деді Әлия Мұханбетжанова.
Әдеп кеңесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп талаптарының сақталмауына қатысты Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының басшысы Темірболат Сағынгереев өз уәжін айтып, бұл бағытта атқарған жұмыстарына тоқталды.
Кеңесте белгілі болғандай, өзіне жүктелген міндетті орындамай, бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жазаға тартылған.
Отырыста мемлекеттік қызметтің сапасы мен мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелері сарапталды.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы құрылымдардың мемлекеттік қызметшілерінің материалдық жауапкершілігі мәселесіне қатысты жүргізілген талдау нәтижелері күн тәртібіне енгізілді.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz