24.02.2026, 10:45
Оқылды: 19

«Терендез» тойланды

Батыс Қазақстан облысында этностар арасындағы татулық пен мәдени әртүрлілікті насихаттау бағытындағы игі дәстүр жалғасын тапты. «Масис» армян этномәдени бірлестігі көне ұлттық «Терендез» мерекесін кең көлемде атап өтті. Іс-шара БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  қолдауымен ұйымдастырылды. Мерекенің басты мақсаты – армян халқының салт-дәстүрін дәріптеу, тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттау және өңірдегі этносаралық бірлікті нығайту.

DSC03788

Көктемнің жаршысы саналатын «Терендез» – армян халқының көне әрі символдық мәні терең мерекелерінің бірі. Бұл күн табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің қайта түлеуін білдіреді. Дәстүр бойынша мерекенің негізгі рәсімі – алау жағу және оның үстінен қол ұстасып секіру.

Игі дәстүр концерттік бағдарламамен жалғасты. Құттықтау сөз «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев пен ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах»  шешенингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратовқа берілді. Олар өз сөздерінде этномәдени бірлестіктердің жұмысына жоғары баға беріп, «Терендез» секілді дәстүрлі шаралар қоғамдық келісімді нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар сөз облыстық «Масис» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханянға беріліп, ол армян халқының салт-дәстүрін сақтау жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Орталық ғимаратында мерекеге арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Баннерлер, фотосуреттер, армян этносының тұрмыстық бұйымдары мен ұлттық тағамдары қойылып, қонақтарға армян халқының мәдениеті мен тұрмысынан сыр шертті. Ұлттық ас мәзіріндегі хаш тағамы, дәстүрлі бас киім – арахчи, ұлттық күрес түрі кох туралы викториналық сұрақтар да кештің мазмұнын байыта түсті. Кеш барысында армянның дәстүрлі «Джан Марал» биі орындалып, көктем мен жаңарудың символына айналған көркем қойылым көрермендердің ыстық ықыласына  бөленді.

– «Терендез» – армян халқының ең сүйікті мерекелерінің бірі. Біз оны жыл сайын 13 ақпанда атап өтеміз. Мереке күні аулада немесе тойланып жатқан жерде міндетті түрде алау жағылады. Дәстүр бойынша алдымен отты жеті рет айналып шығу керек. Содан кейін жас жұбайлар немесе қалаған кез келген адам қол ұстасып, оттан секіреді. Сенім бойынша бала сүйе алмай жүрген әйел оттан секірсе, Жаратқан оған сәби сыйлайды деген ырым бар. Сондай-ақ халық арасында адамның бойындағы бар ауыртпалық, ауру-сырқау, жамандықтың барлығы отта қалып қояды деген сенім бар. Яғни от бәрін тазартып, өзімен алып кетеді деседі. Бұл – өте көңілді мереке. Би билейміз, бір-бірімізге сыйлықтар ұсынамыз, ұлттық тағамдардан дәм татамыз. Сонымен қатар «Терендез» көктемнің жақындағанын білдіреді. Тағы бір-екі аптадан кейін күн жылып, көктем есік қағады деген ишара бар.

DSC03782

Біз бұл мерекені он жылдан бері атап өтіп келеміз. Баршасы белсенді қатысады. Армян халқында мерекелер көп, бірақ «Терендездің» орны бөлек, – дейді қатысушылардың бірі, көпбалалы ана Ани Амирханян.

Жанерке Мереке,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале