Оның атап өтуінше, министрлік заңнама талаптарын бұзатын контентті анықтау және жою мәселелері бойынша онлайн-платформалармен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасайды. Осы жұмыс аясында кәмелетке толмағандарға қолжетімді контентке, оның ішінде бейәдеп сөздер, қорлау, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту, арандатушылық және өзге де деструктивті мінез-құлық қамтылған тікелей эфирлерге ерекше назар аударылады.
— 2026 жылғы 1 қаңтардан 22 қыркүйекке дейінгі кезеңде министрлік тарапынан интернет кеңістігіндегі деструктивті материалдардың, оның ішінде тікелей эфир барысында балағат сөздер мен балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастырудың 592 бұзушылық фактісі анықталды, — деді Қанат Ысқақов.
Бірінші вице-министр жауабына қоса берілген анықтамаға сәйкес, анықталған фактілердің 71-і тікелей эфирлердегі бейәдеп сөздер мен треш-контентке қатысты болса, 521 жағдайда баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпарат орналастырылған. Оларды жою үшін интернет-ресурстар мен онлайн-платформалар дыңәкімшіліктеріне 159 хабарлама және ұйғарым хаттары жолданған.
— Министрлік TikTok, Instagram, YouTube және басқа да онлайн платформалармен құқыққа қайшы контентті жедел анықтау, оның таралуын шектеу және жою тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ тиісті фактілер бойынша азаматтардың өтініштерін қарау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Осыған байланысты тікелей эфирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, нақты уақыт режимінде таралатын контентке жедел ден қою мәселелері бойынша онлайн-платформалармен өзара іс-қимылды жалғастыру орынды, — деді ол.
