Батыс Қазақстан облысында қазақ тілін меңгеруге ниетті азаматтар қатары артып келеді. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, ересектер арасында оның қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір дәлелі – «TORUS.KZ» ЖШС ұйымдастырған қазақ тілін үйрету курстары. Курстың мақсаты мен оқыту ұзақтығы жөнінде ақпарат алу үшін «TORUS.KZ» ЖШС үйлестірушісі Назгүл Урахаевамен тілдестік:
-Аталған курстар «БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылуда. 2025 жылдың 28 сәуірінен басталған жоба бойынша қазіргі таңда 710 тыңдаушы бес деңгейлік (А1 – қарапайым, А2 – базалық, В1 – орта, В2 – ортадан жоғары, С1 – жоғары деңгей) бағдарлама бойынша білім алуда. Ұзақтығы әр деңгейге қарай екі айдан төрт айға дейін жалғасады. Курстың басты мақсаты – тыңдаушылардың күнделікті өмірлік, кәсіби және әлеуметтік-коммуникативтік қатынастағы қазақ тілінде еркін сөйлеуіне жол ашу.
Бұл бағытта тіл үйренушілердің тілді игеру деңгейін анықтау үшін арнайы диагностикалық тестілеу жүргізіліп, бірқатар топ жасақталған.

Курстарға облысымыздағы түрлі сала қызметкерлері мен қарапайым азаматтар қатысуда. Оның ішінде БҚО әділет департаменті, БҚО төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ІІМ БҚО полиция департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5515-әскери бөлімі, қан орталығы, «Жайықмұнай» ЖШС, «Батыс Қазақстан аумақтық электр желілік компаниясы» ЖШС, «Қазақстан инновациялық телекоммуникациялық жүйелер университеті», облыстық перинаталдық орталық, сондай-ақ бірқатар мектеп-гимназия, медицина ұйымдары, жеке кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері оқытылуда, – дейді ол.
Оқыту жұмыстарына тәжірибелі, білікті мамандар тартылған. Сабақ барысында тыңдаушылардың сөйлеу, тыңдау, жазу және оқу дағдылары жан-жақты дамытылып, тілдік орта қалыптастыру әдістері кеңінен қолданылуда. Одан бөлек, мамандықтарына сай құжат айналымына қатысты қосымша тапсырмалар, кәсіби терминдер мен тіркестер ұсынылуда. Оқу үдерісіне заманауи әдістемелер мен интерактивті технологиялар белсенді түрде енгізілген. Осы орайда қазақ тілі курсын үш жыл қатарынан жүргізіп келе жатқан Лаура Қуаншалиева тіл үйрету үдерісінің маңыздылығына тоқталды.
– ҚР ҰҚК шекара қызметінің БҚО бойынша департаментінде өзге ұлт өкілдеріне арналған «Базалық деңгей» (А2) курсы өткізіліп келеді. Қазір топта 15 тыңдаушы білім алуда. Барлығы – өзге этнос өкілдері. Дегенмен олардың көпшілігі қазақ тілін үйренуге аса ынталы. Курста тіл үйретуге ғана емес, сонымен қатар пікір айту, ауызша және жазбаша сауатты сөйлеу, еркін тілдесу сияқты коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріледі. Тыңдаушылардың дұрыс әрі көркем сөйлей білуіне, ойын логикалық тұрғыда жүйелі жеткізуіне ерекше мән береміз. Сабақтарда тілдік материалдар іріктеліп, теория мен сөйлеу практикасы түрлі жаттығу арқылы үйлестіріледі. Сонымен қатар күнделікті өмірден алынған нақты жағдаяттар негізінде шығармашылық тапсырмалар орындату арқылы тілді қолдану аясын кеңейтеміз. Нәтижесінде тыңдаушылар сөздік қорын байытып, ойын ауызша да, жазбаша да еркін жеткізе алуға үйреніп келеді, – дейді маман.
Оқытушылардың бірі – Данегүл Аймурзиева. Ол да қазақ тілінен бірнеше жыл қатарынан сабақ өткізіп жүрген маман. Биылғы тыңдаушылары – «Желаев Нан» дүкендер желісінің сатушылары. Қазіргі таңда 15 қызметкер А1 деңгейін меңгеруде.
– Ересек адамдарға тіл үйретудің өзіндік ерекшелігі бар. Сабақта үйренген тіркестерін жұмыс барысында қолданып көруге тырысатындары қуантады. Сәтті шыққан диалогтарын қуана айтып келетін сәттер маған ерекше шабыт береді. Тіл үйрену үздіксіз еңбекті талап етеді, кейде жұмысқа байланысты сабақтан қалатын кездер де болады. Мұндайда «қайталау – оқу анасы» деген ұстаныммен білімді бекітіп отырамыз. Жалпы, нәтиже жаман емес, – дейді оқытушы.
Курстардың қаншалықты жүйелі әрі әсерлі өткенін тыңдаушылардың оң пікірі дәлелдейді.
– Қазақ тілі курсынан өзім үшін көп пайдалы дүниені үйрендім. Сабақтар өте мазмұнды өтті. Мұғалім материалды қарапайым, түсінікті тілмен түсіндіріп, әр тақырыпты өмірмен байланыстырып жеткізді.
Бұл менің тілді тез қабылдап, жаттап қана қоймай, түсініп меңгеруіме үлкен әсер етті. Сабақ барысында жеке де, топпен де жұмыс істедік. Бір-бірімізбен ой бөлісіп, пікір алмасу арқылы материалды тереңірек түсіндік. Әсіресе практикалық тапсырмалар қызықты болды, олар теорияны нақты өмірде қолдануға көмектесті. Мұғалімнің қолдауы мен құлшынысы да маңызды рөл атқарды.
Өзімді еркін сезініп, сұрақ қоюдан ұялмадым. Жалпы, бұл курс менің қазақ тіліне деген қызығушылығымды арттырып, сенімділігімді нығайтты. Енді күнделікті өмірде де қазақ тілін жиі қолдануға тырысып жүрмін, – деді курсқа қатысушы БҚО төтенше жағдайлар департаментінің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бас инспекторы Талшын Қиясова.
Осылайша, қазақ тілін үйрету курстары өңірде жүйелі түрде жүзеге асып, әр сала қызметкерлерінің тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып келеді.
Ағылшын тілі – болашақ кілті
Қазақ тілі курстарымен қатар облысымызда ағылшын тіліне деген сұраныс та артып келеді. Бұл – заман талабына сай қалыптасқан үрдіс. Себебі бүгінде ағылшын тілі – жаһандық коммуникация, ғылым мен технология, халықаралық бизнес пен білім алудың негізгі құралы.
Осыған орай Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «TORUS.KZ» ЖШС арасындағы келісімшарт негізінде 2025 жылдың 2 маусымынан бастап ағылшын тілі курстары басталған. Курстарға 700 тыңдаушы тіркеліп, үш деңгей бойынша (А1, А2, В1) білім алуда.
– Сабақтар тіл үйренушілерге барынша қолайлы әрі тиімді әдіспен ұйымдастырылған. Курс барысында қатысушылардың сөздік қоры кеңейіп, сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу дағдылары жүйелі түрде дамытылуда. Оқыту үдерісінде заманауи интерактивті әдістер мен материалдар қолданылады, бұл тіл меңгеру процесін жеңіл әрі қызықты етеді. Курсқа қатысушылар – түрлі сала мамандары мен қарапайым тұрғындар. Олар ағылшын тілін кәсіби даму, халықаралық қарым-қатынас және жеке жетілу үшін меңгеруге ниетті. Ағылшын тілі курсы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, білім көкжиегін кеңейтуге сеп болуда, – дейді «TORUS.KZ» ЖШС аға оқытушысы, шетел тілдері магистрі Ардақ Сағынғалиева.
Курс жұмысына тәжірибелі мамандар тартылған. Солардың бірі – ағылшын тілі оқытушысы Гүлнара Қайырғалиева. Ол маусым айынан бастап курс қатысушыларына ағылшын тілін оқытып келеді.
– Қазіргі таңда екі Beginner (A1) және бір Elementary (A2.4) тобына сабақ беремін. Барлық тыңдаушы сабаққа белсенді қатысып жүр. Сабақ барысында wordwall, quiz секілді онлайн платформаларды, түрлі әдіс-тәсілді қолдана отырып, тіл үйренуді барынша қызықты етуге тырысамын. Қатысушылар ағылшын тілінде сұрақ қойып, жауап беруге, еркін сөйлеуге машықтанып келеді. Мен әр тыңдаушының өз алдына қойған мақсатына жететініне сенімдімін. Осындай пайдалы курстарды ұйымдастырып отырған басқарма мен «Torus» ұжымына алғысым зор. Бұл – өте тиімді әрі қажет жоба, – дейді оқытушы.
Осындай мазмұнды тіл курстары тек тіл үйретудің құралы ғана емес, сонымен бірге адамның өзін-өзі дамытуына, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына себепкер болып отыр. Тіл меңгеру арқылы тыңдаушылар жаңа ортаға сенімді еніп, кәсіби және жеке өмірде алға жылжи алады.
Қатысушылардың пікіріне сүйенсек, курс тіл үйретіп қана қоймай, олардың өміріне оң өзгерістер де алып келуде.
– Мен ағылшын тілі курсына жазылғаныма еш өкінбеймін. Курстың алғашқы күнінен бастап-ақ өзімді еркін сезіндім. Мұғалім сабақты өте қызықты өткізеді, әрбір оқушыға
жеке көңіл бөледі. Ағылшын тіліндегі сөйлеу, тыңдау, оқу, жазу дағдыларым айтарлықтай жақсарды. Сабақ барысында түрлі ойындар, сұхбаттар мен жаттығулар арқылы білім алу жеңіл әрі қызықты өтеді.
Әр апта сайын жаңа тақырыптармен танысып, күнделікті өмірде қолдануға болатын сөз тіркестерін үйреніп жатырмыз. Бұл курс маған тек тіл үйретіп қоймай, өз-өзіме сенімділік пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Барша ниеттенген адамға осы курсқа қатысуға кеңес беремін, – дейді №37 «Жұлдыз-ай» бөбекжайының педагог-модераторы Нұргүл Байтуғанова.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілді игеру әр азаматтың парызы болса, ағылшын тілі – бүгінгі заман талабы. Қым-қуыт тірліктен уақыт тауып, жаңаны үйренуге талпынып жүрген жандар өз болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдеп отыр. Сабаққа қатысып жүргендердің белсенділігі, оқыту барысындағы жетістіктері бұл істің нақты нәтиже беріп жатқанын айғақтайды. Ең бастысы, ниет пен тұрақтылық болса, бұл жобалар әр адамға өмірін өзгертетін мүмкіндік сыйлай алады.
Жанерке Ғинаят,
Орал қаласы